Даму стратегиясы тау кен саласына қарай бұрылуда
Қазіргі жаһандық саясаттағы турболенттілік, түрлі әскери, саяси және экономикалық қақтығыстар кезеңі Орталық Азияның лидері һәм «орта держава» статусындағы Қазақстанды өз экономикасын әртараптандырып, өндіріс ошақтарын модернизациялауға, шикізаттық-экспорттық экономикадан өндірістік-экспорттық экономикаға өтуге мәжбүрлейді. Бұл уақыт талабы!
Ал мұнай шикізатының экспортына деген тәуелділіктен Қазақстан экономикасын құтқаратын бірден-бір әлеуетті сала – тау-кен саласы делінеді. Соған сай, Қазақстанның даму стратегиясы да тау-кен саласына қарай бет бұруда.
Бұл тұрғыдан туындайтын басты сұрақ – еліміздің тау-кен саласының алыптары ел экономикасының драйвері болуға қаншалықты даяр?
Жуырда «Деловая неделя» басылымы осы сауалға жауап іздепті. Сарапшылар: «Әзірге отандық өндірісті дамыту мен ел экономикасына инвестициялауда «ERG-дің» өзгелерден көші ілгері. Бұл тұрғыдан «ERG» компаниясында өсіп, өзін танытқан Шухрат Ибрагимовтің компания басшылығына келуі ең ұтымды шешімдердің бірі болды. Ал басқа сала алпауыттары ше? Олар ойлы, тәжірибелі мамандарды, өздерінің «Шухрат Ибрагимовтарын» қайдан табады?», - деп жазады...
Соңғы күндері қазақстандық ақпарат кеңістігінде «Қазцинк» пен «Қазақмыстың» басшылары ауысуы мүмкін деген ақпарат желдей есуде. Тіпті, нақты адамдардың есім-сойлары да аталуда. Тіпті, бұл салаға мүлде қатысы жоқ, машина құрастыру өнәркәсібі салаларының терең қалталы басшы-қосшылары тау-кен саласындағы алпауыт компаниялардың басшылығына келе бастағаны айтылады.
Ал сарапшылар: «Басқа салалардан келген жаңа акционерлер тау-кен металлургия өнеркәсібіне сәтті интеграциялана ала ма? Олардың ең болмағанда геология, тау-кен ісі, технология мен жабдықтар, металлургиядағы жұмыс алгоритмдері, тіпті химиялық процестер туралы негізгі білімдері бар ма? Өйткені, бұл салада жұмысты ұйымдастырудағы бір ғана қателік бүкіл кәсіпорын үшін трагедияға айналуы әбден мүмкін», - дейді.
Мұндағы мәселе – Шухрат Ибрагимовтың жеке басында емес, оның өзгелермен салыстырғанда нақты сала маманы екендігінде. Бұл компания жұмысын жандандыруда, тың бастамаларды жүзеге асыруда көп пайдалы. Сол есеппен айтқанда, өзге компаниялардың тізгінін ұстайтын жаңа басшылар да компания өндірісін ілгерілететін жаңа технологияларға машық, шетелдік импортерлер танитын, компания мен қаржыны басқара білетін, бизнес түйсігі мықты сала мамандары болуы шарт.
Осы ретте біз де Қазақстанның мұнай саласына төніп тұрған жаһандық сын-қатерлердің бірсыпырасына шолу жасап, тау-кен саласының келешегі мен ондағы алпауаттардың әлеуетіне егжей-тегжейлі тоқталғанды жөн санадық...
СОҒЫС ЗАРДАБЫ БҮКІЛ ӘЛЕМДІ ШАРПЫДЫ
Әне-міне, Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдарының жалғасып жатқанына төрт жыл толады. Енді аз уақыттан кейін бұл соғыс өзінің мерзімі жағынан Екінші дүниежүзілік соғыстан артып түсетін болады. Ал, кейбір сарапшылардың: «Бұл соғыс 2014 жылы Ресейдің Қырым түбегін оккупациялауынан басталды», - деген пікірін ескерсек, онда Ресей‑Украина соғысына 12 жыл болады екен.
Бұл XXI ғасырдағы антирекорд!
Жан‑жақтан келіп жатқан ақпараттарды талдай отырып, қазіргі соғыс қимылдары «тек қана Ресейдің, не Украинаның инфрақұрылымдық жүйесін қиратып жатыр» деген пікірдің қате екенін байқаймыз. Бұл соғыс тұтас әлемдік экономикаға, әлемдік геосаяси жағдайдың шиеленісуіне, оны «санкциялар саясатына» тәуелді етуіне алып келді.

Коллаж: kaz.inform.kz.
Көптеген елдер оның зардабын қазірдің өзінде өз экономикасында, мемлекетаралық саяси қарым‑қатынасында сезе бастады. Оның алдыңғы қатарында дербес және тәуелсіз саясатты ұстанған Қазақстан Республикасы да бар.
Ол, өзінен өзі түсінікті де, өйткені, Қазақстан өзінің геосаяси жағдайына байланысты көрші Ресеймен де, Украинамен де тығыз байланыста болды. Қазақстан 2017 ж. Қытай мемлекеті ұсынған «Жаңа жібек жолы» жобасы аясында Қытай мен Еуропаны жалғайтын трансконтиненталдық күретамыр автожолын салуға қызу кірісіп, оны аяқтауға дайын еді. Бірақ, бұл күретамыр жол құрылысы осы соғыстың әсерінен толық аяқталмай қалды ‑ оны Ресей өз аумағынан жалғастырып кете алмады.
Онымен қоса, Ресей Қырымды өзіне қаратып алғаннан кейін, оған салынған санкциялар Ұлы Қытай жобасын жарамсыз етті. Ал, бұл күретамыр жолдан орасан пайда табуды көздеген, әрі, оған зор капитал жұмсаған Қазақстанның үміті орта жолда қалып қойды, ақталмады...
Осы айтып отырған мысал бұл соғыстың зардабының бір ұшқыны ғана: өйткені, «өзара жаппай талқандау» орын алған соғыста оған толыққанды сараптама жасаудың өзі қазір мүмкін болмай қалды...

Коллаж: ulysmedia.kz.
НОВОРОССИЙСК КҚК (КТК) ТЕҢІЗ ТЕРМИНАЛЫНА ШАБУЫЛ
29 қарашада украин дрондары Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына шабуыл жасап, Қазақстан мұнайының 80%-ы экспортталатын теңіз бөлігін істен шығарды. Қазақстан алғаш рет консорциум инфрақұрылымына жасалған шабуылға реакция білдіріп, Украинаға нота жолдады.
Каспий құбыр консорциумының (КТК) үш айлақтық құрылғысының бірі украин дрондарының шабуылынан кейін істен шықты. Бұл құбыр қазақстандық экспорттық мұнайдың шамамен 80%-ын тасымалдайды.
Қазақстан Энергетика министрлігі «азаматтық мақсаттағы стратегиялық инфрақұрылым нысандарына мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін» атап өтті.
«КТК құбыр жүйесі – халықаралық энергетикалық жоба, оған күш қолдану ғаламдық энергетикалық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді және консорциумға қатысушылардың, соның ішінде Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді», – деді министрлік.
Теріс салдарды азайту және ірі кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін сақтап қалу үшін министрлік шұғыл түрде «мұнай экспортын балама бағыттарға қайта жөнелту жоспарын» іске қосты.
Шындыққа тура қарасақ, КТК терминалына жасалған бұл шабуылдан тек қана Қазақстан емес, КТК консорциумы құрамындағы елдер де зардап шегуде. Оны КТК акционерлері қатарынан көреміз: Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron (15%), Лукойл (12,5%), ExxonMobil (7,5%), Shell (7,5%), Роснефть (3,75%) және Eni (2%).
Дегенмен, бұл «соққы» Қазақстанға «жанды жерге тиердей» ауырлық туғызып отыр. Оның себебі, біріншіден – Қазақстанның о бастан «өзгелерге тәуелді және тәуекелділігі қауіпті деңгейдегі экономикалық саясатты ұстануы» деу керек сияқты... Екіншіден – әлі күнге дейін Қазақстан экономикалық тұрғыда әлемге шикізат сатумен күн көріп отырған мемлекет. Біздің еліміз шикізатты өңдеп, әлемдік нарыққа «қосымша құн қосылған» тауарлар мен өнімдерді өндіруге және экспорттауға қол жеткізе алмады.
БҰЛ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
«Қазақстан экономикасы үшін, мұнай экспорттың шамамен 60%-ын, ал ЖІӨ-нің 20–25%-ын құрайтындықтан, мұндай үзілістер аса қауіпті. КТК арқылы жыл сайын 55–60 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталады, бұл шамамен 5–7 млрд доллар кіріс әкеледі. Қазіргі инцидент қазірдің өзінде тез әсер етті: мұнай жөнелтуді тоқтату қараша–желтоқсан айларында 100–200 млн доллар жоғалтуға әкеледі, ал жөндеу жұмыстары ұзаққа созылса, жылдық шығын, оның ішінде жіберіп алған пайда мен қосымша логистикалық шығындарды қосқанда, 500–600 млн долларға дейін жетуі мүмкін», – дейді сарапшы Асқар Исмаилов.
Ол мұнайды Баку арқылы тасымалдау КТК тарифтерінен үш есе қымбат екенін еске салады.

Сурет: akorda.kz.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Қазақстан үшін бұл төтенше жағдайдан шығудың жолы – экспорт маршруттарын әртараптандыруды жеделдету және стратегиялық мұнай қоймаларын құру мәселесін шешу.
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясына Атырау облысында ірі мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды, ал Энергетика министрлігіне ірі өндіруші компаниялармен мұнай сақтау қоймаларын салу жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырған болатын.
Бұл тапсырма орындалды ма?
Оның орындалу мерзімі 2023 жылдың наурызы болып белгіленген‑ді. Алайда, Энергетика министрлігі 2023 жылдың ақпанында үкіметке «мұндай қоймаларды салу өте қымбатқа түсетінін» хабарлаған. Сөйтіп, бұл мәселе де әлі шешімін таппаған сыңайлы...
ПРЕЗИДЕНТ: ҚАЗАҚСТАН ШИКІЗАТҚА АРҚА СҮЙЕП ОТЫРА АЛМАЙДЫ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінде дәл осылай деп айтты. Президент Тоқаев шикізаттық емес секторды дамытуға басымдық берілетінін қадап айтты.
«Ұзағынан созылған шикізаттық суперциклдің аяқталатынын бірнеше рет атап өткен едім. Қазақстан экономикалық жүйе ретінде ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана арқа сүйей алмайды», - деді.
Соңғы жылдардағы геосаясаттағы турболенттілік пен бюджет дағдарысы – сарапшылардың назарын еріксіз отандық мұнай-газ секторына бұрады. Бұған еліміздегі ең ірі үш кен орны (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) бойынша ӨБК-нің (өнімді бөлу келісімі) әділетсіздігі мен, шетелдік инвесторлардың Қазақстанды шикізаттық майшелпекке айналдырғанын тағы қосыңыз.
Осының барлығы бізді ұлттық экономиканың жаңа бағыттарын шұғыл іздеуге мәжбүрлейді. Олай етпегенде, айналасы бес жылдың ішінде бюджет толық дағдарысқа ұшырайды: қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейі төмендеп, бүкіл елдің, әсіресе жас ұрпақтың болашағы бұлыңғырлана түспек.
Президент Тоқаевтың жаңа бағыттарға – цифрландыруға, жасанды интеллектке, креативті индустрияға және финтехке көп көңіл бөлуі кездейсоқ емес.

Суреттер: abai.kz.
ТАУ-КЕН САЛАСЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАҒДАРЫСТАН ҚҰТҚАРАТЫН САЛА МА?
Осы тұста Қазақстан экономикасын құрдымнан құтқаратын тағы бір маңызды сектор барын еске салуымыз керек. ол – тау-кен өндірісі секторы.
Бұл сектор – Қазақстан үшін потенциалы ауқымды сектор. Өйткені, қазірдің өзінде елімізде қалыптасқан өндірістік база мен технология, және нарықта берік орныққан ірілі-ұсақты компаниялар баршылық. Оған қоса, 2000-шы жылдардағы мұнай серпілісіне дейін дәл осы тау-кен өндірісі секторы Қазақстан экономикасының күретамыры болып, бүгінге дейін ЖІӨ-нің 12 пайызын құрап отыр. Көптеген көрсеткіштер бойынша, алдағы онжылдықта мұнай өнеркәсібін артта қалдырады.
Ал бұл сектордың алыптары кімдер?
Әуелі тізімде:
- «Qarmet» – оның құрамына Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарындағы шахталарды, өңдеу зауытын, әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді және құбыр, болат, көмір және темір рудасы бөлімшелері кіреді).
- «Қазцинк» – оның құрамына Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарындағы төрт өңдеу зауыты мен екі металлургия кешені кіреді.
- «ERG» – Оның құрамына «Қазхром» АҚ, «ССГПО» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ және Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарындағы басқа да кәсіпорындар кіреді.
- «Қазақмыс» – оның құрамына Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарындағы барлау, тау-кен өндіру, металлургия, энергетика, машина жасау және инфрақұрылым салаларындағы ондаған ЖШС кіреді.
- «Қазминералс» – оның құрамына Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы бес бірдей мыс кеніші мен үш өңдеу зауыты кіреді.
Қазақстанның тау-кен өндірісінің алыптары ел экономикасы мен өндірісіне қанша салым (инвестиция) салып жатыр?
- «ERG» – 3,5 млрд доллар инвестициялаған. Бұған қоса Люксембургтегі бұғатталған ресурстарды шешкеннен кейін компания Қазақстанға тағы 365 млн доллар төлеген. Сонда жиынтығы 3,9 млрд доллар;
- «Qarmet» – 1,3 млрд доллар инвестициялаған;
- «KAZ Minerals» – 1,2 млрд доллар инвестициялаған;
- «Қазцинк» – 400 млн доллар инвестиция салған;
- «Қазақмыс» – 200 млн доллар инвестиция салған.
«ERG»: ШИКІЗАТ ЭКСПОРТЫНАН ӨНДІРІСКЕ БЕТ БҰРУДА КӨШБАСШЫ

Суреттер: abai.kz.
Жоғарыдағы сандеректерден аңғарғанымыздай, ел экономикасына инвестиция салу, кәсіпорындарды жаңарту бойынша «ERG-дің» өзгелерден көші ілгері.
Шухрат Ибрагимов тізгінін ұстаған «ERG» соңғы үш жылда не істеді?
2022 жыл – Шұбаркөлде алғаш рет арнайы кокс шығаратын бірегей зауыт іске қосылды. Қазақстан бұған дейін арнайы коксты шетелден сатып алатын. Енді шетелге экспорттауға кірісіп кетті.
2023 жыл – Донской тау-кен байыту комбинатының тұнбасын өңдейтін «ERG Green» зауыты ашылды.
2024 жыл – Екібастұздағы «Донской ГОК» және «Восточный» разрезіндегі бірқатар өндірістік қуаттарды жаңғырту аяқталды, «Қазхромда» 45 миллион доллар инвестициямен флотациялық желі іске қосылды. Донской тау-кен байыту комбинатында инвестиция көлемі 2 миллиард долларды құрайтын жаңа «Болашақ» кеніші пайдалануға берілді.
2025 жыл – Хромтауда өңірдегі жаңа әрі ең ірі жел электр станциясы іске қосылды. «Қазхром» ТҰК-да технологиялық газды кәдеге жарату жобасы іске қосылды. Ақсу ГРЭС-ін жаңғырту және қуаттылығын кеңейту, Ақсу ферроқорытпа зауытында пештер мен ауа сүзгілерін кезең-кезеңімен жаңғырту басталды. Рудныйда ыстық брикеттелген шойын (HBI) зауытының құрылысы басталды. Павлодарда галлий өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
«ERG-ДІҢ» ЖАҢА ҰСТАНЫМЫ: КОМАПНИЯНЫ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ, ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУ!
Осылайша, Шухрат Ибрагимов тізгінін ұстаған «ERG-дің» жаңа басшылығы Қазақстаннан дивидентті жыл сайын күректеп алуды әдетке айналдырған, өздеріне қарасты компаниялар мен өндірісті модернизациялауды, Қазақстанда өндірісті дамытуды тек сөз жүзінде айтып, іс жүзінде жылдық табысты, яғни, дивидентті офшорлық және басқа шетелдік есешоттарына аударумен – өз табыстарын еселеп отырған ескі олигархтық жүйенің саясатын өзгертуге шешім қабылдады. «Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын», - деді. «Холдингтің тапқан табысы Қазақстан экономикасына жұмыс жасалуы тиіс» деген шешімге келеді.
Қорытынды:
Мұнайға тәуелділік – болашаққа сенімді қарауға кепіл бола алмайды!
Қазақстан мұнайын батыс нарықтарына экспорттау – Қазақстан экономикасының күретамыры болып келді. Бірақ 2025 жылы Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған дрон шабуылдары Ресейдің Украинаға қарсы соғысының Қазақстанға тиген ең ауыр зардаптарының бірі болды.
Ақпаннан қарашаға дейін құбыр кем дегенде үш рет шабуыл көрді: алдымен дрондар Кропоткин маңындағы негізгі мұнай айдау станциясын зақымдады, кейін консорциумның Новороссийскідегі кеңсесіне соққы жасалды, ал соңғысы – 29 қарашада теңіз терминалындағы выносной причальный устройствоны (ВПУ) жойған шабуыл болды. Соңғы оқиға мұнайды танкерлерге тиеуді іс жүзінде тоқтатты.
Reuters келтірген Energy Aspects консалтинг компаниясының дерегінше, Қазақстан Новороссийск маңындағы терминал арқылы экспорттайтын CPC Blend маркалы мұнай көлемі соңғы шабуылдан кейін шамамен екі есе қысқарған. Инфрақұрылымды қалпына келтіру бірнеше айға созылуы мүмкін.
Өткен іс өтті – оны айта бергеннен ештеңе өзгермейді...
Біздің елдің «Мұнай қарғысы» атты кеселге тап болуына, әрине, елімізді биилеген отыз жылдық авторитаризмнің кінәсі өлшеусіз. Еліміз тәуелсіздік алған кезде‑ақ әлем «мұнай қарғысы» атты экономикалық құбылысты білген. Сол кезде ақ биліктегі шешім қабылдаушы шенділер «Исповедь экономической убийцы» деп аталатын АҚШ барлаушысының кітабын оқымады дей алмаймыз. Онда, әлемдік трансұлттық корпорациялар шикізаты мол елдерді және оның билігін қалай құрықтау керектігі тәсілдері толық бандалған еді. Яғни, біздің елде осы бұғаудан аман‑есен құтылып кетуге толық мүмкіндік болды. Бірақ, билік оны қажет етпеді: қадам‑қадаммен осы тұзаққа өздері ене бастады. Өйткені, авторитаризмге «алыстағы гүлденген мемлекет құру» стратегиясынан гөрі, «бүгінгі күннің рахаты» әлдеқайда қызықты болып шықты...
Сөйтіп, АҚШ барлаушысының атап көрсеткен амалдары елімізде орын алды: Қазақстан өзінің толыққанды экономикалық тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай, көбіне, сыртқы факторларға тәуелді болып қала берді... Соны біріне бүгінгі айтылған КТК жобасын да жатқызуға болады...
Қазақстанның қазба байлығы ‑ елімізді тұйықтан алып шығуға қауқарлы!
Қандай да пессимистік күйге берілсек те, қазіргі әлемдік геосаяси жағдайда Қазақстанның қазба байлығы, аграрлық потенциалы, халқының интеллектуалды өрісі – елімізді тұйықтан шығаруға қабілеттті әрі қауһарлы деуге болады. Соның бірі, енді ел экономикасын «мұнай экспортымен» өлшеуді доғарып, «тау‑кен өндірісін» іске қосу керек десек артық емес.
Бірақ, бұл саланы да мұнай сияқты шет елдердің құзырына толық өткізбей, енді оны игеруді тек қана Ұлттық мүддеге бағындыру қажет екені айқын бола бастады. Себебі, «сыртқы күштерге тәуелді экономиканың» ойда жоқта құлауы, елдерде әп сәтте коллапс болуы әбден мүмкін екенін мына соғыс көрсетуде...
Мәселен, президент Тоқаевтың осы бағытта АҚШ‑пен, Еуропамен, Қытаймен, Түркі дүниесімен жүргізіп жатқан келіссөздері және оның шарттары біршама сенім ұялатады.
Оған осы саланы меңгеріп отырған отандық компанияларды жегіп, оны ашықтық жағдайда ел байлығына, мемлекет қуатына, ғылым‑білімге, әлеуметтік жауапкершілікті ортаны қалыптастыруға қарай бағыттау міндеті алда тұр. Осы жағдайда, оған кедергі болатын «аяқтан шалу» әрекетін, мысалы, коррупцияны, аса қауіпті қылмыс деп бағалап, онымен бүкіл халық болып күресуді күшейтпесек – іс алға баспайды деген ойдамыз...
Abai.kz