Бұқара мен Самарқан тәжіктердікі ме?
Орталық Азияның тарихына үңілсек, әр қаланың тағдыры мен мәдени болмысы талай халықтың ізін сақтап қалғанын көреміз. Соның ішінде Бұқара, Самарқанд қалалары ерекше орын алады. Бұл қалалар бүгінде Өзбекстан аумағында орналасқанымен, оларды «тәжіктердің ежелгі қалалары» деп атайтын пікірлер жиі айтылады. Сонда бұл қалалар шын мәнінде тәжіктердікі ме, әлде олардың тарихы ортақ мұра ма? Кел ағайын, осы сұрақ төңірегінде тарихты талдап, ой өрбітейік.
Бұқара мен Самарқанд – әлемге әйгілі көне қалалар. Екеуі де мыңдаған жылдық тарихқа ие. Археологиялық деректер бойынша, Самарқандтың негізі біздің дәуірімізге дейінгі VII–VI ғасырларда қаланған, ал Бухараның іргетасы одан сәл кейінірек қаланған деп есептеледі. Ежелгі соғдылар мен бактриялықтар осы өңірде тұрып, ірі сауда және мәдени орталықтар құрған. Бұл халықтардың тілі мен мәдениеті кейінгі парсы және тәжік өркениетіне үлкен ықпал етті.
Тәжіктердің тарихи ықпалы
Тәжіктер – парсы тілді, иран тектес халық. Олардың тарихи жерлері – қазіргі Тәжікстан, Ауғанстанның солтүстігі және Өзбекстанның оңтүстік-батысы. Бұқара мен Самарқанд – орта ғасырларда тәжіктердің мәдени және діни орталықтары болғаны анық. IX–X ғасырларда бұл өңірде Саманидтер мемлекеті өмір сүріп, оның астанасы Бухара қаласы болған. Саманидтер дәуірі тәжіктердің ұлттық тарихында «алтын ғасыр» ретінде саналады.
Дәл осы кезеңде Бұқара мен Самарқандта парсы тіліндегі әдебиет, ғылым және мәдениет ерекше дамыды. Ұлы ғалымдар – Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Абдуллаһ Рудаки, әл-Бируни, әл-Хорезми, Фирдоуси сияқты тұлғалар осы мәдени ортадан шыққан. Тәжіктер бұл дәуірді өздерінің ұлттық өркениетінің бастауы деп санайды.
XI ғасырдан бастап Орталық Азияға түркі тілді халықтар жаппай қоныстана бастады. Қарахан әулеті, кейіннен Шағатай ұлысы, Әмір Темірдің мемлекеті – бәрі де осы өңірдегі саяси жағдайды өзгертті. Самарқанд пен Бұқара Әмір Темір империясының орталықтарына айналды, ал тіл мен мәдениет тұрғысынан түркі және парсы элементтері араласып, жаңа өркениеттік синтез қалыптасты.
Сол кезден бастап осы қалаларда түркі халықтары (қазіргі қазақтардың ата-бабалары, түркімендер, қарақалпақтар) мен парсы тілді тәжіктер бірге өмір сүріп келді. Сондықтан, бүгінгі күндері Бұқара мен Самарқандтың мәдени келбеті – екі өркениеттің тоғысқан жемісі.
Кеңес дәуірі және ұлттық шекаралар
XX ғасырдың басында Кеңес Одағы Орта Азияда ұлттық межелеу саясатын жүргізді. 1924–1929 жылдары Орта Азия республикаларының шекаралары жасалды. Сол кезде Бұқара, Самарқанд аймақтары Өзбекстан құрамына енгізілді, ал Тәжікстан бастапқыда Өзбек КСР-інің құрамында автономиялық республика болып құрылды.
Тәжік зиялыларының көпшілігі осы шешімге қарсы шыққан. Олар Самарқанд пен Бұқара – тәжік мәдениетінің жүрегі деп санаған және бұл қалалар Тәжікстан құрамында болуы тиіс деген пікір білдірген. Алайда Мәскеудің шешімі бойынша осы қалалар Өзбекстан құрамында қалды. Содан бері осы жағдай, Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-саяси сезімтал тақырыптардың бірі ретінде өзекті тақырыпқа айналып келеді.
Осы күнде Бұқара мен Самарқанд – Өзбекстан Республикасының ең ірі тарихи қалалары. Оларда тәжік тілді халық басымдыққа ие. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Бұқара облысы халқының шамамен үштен екісі, Самарқанд облысының 60 пайызға жуығы тәжік тілділер. Алайда Өзбекстан оларды «өзбек тәжіктері» немесе «өзбек тілді тәжіктер» деп есептеп, ресми санақтарда бұл топты кемітіп көрсетеді деген пікірлер де бар.
Бухара мен Самарқанд тек тәжіктердің емес, бүкіл Орталық Азия халықтарының ортақ байлығы. Өйткені бұл қалаларда парсы, араб, үнді, қазақ, қытай мәдениеттері өзара тоғысып, ерекше өркениеттік кеңістік пайда болған. Мысалы, Әмір Темір мен Ұлықбек салдырған Самарқандтағы Регистан ансамблі – тек өзбектердің емес, күллі мұсылман әлемінің архитектуралық мұғжизасы. Ал Бұқараның Көкілташ медресесі мен Калян мешіті исламдық ілімнің орталығы болған.
Сондықтан, Бұқара мен Самарқанд тәжіктердікі ме деген сұрағымызға – ұлттық тұрғыдан емес, тарихи және мәдени тұрғыдан қарастырған жөн сияқты. Бұл қалалар парсы тілді өркениеттің орталығы болғанымен, кейіннен түркі мәдениетімен біте қайнасып, ортақ мұраға айналды.
Дегенімен, бүгінгі күндері Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жақсарып келеді. Екі ел де өзара мәдени алмасуды, тарихи мұраларды бірге зерттеуді қолға алып отыр. Бұл – дұрыс бағыт. Себебі, өткенді бөлісуден гөрі, оны бірге ұлықтау маңыздырақ.
Егер Самарқанд пен Бұқараны тек тәжіктердің немесе тек өзбектердің қаласы деп бөлсек, онда біз Орталық Азияның тұтастығына сызат түсіреміз. Керісінше, бұл қалаларды бүкіл аймақтың ортақ тарихы ретінде танысақ, онда халықтар арасындағы түсіністік пен достық нығаяды.
Бұқара және Самарқанд – тек бір халықтың емес, күллі Орталық Азия өркениетінің алтын діңгегі. Иә, бұл қалаларда парсы тілді тәжіктердің мәдени ықпалы ерекше дамыған, бірақ тарих барысында түркілердің де рөлі зор. Екеуінің мәдениеті араласып, бүгінгі өзбек, тәжік халықтарының ортақ мұрасын қалыптастырды.
Сондықтан бұл қалаларды «тәжіктердікі» деп біржақты айту да, «тәжіктерге қатысы жоқ» деу де тарихи әділетсіздік болар еді. Олар – түркі мен парсының тоғысқан рухани орталығы, ислам өркениетінің жарық жұлдыздары. Оларды бөліспей, ортақ қастерлеу – келешек ұрпақ алдындағы парыз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz