Сенбі, 11 Шілде 2026
Жаңалықтар 787 0 пікір 8 Шілде, 2026 сағат 15:07

Сайлау: ҚР Бас прокуратурасы ескерту жасады

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның Бас прокуратурасы жұртты 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға байланысты сайлау заңын қатаң сақтауға шақырды. Партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу 2–23 шілде аралығында өтеді, ал сайлауалды үгіт 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.

Бас прокуратура сайлауға кандидаттарды тіркеу аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгіт заңсыз екенін, ондай әрекет жасағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Кандидаттар мен партиялар атынан немесе оларды қолдап қайырымдылық акцияларын өткізуге, сайлаушыларға тауар, қызмет немесе ақша ұсынуға тыйым салынатынын айтқан прокуратура заң ережесін бұзу кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеудің күшін жоюға дейін әкелуі мүмкін екенін айтқан.

Заңдылықтың орындалуын қадағалайтын мемлекеттік орган БАҚ пен онлайн-платформаларды кандидаттар туралы жалған немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат жарияламауға шақырып, жалған ақпарат тарату үшін әкімшілік және жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Бұған қоса бас прокуратура қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және жариялау тәртібін де еске салды. Сайлауға бес күн қалған кезден бастап және дауыс дауыс беру күні ондай сауалнама қорытындыларын жариялауға тыйым салынады, ал жеке тұлғаларға сайлауға қатысты сауалнама жүргізуге болмайды.

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Abai.kz

0 пікір