Жұма, 19 Маусым 2026
Саңлақ 1037 0 пікір 17 Маусым, 2026 сағат 13:38

Ой түюіміз керек!

Сурет: prosports.kz сайтынан алынды.

Португалия мен Чили матчынан кейін...

1. Стадион, матчты халықтың бүкіл қабаттарының көруіне арнап жасаған екен. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың арбамен жүруіне бүкіл жағдай және олардың ешкімге кедергі келтірмейтіндей жолдары мен отыратын орындарын жасаған. Таңқаларлықтай. Мүлде жағдайы жоқ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған дей ме, олардың тұратын жерлері бар. Тағы да олар аз емес, кемі 10-15 мың адам тұратын шығар, одан көп болмаса. Себебі оларда отыратын жер жоқ, санын айта алмайсың. Тұрып тұрады. Қысқасы халықтың бүкіл қабаттарын шахматтың тахтасындай әдемілеп орналастырып тастаған. Осы жағы маған қатты әсер қалдырды. Ұлттық құрама матчтары коммерциялық бағытта болмауы керек. Ел болған соң байы, кедейі, мүмкіндігі шектеулісі, басқасы бар, барлығы азамат болғандықтан олардың өз елінің командасына жанкүйер болып матч көрулеріне мүмкіндікті жасауы керек қой. Міне ел, міне мемлекет деген осындай болуы керек. Үйренуіміз керек. Әр азамат стадионда өзін адам секілді сезінуі керек. Бүкіл қоғам қабаттары: м.шектеулі, шектеусіз, бай кедей, бастық, жұмысшы, барлығы дерлік мемлекеттің толыққанды азаматы, мүшесі екенін сезінуі керек.

2. Әрине бұл жерде Роналду туралы айтпай өтіп кету мүмкін емес. Нағыз Мессидің фанаты болып, Роналдуды жек көріп жүргендердің өзі Роналдуды көргенде есі ауысқан адамдай фанаты болып шыға келді.

Дұрыс, дұрыс емес деп дөп айта алмаймын. Бірақ, Роналдуды басқа ойыншымен ауыстырғаннан кейін, аузы мұрнына симай отырған, тұрып тұратын жер болмай тұрған стадионның жартысы әп сәпте босап қалды. Яғни көбі матчты емес Роналдуды көргісі келгендер екені анық. Әсіресе шетелден келгендер көп пе деп қалдым. Балалар аңызды көру үшін келсе, әкелері өз өмірінің бір кезеңін көру үшін, ал қыздар ғашық болып келген шығар. Бәріне түсіністікпен қарауға тырысайық.

3. Екі тайм арасындағы үзілісте ардагер футболшылар тобы алаңды бір айналып шықты. Халық тік тұрып құрмет көрсетті. Бұл өткенге құрмет. Егер қателеспесем жас шамалары 60-80 арасы ау. Олар жаймендеп жаяу жүріп өтемін дегенше сол 15 минут өтті.

Ал келер ұрпақ - балалар стадионның А-сынан Я-сына дейінгі бүкіл жерде еріктілер ретінде тек қызмет жасады. Алдыңғы толқын құрметке лайық, балалар қызмет етуге лайық, жастар-футболшылар өнер көрсетуге лайық. Ұрпақтар сабақтастығы мәдениеті барынша көрініп тұрды.

Футбол жағында жүргендіктен Қазақстан футболынан хабарым бар: бұл мәселеде көзіңе жас үйіріліп қалады, Қазақстандағы ардагер футболшылардың жағдайы есіңе түскенде. Жақсы әңгіме болмаған соң аты жөнін жазбай ақ қояйын, бір ардагер футболшымен көп сұхбаттасқанмын: көзіңнен жас емес қан ағады. Оған сонша материалдық жағдай керек те емес, жай қарапайым психологиялық қолдау, сөз көмектің өзіне зәру. Керісінше сөзбен өлтіріп, психологиялық жағынан жеп, сүйегін кеміріп тастайды екенбіз. Бізге жеңіл болғанмен, оған ауыр соққы болып жатқанын сезбейміз. Бізде: қызметтен босаған күні, керек емес болып қалған күні, футболды аяқтаған күні ертесіне танымай қалатын жаман әдет қалыптасты.

Қорытынды: Португалия футболды жай спорт емес, қоғамды біріктіретін құрал ретінде пайдаланады екен. Мұнда ардагерге құрмет бар, балаға сенім бар, мүмкіндігі шектеулі азаматқа орын бар, кедейге де мүмкіндік бар. Сондықтан стадионнан шыққанда футболды ғана емес, мемлекеттің азаматтарына деген көзқарасын көріп шыққандай болдым.

Фазылбек Әбсаттарұлы, 

Лиссабон қ.

Abai.kz

0 пікір