Абай қолжазбасы: Назаров қандай кітап шығарып жүр?
Әлеуметтік желіде бір топ азаматтың Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров шығарған Абай туралы кітапты талқылауы дау тудырды.
Кітапты таныстырушы азамат: «Бұл кітапқа Абайдың өз қолжазбасы енді», деп жұртты «таңғалдырды».
Абайтанушы зерттеушілердің айтуынша, Абайдың шығармалары (өлеңдері, «Қара сөздері» т.б.) түпнұсқа емес. Негізінен кейінгі зиялылар көшірмелер арқылы сақтап келген. Мысалы, академиялық жинақтар көбінесе Мүрсейіт Бікеұлы 1906–1910 жж. жасаған көшірулеріне негізделген.
Сонымен қатар, араб графикасымен көшірулерді жасаған Сәдуақас Шорманов, Төлеу Түгелбайұлы, Шериаздан Марсаков және басқалар. Бұл яғни «Абай өзі қағазға жазған түпнұсқа қолжазба» көп жағдайда бізге жетпеген, ал бізге жеткені негізінен көшірмелер деген сөз.
Ардақ Назаров шығарған кітаптағы қолжазба сонда қандай қолжазба болды? Осыған байланысты біз абайтанушыларға хабарласып көрдік.
Асан Омаров желідегі жазбасында былай деді: «Бұл жерде Мүрсейттің үш қолжазбасы сөз болып тұр. Сол үшеуіне қайтадан үңіліп,кириллицаға түсіруді ұйымдастырған Ақжол деген ғалым жігіт. Бұл еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі нұсқасында қателіктер өріп жүр. Кеңес заманында жылы жауып қоя салғаны өтірік емес».
Біз сонымен бірге абайтанушы Жабал Шойынбетке және осы салаға қатысты зерттеу жасап жүрген Еркін Шүкімән мен Елдос Тоқтарбайға да хабарластық. Олар бір ауыздан «алдымен кітапты қолға түсіріп оқиық, сосын пікір айтамыз», - десті.
Abai.kz