Сәрсенбі, 3 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 111 0 пікір 3 Желтоқсан, 2025 сағат 14:17

Саиров Мәжілісте ауылға газет тарату мәселесін көтерді

Сурет: Qamshy.kz сайтынан алынды

Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров ауылға газет тарату бағасы мен “Қазпошта” қызметкерлерінің материалдық жағдайына қатысты мәселе көтерді.

Жақында ғана әріптестерімізбен бірге Батыс Қазақстанның шекаралық аудандарына барып келдік. Кеше мен шығыстан келдім. Қазір ауылда гу-гу әңгіме. “Қазпошта” ауылға газет тарату бағасын 140 пайызға көтеріп жіберген. Егер осыған дейін бір газетті әкелу 17 теңге болса, қазір 42 теңгеден, - деді Саиров.

Депутат шекаралық ауданда тұратын 3,5 млн халықтың келесі жылы “Егемен Қазақстан”, “Жас Алаш”, “Айқын” сияқты газеттерді оқуға материалдық шамасы жетпей қалатынына алаңдаулы.

Бұл жерде “Қазпоштаның” өзіне көмектесу керек. Өйткені бүгінгі таңда осы алыс ауылдарға ақпарат пен төлемдерді апарып отырған тек қана “Қазпошта”. Осы “Қазпоштаға” газеттерді апаруға көмектесу үшін сіздер қандай шара жасап жатсыздар? Сол “Қазпоштаның” ауылдағы еңбеккерлерінің материалдық жағдайын түзеу үшін нақты қандай шаралар жасап жатсыздар? – деп сұрақ жолдады Мәжіліс депутаты.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев газетті тарату бағасының көтерілуі инфляцияға байланысты екенін айтты.

Шынымен де, газетті тарату бағасы осы жылы көтерілді. Бұл тариф 2017 жылы бекітілген. Сол кезден бері 17 теңге бүгінге дейін көтерілмеген. Инфляцияны ескеріп осы бағаны 36 теңгеге көтердік. Бұл инфляцияға байланысты, - деді ол.

Ерлан Саировтың сұрағына жауап беру барысында мәселенің өзектілігін Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов та атап өтті.

Қазір бұл мәселені “Қазпоштамен” бірге талқылап жатырмыз. Тарифтер бойынша келіссөз жүргізудеміз. Жақын уақытта шешім табылады деген ойдамын, - деді ол.

Abai.kz

 

0 пікір