Жастар пікірі: Әділетті Қазақстан – дәл бүгіннен басталуы тиіс!
«Әділетті Қазақстан» — бұл тек саяси ұран емес, мемлекетті жаңаша құру идеясын айқындайтын ұлттық бағдар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл концепция қоғамдағы тең мүмкіндікті, ашықтықты, әділдік пен жауапкершілікті басты құндылық ретінде белгілейді. Президенттің айтуынша, Қазақстан эволюциялық реформалар арқылы билік тармақтарының жұмысын жетілдіріп, өркениетті даму жолын жалғастыруы тиіс.
Саяси жаңғырудың негізгі бағыты – Парламенттің рөлін күшейту, заң шығару үдерісін ашық ету. Дегенмен Президент еліміздің «күшті президенттік басқару» моделін сақтап қалуы қажет екенін атап өтті. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл – мемлекеттілік пен қауіпсіздіктің кепілі.
Бұл өзгерістерді жастар да жіті бақылап отыр.
Алматылық студент Айгерім Қазтай: «Әділетті Қазақстан – бізге, жас ұрпаққа арналған мүмкіндік. Ең бастысы, реформалар сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асса. Біз ашықтық пен әділдікке сусап жүрміз», – дейді.
Алматылық Аружан Рымқұл: «Президенттің саяси жүйені жаңғыртуы – уақыт талабы. Жастар үшін қоғамдағы әлеуметтік лифттердің ашық болуы маңызды. Әділетті Қазақстанда еңбегі бар адам міндетті түрде бағалануы керек», – деп ойымен бөлісті.
Жалпы алғанда, жастар «Әділетті Қазақстанды» болашаққа бастайтын сенімді жоба деп қабылдайды. Енді негізгі міндет – реформаларды нақты нәтиже беретін деңгейде жүзеге асыру. Жаңа Қазақстан – дәл бүгіннен басталуы тиіс.
Abai.kz