Еңбек адамы 2025 – Дукенова Ержан Сакенұлы
Ержан Сакенұлы 1991 жылы 23 мамырда қазіргі Жетісу облысы, Сарқан қаласында білімді, ұстаздар отбасында дүниеге келді. Әкесі физика-математика пәнінің мұғалімі болса, анасы бастауыш сынып мұғалімі. Отбасының кішісі болып өскен Ержанға бала кезінен ата-анасы жан-жақты білім алуды, қоршаған ортаны қызыға зерттеуді үйреткен. 1996 жылы отбасы Жетісу облысы, Ескелді ауданының Қарабулак ауылына көшіп келді. Сол жерде мектеп білімін аяқтап, болашақ кәсіби жолына алғашқы қадамдарын басты.
Білімге деген ынтасы Ержанды әрі қарай дамуға жетеледі. Ол Сүлейман Демирел атындағы университетке түсіп, «Екі шетелдік тіл» мамандығы бойынша білім алды. Сонымен қатар, азаматтық авиация академиясын тәмамдап, «Әуе қозғалысын қызмет көрсету» саласы бойынша кәсіби дайындығын арттырды. Бұл дайындық оған авиация саласында сенімділікпен жұмыс істеуге, күрделі міндеттерді жауапкершілікпен орындауға мүмкіндік берді.
Ержан 2016 жылы авиация саласына аяқ басты. Ол кезде РГП «Қазаэронавигация» мамандар даярлау орталығына оқуға түсті. 2017 жылғы ақпан айында орталықты тәмамдаған соң, наурыз айында тасымалдау қызметіне орналасты. Сол жерде 2018 жылғы қыркүйекке дейін қызмет атқарды, кейін Алматы халықаралық әуежайына қатысты жүк және жолаушы тасымалдау қызметіне ауысып, осы күнге дейін еліміздің ең ірі тасымалдау операторларының бірінде кәсіби қызметін жалғастырып келеді. Осы уақытқа дейін Ержан жыл сайын орта есеппен 50 000–60 000 жолаушыны және 5 000–6 000 тонна жүкті қауіпсіз тасымалдады.
Ержанның кәсіби тәжірибесінде ерекше оқиғалар жеткілікті. 2020 жылғы пандемия кезеңі есте қалады, сол уақытта рейстер саны минималды деңгейге дейін қысқарғанымен, ол өз міндетін жауапкершілікпен орындады. Сол кезде авиация саласының қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін толық сезінді. Сол жылдары әлемге танымал Ан-225 ұшағын қызметке қабылдап, оның жолағы мен жүктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысу – Ержан үшін өміріндегі үлкен тәжірибе болды.
Ержан Сакенұлы болашақ мамандарға айтар кеңесінде ештеңеден қорықпауға шақырады. Жаңа нәрселерді сынап көру, жұмыс барысында кез келген тәжірибеден үйрену, өз салаңыздағы жаңалықтарды үнемі қадағалау – кәсіби жетістіктің басты кепілі. Сонымен қатар, тәжірибелі әріптестерден кеңес алып, өз біліміңді үнемі толықтыру маңызды. Үздік болуға талпыну – салауатты бәсекелестік пен кәсіби дамудың негізі.
Дукенов Ержан Сакенұлы – авиация саласының мақтанышы. Оның кәсібіне деген сүйіспеншілігі, адал еңбегі және жаңа тәжірибелерге ашықтығы – тек бүгінгі күні ғана емес, болашақта да Қазақстан авиациясының дамуына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Ержан сияқты мамандардың арқасында елдің тасымалдау саласы әрдайым сенімді, қауіпсіз және кәсіби деңгейде дамып келеді.
Abai.kz