Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3652 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 09:44

Аласұрған «ақсақ құлан»

Сталинді тамсандырған күйші Қамбар Медетов жайлы не білеміз?

Әлімсақтан әйгілі күйді ең алғаш тыңдаған Жошыхан әмірші екендігі, кейінгі ақиқат шежіре күйді әмірші атаулыдан ең соңғы болып тыңдаған - Жүсіп екендігі. Тыңдасын-ақ, тіпті қорғасындай ауыр алақандарын баяу соғып, күйшіге қошемет те көрсеткен тәрізді. Жошы тыңдағаннан кейін оның әмірімен күмбірлі домбыраның көмейіне қорғасын құйылса, Жүсіп, яғни Иосиф Сталин тыңдағаннан кейін күйді орындаған күйші қапасқа қамалып, домбырасымен мәңгілік қоштасқан.
Көп жұмбақтап қайтейік, күйдің аты – «Ақсақ құлан», ал күйшінің есімі – Қамбар Медетов. ХХ ғасырдағы ең шебер орындаушылардың бірі де бірегейі, ғасырдың құрдасы, алайда еркіндігі оның алғашқы 37 жылымен ғана шектелген Қамбар Медетов 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Қазақтың ұлттық оркестрін жетекшілік етіп алып барған. Сонда өзі «Ақсақ құланды» тыңдаушының құлақ құрышын қандыра орындап, Сталиннің назарын еріксіз аудартқан. Сол, сол-ақ екен,  көп ұзамай репрессия басталып, түп негізі кіші жүз ханы Әбілхайырдан тарайтын күйші абақтыға қамалып, ақыры содан қайтпады.

«Күләш туралысөз таратыпты-мыс»...

Сталинді тамсандырған күйші Қамбар Медетов жайлы не білеміз?

Әлімсақтан әйгілі күйді ең алғаш тыңдаған Жошыхан әмірші екендігі, кейінгі ақиқат шежіре күйді әмірші атаулыдан ең соңғы болып тыңдаған - Жүсіп екендігі. Тыңдасын-ақ, тіпті қорғасындай ауыр алақандарын баяу соғып, күйшіге қошемет те көрсеткен тәрізді. Жошы тыңдағаннан кейін оның әмірімен күмбірлі домбыраның көмейіне қорғасын құйылса, Жүсіп, яғни Иосиф Сталин тыңдағаннан кейін күйді орындаған күйші қапасқа қамалып, домбырасымен мәңгілік қоштасқан.
Көп жұмбақтап қайтейік, күйдің аты – «Ақсақ құлан», ал күйшінің есімі – Қамбар Медетов. ХХ ғасырдағы ең шебер орындаушылардың бірі де бірегейі, ғасырдың құрдасы, алайда еркіндігі оның алғашқы 37 жылымен ғана шектелген Қамбар Медетов 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Қазақтың ұлттық оркестрін жетекшілік етіп алып барған. Сонда өзі «Ақсақ құланды» тыңдаушының құлақ құрышын қандыра орындап, Сталиннің назарын еріксіз аудартқан. Сол, сол-ақ екен,  көп ұзамай репрессия басталып, түп негізі кіші жүз ханы Әбілхайырдан тарайтын күйші абақтыға қамалып, ақыры содан қайтпады.

«Күләш туралысөз таратыпты-мыс»...
Ақтөбе облысына жасаған іссапарымызда біз атақты күйші, репрессия құрбаны Қамбар Медетовтің келіні Айсұлу әжеймен  жолығып, әңгімелестік. Атақты күйшіге жапқан жала жайлы әжейдің аузынан естігенімізде не күлерімізді, не жыларымызды білмей дал болдық.
- Медет – Ерқожа атамның әкесі, сол Ерқожа атамнан туған  Қамбар қайынағам 1937 жылы нақақ жала жабылып, ұсталып кетті, - деп бастады әңгімесін тоқсанның төріне озған әжей. - Сондағы жапқан жалаларының сиқы – «Күләш Байсейітованы ұстап әкетіпті» деген қауесет сөз таратыпты-мыс. Шындығында ондай сөз бір кеште отырғанда дастарқан басында айтылып, соңында кеше ғана абыройлы қызмет атқарып жүрген Қамбар ағамызды бірден жұмыстан қуады. Соған қарамастан, ол кісі жұмысынан бір күн қалмай, таңертең барып, кешке қайтып жүрген. Басқа жерге  қашып кетуді тіпті ойына да алмаған. Оған бір жағы әкесінің сөзі де сеп болды. «Балам, елден қашсаң, істемеген кінәңді мойындағанмен тең боласың, орнында бар оңалар» -  деді атамыз. Бірақ өкінішке орай, бір-ақ сәтте ешнәрсеге  мойын бұрғызбастан ұстады да әкетті ғой.  
Ұстап кеткен бойда Тайга деген жерге жіберіпті. Айына бір-ақ рет ұшақ қатынайды, болмаса ол да жоқ. Ол кісіні ұстап кеткенде күз болатын. Сонда үстінде бар болғаны кәстөм-шалбар мен жұқа төплиі ғана бар. Қалың киімдерін артынан бәлен күні алып келіңдер деген, айтқан күні барып ек, жер сипап қалдық қой. Бір ай дегенде хат келді. «Тайга деген жердеміз. Жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы да, жайсаң да осында екен. Тоңып жүрмін. Маған қалың киімдерімді салыңдар. Оған рұқсат. Айына бір рет хат-хабар алып тұруға мұрсат берілген» деп келеді хат мазмұны. Айтқандарын салып тұрдық. Бір күні домбырамды салыңдар деді. Салдық оны да. Сөйтіп жүргенде көп ұзамай ол кісінің нақақтан кеткені туралы Мәскеуден хабар келді деп ауданнан атамды үйден шақырып алып кеткен. «Ұлыңыз көп ұзамай оралады. Міне оның  ақталғандығы туралы қағаз. Мен енді осыны Тайгаға жібергелі отырмын» деген сонда істейтін бір кісі.  Атамыз сол құжаттың көшірмесін алып үйге қуанып оралды. Содан біраз уақыт өтті. Еш хабар болмаған соң атамыз мән-жайды білгелі барса, әлгіндей хабарды айтқан кісіні соғысқа алып кетіпті. Содан біз ағамыздың өзін  ақтағандығы жайлы қағазды алған не алмағандығын білмейміз. Бәлкім,  ақталу қағазы қолына тиіп, соғысқа алып кеткен шығар деп жорыдық өзіміз. Ақиқатын әлі күнге білмейміз.
Қазақтың маңдайына біткен сондай сұңғыла, саңлақ тұлғаны туған жерінен айырып, Қиыр Шығыс, қазақша айтқанда «итжеккенге» айдап жібергеннен кейін күйшінің тағдыры отбасы, қала берді елі үшін жұмбақ күйде қалды. Өзінің ақталғандығы жөніндегі құжатты алып, майданға аттанып, сонда қаза тапты ма, болмаса құжат жеткенше-ақ бұл дүниемен қош айтысып үлгерді ме? Беймәлім. Бұлыңғыр. 
- Атамыз 1942 жылы соғыста жүріп қайтыс болыпты, - дейді күйшінің немересі Айжан Бердібаева. -  Бірақ оны отбасы біршама уақыт өткенге дейін білмей келген. Бертін келе, заман біраз тынышталғанда, яғни Сталин қайтыс болғаннан кейін қыздары әкесін іздеп түрлі құзырлы орындарға хат жаза бастайды. Сөйтіп ақыр аяғында 1957 жылы Қамбар Медетовтің қайтыс болғандығын біледі. Біздің үйде үш бірдей құжат бар, үшеуінде ол кісінің қайтыс болу себебі үш түрлі көрсетілген. Бір жерде өкпенің қабынуынан қайтыс болды десе, бірінде инфаркт деп көрсеткен. Соның өзі сол заманда адам құнының, жеке тағдырларға бей-жай қарай салған салғырттықты көрсетеді.

«Алты қаз» және күйші құдіреті
1901 жылдың 1 мамырында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылында дүниеге келген Қамбар Медетов қазақ өнерінде өзіндік орны бар майталман күйші болғанымен, бүгінгі ұрпаққа есімінің белгісіз қалуының себебі сол отызыншы жылдардың ызғары. Әйтпесе, заманында халық арасына атағы кеңнен тараған күйші жайлы ХХ ғасыр басындағы белгілі музыкалық этнограф Александр Затаевич, атақты композитор Евгений Брусиловский, аса көрнекті ғалымдарымыз ағайынды Құдайберген, Ахмет Жұбановтар кезінде кітаптарында жазып кеткен. Сол еңбектердің ішінде көзі жойылмай, аман сақталып қалғаны этнограф-ғалым Затаевичтің еңбегі. Өзінің 1925 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген  «Қазақ халқының 1000 әнінде» ғалым қазақтың  теңдесі жоқ күйшісінің өнеріне тәнті болғандығы жөнінде былай деген:  «Әкесі бойынша  Қамбар Медетов, шындығында Қаратаев, оралдық ақиық әнші Мұхит Қаратаевтың інілерінің бірі, Орынбор реалдық училищесінің бірнеше класын бітірген жас жігіт, ал 1923 жылы мен одан шығармалар жазып алған кезде Орынбордағы заң курсының тыңдаушысы болатын. Асқан әнші, керемет домбырашы, қазақтың халық әуені жөнінен сұңғыла болып шықты. Ол берген аса құнды мәліметтерді, оның ішінде теңдессіз үш күйді Ақтөбе тобымен қатар Орынбор және Түркістан тобына енгізіп отырмын».
Отызыншы жылдары Ленинградтан келіп, ұлттық опера жазуды алғаш қолға алған Брусиловский «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің ақырғы демі алдындағы көрінісіне сәйкес әуен, күй іздеп дал болады. Сонда Темірбек Жүргенов композиторды Қамбармен таныстарып, ол «Алты қаз» бен «Ақсақ құланды» орындағанда, Брусиловский музыкалық арнайы білімі жоқ халық арасындағы қарапайым күйшінің бойындағы дарынына таңғалып:  «Медетовтің домбыра тартуы басқа домбырашылардың бәрінен мүлдем өзгеше тәрізді. Ол әлдебір айрықша тәсілмен тартады. Ішектің нақышты үні бірден бірге қоюлана түсіп, ешбір сембей, күмбірлей шалқып естілетіндей. Оның қолындағы домбырадан әлдебір қайталанбас гуіл, әсем күмбір әуен есіле құйылғандай сиқыр баурайды» деген алғашқы әсері жадында жарты ғасыр сол күйі сақталып барып естелікке түскен. «Ақсақ құланды» тартқанда Қамбардың шеберлігіне сүйсінген Сталин тіпті өз құлағына өзі сенбепті.  Күмбірлеген күйдің жалғыз домбырадан шығуы мүмкін емес, сахна сыртында бірнеше аспап қосыла ойналып жатыр деген күдікті оймен  бақылаушы жібереді. Қайтып келген адамы ондай ештеңенің жоқтығын, күмбірлеген тек қоңыр домбыраның даусы ғана екендігін айтқанда, әмірші басын шайқапты деседі жұрт.
Күй – замана толғауы, сол заманды бастан кешірген халықтың ішкі толғанысы. Біздің заманға жетпей қалғаны қанша десеңізше... Сирек орындалатын «Алты қаз», «Ақсақ құланды» Қамбар Медетов А.Затаевичке ойнап жеткізбесе, күйлер тағдырының қалай болатыны белгісіз еді. Дегенмен, бір өкініштісі Қамбар Медетовтың өзінің орындауындағы күйлері сақталмапты. Ол жөнінде немересі Айжан былай дейді:
- Бала күнімде есімде атамыздың өз қолымен орындаған күйлері жазылған грампластинка ойналып тұратын үйде. «Қара жорға» мен «Ақсақ құлан» күйлері екен ғой солар. Абайсызда ол пластинка сынып қалды да, біз сондай құнды дүниеден айрылып қалдық. Кейіннен қанша жерлерден, жеке коллекционерлерден де іздеп таба алмаған соң, қатты өкіндік.

Ұлт аспаптар оркестрінің ұйтқысы
Егер біз Қамбар Медетов тек қана күйші болған десек, онда мықтап қателескеніміз. Сегіз қырлы, бір сырлы осынау дарын иесі кезінде заң саласында қызмет етіп, халықтың құқын қорғаған. Тіпті ол кісі 20-жылдары Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы, Жайсаң деген жерде ашылған балалар үйінің тұңғыш директоры да болыпты. Осылай облыстың түрлі аудандарында прокурор, сот қызметтерін де атқарып жүрген жерінен 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов бүкілқазақстандық өнерпаздар слетін ұйымдастырады. Соған республиканың түкпір-түкпірінен күйшілер мен әнші, жыршылардың қатарында әйгілі домбырашылар Махамбет Бөкейханов, Науша Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов және осы Қамбар Медетов сияқты өнер саңлақтары бас қосады. Сайдың тасындай іріктелген шебер күйшілерден сол жылы тұңғыш рет ұлт аспаптар оркестрі құрылады. Қамбар Медетов оркестрде домбыра тарта жүріп, өзінің оқығандығының, бұрын түрлі қызметтерді атқарғандығының арқасында 1935-36 ж филармонияның әкімшісі, кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Сондай сауатты, заң мен құқықтан хабары болған әрі ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттағын тұлғаны кеңестік тоталитарлық жүйе жай қалдырсын ба? «Халық арасында кеңестік жүйеге қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен, айдаған да жіберген.
1937 жылдың 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД үштігінің үкімімен РСФСР қылмыстық кодексінің 58-10,11 баптары бойынша  айыпталып, он жылға сотталған Медетовтің жазығы не? Немере ағасы Бақытжан Қаратаевтың өмірінің соңында кеңес саясатына, партияға қарсы шығуына орай өш алу ма? Өзімен аталас тағы бір дәулескер домбырашының аңдамай өз әулетінен шыққан күйшіні үкілеп, ұлылығы одан кем емес халық күйшісін қағыта сөйлеген ауызекі пікірін біреулер теріс насихатқа жорыды ма? Әлде «халық жауы» атанған халком Темірбек Жүргеновпен сыйластығы сор болды ма? Жау әшкерелеудің жоспарын орындау үшін органдағылар ойлап табар жала көп те, жаза біреу заман ғой.
Сол кеткеннен Қиыр Шығыста лагерде жүріп қаза тапқаны не Отан қорғаушылар қатарында майданда жүріп қаза тапқаны белгісіз қайран ердің артында аңырап қалған анасы Мәлике ақырғы деміне дейін баласын күтумен өткен. Жары Гүлихран екі қызын қатардан қалдырмай, жетелеп жүріп жеткізді. Үлкен қызы Рая әкесі ұсталғанда, 6 жаста, кішісі Бибізада 3 жаста еді. Бізге сұхбат берген ата мұрасының жанашыры, белгілі ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың қызы Айжан - күйшінің кіші қызы Бибізададан туған.
2001 жылы Қамбар Медетовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы тұлғаны ұрпақ есінде қалдыру турасында туған жері Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында ол кісінің атына көше және өнер мектебінің аты беріліпті. 
Облыстық және аудандық мұражайларда күйшінің кезінде тұтынған заттары, құжаттары мен суреттері сақталған. Одан бұрын, ең бастысы «Ақсақ құландай» желісті, шабысты, арпалысты трагедиялық туынды сан ғасыр сарынын жоймай келіп, өнер шежіресінде осы күйшіге телініп қалды. Сәйкестік пе, қатігез заманның өз тағдыры да кейде алас ұрған ақсақ құланға ұқсайтындай.


Мәриям ӘБСАТТАР.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517