Дүйсенбі, 8 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 123 0 пікір 6 Қазан, 2025 сағат 23:11

Еңбек адамы 2025 – Гүлнұр Ельдосқызы

Гүлұр Ельдосқызы1984 жылы Жетісу облысы, Панфилов ауданының Алмалы ауылында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ әскерилердің формасына ерекше қызығушылық танытып, тәртіп пен әділдікті жоғары қоя білетін. Мектепте жүргенінде-ақ болашақ мамандығын іштей айқындап, елге қызмет етуді үлкен арман қылып өседі. Сол арманына адал болып, заңгер мамандығын меңгерген соң, өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырды.

 

2007 жылдан бері Алматы қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында 102 оператор болып 18 жыл бойы үздіксіз еңбек етуде. Осы уақыт ішінде ол шамамен 50 000 қоңырауды қабылдап, 1 200 шұғыл жағдайға жедел араласты. Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ел тыныштығы үшін ең жауапты, әрі ең маңызды міндеттердің бірі. Себебі, тұрғындардың алғашқы жанайқайы, ең өзекті шағымы немесе шұғыл жағдайдағы көмек сұрауы – бәрі ең алдымен оператордың құлағына жетеді. Бір сәттік шешім, жедел әрекет адам тағдырын, кейде тұтас бір отбасының амандығын айқындап жатады.

«Оқушы кезімнен форма киген адамдарға ерекше құрметпен қарайтынмын. Сол үшін вакансия ашылғанын естігенде бірден келіп, осы орталыққа қызметке орналастым» дейді ол. Арман мен мақсат жолында жасалған осы қадам оның өмірлік бағытына айналды.

Әрбір кезекшілік – жаңа сынақ, әрбір қоңырау – үлкен жауапкершілік. Кейде жай ғана тұрмыстық мәселеден хабарласады, кейде қылмыс пен төтенше оқиғалар туралы дабыл түседі. Мұндай сәтте оператордың кәсібилігі, төзімі мен сабырлығы сынға түседі.

Гүлнұр Ельдосқызының жадында мәңгі сақталған ерекше кезең – 2022 жылғы қаңтар оқиғасы. 5 қаңтар күні кезекшілікке түскен ол еліміздің тарихында ауыр із қалдырған дүрбелеңнің тікелей куәсі болды. Көшедегі бейнебақылау камералары арқылы бүкіл қаладағы ахуалды көзбен көріп отырған орталықтағы әрбір сәт жүрекке салмақ салды. «Бұл менің еңбек жолымдағы ең ауыр кездердің бірі болды. Себебі біз экран арқылы барлығын көріп отырдық. Қиындықты сырттай бақылау да оңай емес. Бірақ біз өз міндетімізден айныған жоқпыз» дейді ол.

Осындай сәттерде полиция қызметкерінің жүрегінде тек халық алдындағы жауапкершілік, елдің амандығы үшін алаңдаушылық қана болады. Бұл – нағыз қызметке адалдықтың белгісі.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан полиция қызметкерлеріне үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Жаңа бағдарламалар, әлеуметтік қамқорлық, заманауи техникалық жабдықталу – мұның бәрі олардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қоғам алдындағы міндетін абыроймен атқаруға жағдай жасауда.

Гүлнұр ханым жастарға қарап:

«Егер жүрегіңде арман болса, одан қорықпай қадам бас. Бұл сала – тек батылдық пен адалдықты талап етеді. Тәртіп сақшысы болу – үлкен мәртебе. Өйткені қоғам тыныштығы – біздің ең басты парызымыз», – деп сеніммен айтады.

18 жыл бойы бір орыннан табан аудармай еңбек ету – нағыз табандылықтың, еңбекқорлықтың үлгісі. Ол – өзінің адалдығымен әріптестеріне үлгі, қайсарлығымен кейінгі буынға өнеге болып отыр.

Қоғам тыныштығын күзеткен жандардың еңбегі – елеусіз қалмауы тиіс. Өйткені әрбір бейбіт таң, әрбір тыныш кеш – осындай адал қызметкерлердің тынымсыз еңбегінің арқасы. Сол үшін де Гүлнұр Ельдосқызы сынды тәртіп сақшылары – елдің арқа сүйер асыл жандары.

 

Abai.kz

0 пікір