Сенбі, 10 Қазан 2026
390 0 пікір 9 Қазан, 2026 сағат 14:44

Болашаққа бағдар: экономика, технология, адами капитал

(Сурет:https://cerr.uz)

Соңғы жеті жылда Қазақстанда еңбек нарығы, ғылым, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым қатар дамыды. Бұл үдерістерді тұтас қарастырғанда ортақ бағыт айқын көрінеді: ендігі міндет мүмкіндіктер ауқымын кеңейтумен ғана шектелмей, олардың сапасын арттыруға негізделеді. Экономика үшін бұл тұрақты әрі өнімді жұмыс орындары, ғылым үшін жаңа технологиялар мен практикалық әзірлемелер, ал әлеуметтік сала үшін білімге, денсаулыққа және адам дамуына салынатын инвестициялар.

Негізгі көрсеткіштердің бірі - жұмыспен қамту. 2019-2025 жылдары елімізде 3,6 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 2,4 миллионы тұрақты жұмыс орындары. Тек 2025 жылдың өзінде 564,2 мың жаңа жұмыс орны ашылып, олардың 64%-ы тұрақты сипатқа ие болды. 2026 жылдың екінші тоқсанында экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамға жетіп, бір жылда 79,2 мың адамға артты.

Бұл ретте келесі кезеңде басты назар тек жұмыс орындарының санына емес, олардың сапасына аударылады. Еңбекақы деңгейі, еңбек өнімділігі, кәсіби өсу мүмкіндігі, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы тұрақты жұмыспен қамтуды кеңейту маңызды. Мұндай салалар қосылған құн қалыптастырып, жаңа өндірістік тізбектердің дамуына мүмкіндік береді.

Технологиялық даму ғылыммен тікелей байланысты. Жеті жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 72,2 млрд теңгеден 261,5 млрд теңгеге дейін өсіп, 3,6 есе артты. Ал 2020-2025 жылдары бұл көрсеткіш 89 млрд теңгеден 261,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Ендігі басты мәселе - салынған қаражаттың нақты нәтижеге айналуы. Ғылымды дамытудың келесі кезеңі қаржыландыру көлемін арттырумен ғана емес, зерттеулерді нақты технологияларға, әзірлемелерге және экономикаға қажетті шешімдерге айналдырумен байланысты. Ғылым мен өндірістің байланысын күшейтіп, жас мамандарды нақты зерттеу жобаларына тарту маңызды. Ғылыми зерттеулер еңбек өнімділігін арттырудың, жаңа өндірістер құрудың және импорттық технологияларға тәуелділікті төмендетудің негізі ретінде қарастырылады.

Ұзақ мерзімді дамудың тағы бір маңызды негізі - білім беру. Соңғы жеті жылда мемлекет 655 680 білім грантын бөліп, оған жалпы 1,5 трлн теңге бағыттады. Осы кезеңде студенттердің базалық стипендиясы шамамен 2,5 есе өсіп, 2019 жылғы 20 949 теңгеден 52 мың теңгеден астам мөлшерге жетті. Магистранттардың стипендиясы 117 мың теңгеден асады, ал докторанттарға 262,5 мың теңге төленеді.

Жоғары білім инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Жеті жылда 66 104 орынға арналған 267 студенттік жатақхана ашылды. Соның нәтижесінде жатақхана орындарының тапшылығы 82 мыңнан 5,2 мыңға дейін қысқарды. Сонымен бірге Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді.

Адами капиталға инвестиция мектептен басталады. 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1301 мектеп салынды. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе, ал жалпы оқушы орнының тапшылығы 4 есе азайды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оларда STEM-зертханалар, робототехника және информатика кабинеттері, заманауи пәндік кабинеттер, шығармашылық және спорттық кеңістіктер қарастырылған.

Адами капитал тек біліммен шектелмейді. Оның маңызды құрамдас бөлігі - халық денсаулығы. Соңғы жеті жылда елімізде 1 259 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынды. 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болып, шамамен 1 млн ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстанның даму бағыты жекелеген салалардың өсуімен ғана емес, олардың өзара байланысымен айқындалады. Жаңа жұмыс орындары білікті кадрларды қажет етеді, заманауи өндірістерге жаңа технологиялар керек, технологиялық даму мықты ғылымға сүйенеді, ал мұның барлығы қолжетімді білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінсіз мүмкін емес.

Келесі кезеңде нәтиже салынған қаражаттың немесе салынған нысандардың көлемімен ғана өлшенбейді. Негізгі көрсеткіш жаңа жұмыс орындарының қаншалықты өнімді болатынына, ғылыми зерттеулердің экономикаға қаншалықты қажет екеніне, білім беру жүйесінің еңбек нарығының сұранысына қаншалықты сәйкес келетініне және әлеуметтік инфрақұрылымның азаматтар үшін нақты қолжетімді болуына байланысты болады.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 924
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1238