Бейсенбі, 4 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 158 0 пікір 4 Желтоқсан, 2025 сағат 14:25

Қоқыс мәселесі ушығып тұр: Үкімет ескерту жасады

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, ҚТҚ өңдеу жобаларын жүзеге асыру туралы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.

— Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы — біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс.

Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану — біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс, — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді, оның ішінде аумақтарды жинау, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілді. 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылды, 1 млн гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың жүргізіліп жатқан қызметімен бірлесіп қалалар мен ауылдарда 3,8 млн ағаш отырғызылды. Бүгінгі таңда 18 млн-нан астам ағаш отырғызылды, бұл Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 млн көшет отырғызу міндетіне жауап береді.

Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдарымен бірлесе 1 300-ден астам мобилді топ жұмыс істеуде. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталды, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Abai.kz

0 пікір