«ӘДІЛЕТҚИССА»: Айсұлу Қадырбаева, Дос Көшім
Бірінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожахмет
«ӘДІЛЕТҚИССА»: Мөлтек суреттемелер
Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сурет: С.Ерғалидың мұрағатынан алынды.
Сағат Жүсіп:
Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.

Сурет: qazaqadebieti.kz сайтынан алынды.
Айсұлу ҚАДЫРБАЕВА туралы
Айсұлудың «Барың қайт, балам, аулыңа» деген өлеңін керемет дүние деп санаймын. Егер Айсұлу бір ғана осы өлеңді жазған болса да, бәрібір қазақтың тарихи төрінен орнын алар мықты ақын болар еді.
Айсұлудың қазаққа танымалдығы – саяси қайраткерлігінде. Соның көрінісі ретінде Айсұлудың 1991 жылғы Орал оқиғасы кезіндегі қазақ қыздарының батырлығың еске салған қимылды тарих бетіне ерекше орын алары анық.
Айсұлудың мінезі ақындықтан гөрі саясаткерлікке жақын деп едім. Әрине, бұл пікірім, ақындықты Айсұлуға қимағандықтан емес. Ақындардың жүрегі сезімтал келеді, саясаткерлерді тосатын әр түрлі қауіп-қатерге төтеп беру оларға оңай емес. Ақынның қоғамдық белсенділігі ығыстырған Айсұлудың мінезіне қоғамдық-саяси жұмыстың орасан зор әсер еткенін айтар едім. Соңғы жылдары ақынға тән сезімдерге бой ұрушылықтың олардың саясаткерлерге тән салмақтылық, сабырлылық, екі рет өлшеп, бір кесу сияқты қасиеттерінің көбейгенін – соның айғағы.
Бірақ, әлі де болса ақындық сезімнің жеңіп кететінін аңғартып қояды. Сондай кезде: «Асеке, ақындық сезімге жендірме, адамдарды мақтауға немесе даттауға асықпашы. Нақтырақ айтар болсам, саясаттағы кейіпкерлерге мақтау айтуға асықпа, жазғыратын уақыт болып қалуы мүмкін. Керісінше, теріс баға беруге де асықпа, кім біледі, мақтауға лайық іс істеп калар», – дегім келеді.

Сурет: dalanews.kz сайтынан алынды.
Дос КӨШІМ туралы
Қазақтың саяси-қоғамдық өміріне өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары келген Дос Көшімді ерекше құбылыс, ерекше уникум дер едім. Дос саяси қауіпсіздікті ерекше сезімталдықпен сезетін, саясаттың қауіпті, қиын соқпақты жолдарын таңдауда аз қателесетін ерекше «иісшіл» саясаткер. Біз көп жағдайда саясаткерлерден елден ерек батылдық, қайраттылық, жантәсілімге баратын көзсіз ерлікті күтеміз. Достан ондай қасиеттерді таба алмай, оған ренжігендер аз емес. Мен Досты бұл үшін жазғырмаған болар едім. Саясаттың қауыіпті де, қырлы-шиырлы жолдарын ерекше сезімталдықпен сезе білу, тәуекелді жолдардың ішінен ең тиімдісін, қауіпсіз жолын көрегендікпен таба білу саясаткерге қажетті басты қасиеттердің бірі емес пе?!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ аудиториясына демократияның әліппесін үйретуді алғашқылардың бірі болып бастаған ағартушы саясаткер, саяси ағартушы Алтынсарин деп Досты атаған болар едім. Ол осы бағытта қазақ санасының топырағына дән сепсе де, бірінші болып («түрен салған»), осы мақсатпен қазақ облыстарын түгел аралап шыққан кісі екенін мойындауымыз қажет. Достың сол кездерде шыққан («Тоқсаныншы жылдардың қара сөздері», «Демократия сабақтарына кіріспе», «Демократия жайлы 100 сұраққа 100 жауап») деген кітаптары өзіне лайықты бағасын әлі күнге дейін алмай жүрген құнды еңбектер деп санаймын.
Досқа ренжитіндер, оның президент сайлауы кезінде оппозицияға қарсы шығып кеткендігін ерекше айып етіп, алдына тартады. Иә, Достың осы әдісі екі рет қайталанды. 1999 жылы Әкежан Қажыгелдинге, 2005 жылы Жармақан Тұяқбайға қарсы шыққандары үшін Досқа ренжігендердің бірі болдым. Бірақ, Достың қазақ ұлты үшін, қазақ демократиясы үшін жасаған еңбегінің жиырма жылдай куәгері болғандықтан, оған түсіністікпен қараймын. Егер Дос Көшімнің барлық «плюсі» мен «минустарын» таразыға салса, «плюстары» бірнеше есе артық тұрған болар еді.
Abai.kz