Қәділбековтер әулетінің қасіреті
өзі тапқан қорғасыны өзіне оқ боп атылған инженер мен оның отбасының тағдыры туралы сөз
Мірғалымсайды кім ашты?
Қарт Қаратаудың қойнауындағы қазба байлықтарды өндіретін кен орындарының бірі неліктен Мірғалымсай деп аталады? Қаныш Сәтбаевтың кім болғанын, Апақ Байжанбаевтың кім болғанын қалың қазақ біледі. Ал, кезінде Кеңес одағын қорғасынды шетелден алтынға сатып алудан құтқарып, Қазақстанда 7 бірдей кен орнын ашқан Мірғали Қадылбековтің кім болғанын білмейтініміз неліктен? Бірде-бір геологиялық есептерде, не бір Оңтүстік Қазақстан кен орындары жайлы материалдарда осы бір аяулы есімнің аталмауының, сондай-ақ автордың өзінің көз майын тауысып жазған, ( кезінде жарық көрген де) «Минералогия және геология» атты кітабының ұшты-күйлі жоғалып кеткені қалай?..
Мұның ақиқатын білу үшін Мірғалидың өзі кен орнын іздеп жер қойнауын ақтарғандай біз де тарих қойнауының құпияға толы қалтарыстарын, терең тұғиығын қазуымызға тура келеді. Ең шынайы дерек көзі қағаз, құжат та емес – тірі куә, соның сөзі. Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарын аждаһадай аранына атып ұрған репрессияның Мірғали мен Нұрғали, барша Қадылбековтер отбасына келтірген қайғы-қасіреті жөнінде бүгінде сол әулеттен жалғыз өзі тірі қалған Мірғалидың қызы Рузима әже былайша баяндайды:
өзі тапқан қорғасыны өзіне оқ боп атылған инженер мен оның отбасының тағдыры туралы сөз
Мірғалымсайды кім ашты?
Қарт Қаратаудың қойнауындағы қазба байлықтарды өндіретін кен орындарының бірі неліктен Мірғалымсай деп аталады? Қаныш Сәтбаевтың кім болғанын, Апақ Байжанбаевтың кім болғанын қалың қазақ біледі. Ал, кезінде Кеңес одағын қорғасынды шетелден алтынға сатып алудан құтқарып, Қазақстанда 7 бірдей кен орнын ашқан Мірғали Қадылбековтің кім болғанын білмейтініміз неліктен? Бірде-бір геологиялық есептерде, не бір Оңтүстік Қазақстан кен орындары жайлы материалдарда осы бір аяулы есімнің аталмауының, сондай-ақ автордың өзінің көз майын тауысып жазған, ( кезінде жарық көрген де) «Минералогия және геология» атты кітабының ұшты-күйлі жоғалып кеткені қалай?..
Мұның ақиқатын білу үшін Мірғалидың өзі кен орнын іздеп жер қойнауын ақтарғандай біз де тарих қойнауының құпияға толы қалтарыстарын, терең тұғиығын қазуымызға тура келеді. Ең шынайы дерек көзі қағаз, құжат та емес – тірі куә, соның сөзі. Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарын аждаһадай аранына атып ұрған репрессияның Мірғали мен Нұрғали, барша Қадылбековтер отбасына келтірген қайғы-қасіреті жөнінде бүгінде сол әулеттен жалғыз өзі тірі қалған Мірғалидың қызы Рузима әже былайша баяндайды:
- Менің әкеме тең келер бірде-бір инженер жоқ. Небары 9 жылдың ішінде бір өзі қаншама кен орындарын ашты. Ол кісінің ең бірінші ашқан жері – Кентау, одан кейін Қарасай, Хантағы, содан қырғыздың Қара мазарына дейін зерттеген. Керек десеңіз Ащысайдың ашылуына да менің әкем Мірғали Қадылбеков қаншама тер төкті. Бүкіл Кеңес Одағын қорғасын мен мырышты шетелден алтынға сатып алудан құтқарамын деп жанын салды. Айлап-жылдап үй бетін көрген жоқ, үстінен гелог киімі түскен күні сирек-тұғын.
«Біз «халық жауының» баласын іздемейміз»
Қадылбековтер қасіретін оқырман жақсы түсінуі үшін әңгімені әріден бастасақ. Қазақ даласының жер қойнауында жатқан қазба байлықтың кенін ашқан әйгілі Қаныш Сәтбаев пен Қадылбековтердің түбі бір атадан – Нияз биден тараған. Қадылбектен 16 ұл туған, бірақ соның 11-і бірдей жастайынан қайтыс болады да, бесеуі ғана тірі қалады. Тірі қалған 5 ұлдың ең үлкені Рузима Қадылбектегінің әкесі – Мірғали. Ал, Мірғалидың өзінен кейінгі інісі Нұрғали 1917 жылдың өзінде Омбыға келген большевиктерге қосылып, «Мына патша тақта отырғанда біздің шұрайлы жерімізді, жер асты байлығымызды тартып алып, халқымызды құлдықтан көз аштырмайды» деп, Патшаны тақтан құлатуға ат салысқан сол кездегі оқыған көзі ашық жандардың бірі болған. Нұрғали халқының тағдырын шешу ісіне араласу үшін өзінің тегін Кадаленко деп алады. Ол жөнінде өзінің «Өмір мектебі» кітабында Сәбит Мұқанов Нұрғалиды тегіне украиндық жалғау жалғады деп жаратпағанымен қоймай, оны жерден алып, жерге салған.
Негізінен, Нұрғали Кадаленко – тұңғыш рет қазақ даласында Омбы уезіне қарасты Ертіс жағалауында Кеңес үкіметінің атқару комитетін құрған адам. Сол тұста ол ешқандай туыс-тумаларына тартпай, жерді кедейлерге бірдей етіп бөліп беріп, колхоз-совхоздарды ұйымдастырған. Өзі текті атаның ұрпағы, серілерге тән көрік-келбетті Нұрғали Кадаленко Смағұл Сәдуақасовтың оң қолы бола жүріп, халқы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, айлап, апталап үй бетін көрмей қызмет қылған.
Нұрғали алғашында ауыл медресесінде сауат ашқан. Медресенің үшінші жылында ол жердегі берілетін білімге көңілі толмай, орыс мектебіне ауысқан. Одан кейінгі өмірінде Павлодардағы училищені бітіріп, сонан соң Омбыдағы мұғалімдер семинариясында білімін шыңдайды. Қарағандыда мұғалімдік қызмет атқарып жүрген жерінен «бізге өнеркәсіп мамандары ауадай қажет» деген соң ол Ресейдің Экатеринбург қаласына барып сол жақта оқуға түседі. Сонда білім алып, елге қайтқан кезінде 1933 жылы Нұрғалиды аты өшкір «үштік» тұтқындап, 1936 жылы ату жазасына кесілген. Өзі бидің тұқымы, тумысынан ақсүйек Нұрғали абақтыға қамап, жанын қинап, жауап алғысы келгендерге паңдана, менсінбей қарап, жауап беруден бас тартқан. Өзінің ешбір кінәсі жоқ екендігін іштей білгендіктен, намысын ту ғып биік ұстап, ешкімнің алдында илікпепті. 1933 жылы ұсталған Нұрғали алдымен Ташкент түрмесінде отырады, одан кейін атуға кесілер шағында Алматы түрмесіне алып келінген.Сонда түрмеде жатқандардың жағдайын бақылайтын прокурор болып істеген кісі өз естелігінде ол кісінің үш жылдың ішінде көрікті келбетінен із де қалмағанын, құр сүйек пен теріге ілініп тұрғанын айтқан. Нұрғали ату жазасына кесіліп, кетіп бара жатқанында Алматыдан Отар стансасында тұратын ағасы Садыққа бір шабадан толы құжаттармен қоса тілдей қағазға «Мен ешқандай халық жауы емеспін. Біз түбінде ақталамыз. Ал мына құжат, қағаздарды көзіңнің қарашығындай сақта» деп жазып жіберген. Бірақ, өкінішке орай, бір емес, екі бірдей бауырының және әкесінің күйігіне шыдай алмай, өртеніп өлгісі келген Садық өз үйін өзі өртейді. Алайда дер кезінде келген көмек оның жанын алып қалады, ал аманат артылған шабадан күлі де қалмай жанып кетеді.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, репрессия да жұт секілді жан-жағын жайпап кеткенін жұртымыз жақсы біледі. Ешқандай жазығы болмаса да әкесі үшін баласын, баласы үшін сақалы аузына түскен атасын да аямаған сол бір зұлматтың тақсіретін Қәділбековтер әулеті әбден шекті. Нұрғалидың үш бірдей ержетіп қалған балаларын мектепте оқып жүрген жерлерінен дүйім жұрттың ортасында бой-бойымен тізіп қойып, «Сендер халық жауының баласысыңдар, ендігі жерде сендерге біздің ортамызда орын жоқ» деп, бірінің комсомол, бірінің пионер, енді бірінің октябрят белгісін жұлып алған. Ең кішкентай Бекет сол жерде талып құлап, содан өмірінің соңын жындыхынада тауысқан. Үлкен ұлы Абылайды сол жерден алып кеткеннен ұшты-күйлі жоқ.. Кім, қайда алып кеткенін іздестіруге барған ағайынға «біз «халық жауының» баласын іздемейміз» деп, кеудеден кері итерген. Ортаншы қыз Роза да түрме торының дәмін татып, жаралы жанына қоса тәнінің де сау тамтығын қалдырмай тыртық салдырып, соның салдарынан ешкіммен тұрмыс құра алмаған күйі өмірден өткен. Ағайынды бесеу Қадылбековтің бірі Нұрғалидың тағдыры осылай өрбісе, Мірғалидан қалған жалғыз қыз Рузиманы інісі Садық өсіреді. Төртінші ұл Ахмет Мәскеудің кен барлау институтын бітіргенімен, «халық жауларының» інісі болғандығынан, еш жерге өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай қор боп жүргенінде соғыс басталып кетеді де, өз еркімен майданға аттанады. Онда ең ауыр, ең қауіпті жұмыстарға жегіледі де, ақыры сол соғыста қаза табады.
Ағайындылардың бесіншісі Алтынтас Орынборда оқып білім алады. Содан Баянауыл мен Орынбор арасын жол қылып жүріп суық тигізіп алып, содан қайтыс болған. Сол Алтынтас төсек тартып жатқанда 1928 жылы әкелері Қадылбекке ауылдың бүкіл малын жазып, «бай, кулак» деген жаламен ұстауға алдарына Петр Заремба есімді орысты салып ауылдас екі қазақ келеді. Сонда өзі өлейін деп жатса да Алтынтас орнынан әрең тұрып, қабырғаға сүйеніп келіп орысқа әкесіне жалған жала жабылып жатқанын, әкесінің оншалықты малының жоқтығын орысша түсіндіріп береді. Сонда Петр арызды жыртып тастап, Қадылбекті бостандықта қалдырады. Бірақ, сол екі қазақ Қәділбектің соңына түскендерін қоймай, ақыры 1931 жылы «үштікпен» ұстап әкетіп, атып тастайды.
«Сенбесеңіз, «Өмір мектебін» қараңыз...»
Аталарының қыр соңына түсп алған екі қазақтың кім екенін сұрағанымызда Рузима әже:
- Өзімізбен бір ауылда тұрған адамдар, Сәбит Мұқановтың жандайшаптары. Сенбесеңіз «Өмір мектебін» ашып қараңызшы, Сәбит кімнің кім екенін Сталинге тізіп жазып, соларды жазалауды сұраған. Одан қалса «Қазақ әдебиетінің» 1988 жылғы 40 санында жарияланған материалында Темірбек Қожакеев репрессия уақытында кімнің кімді көрсеткенін ашып жазған. Сәбиттің олай еткен себебі Нұрғалиды құртудың бір ғана жолы оны байдың тұқымы етіп шығару болды.
Қазақта өлгеннің артынан жаман сөз айтуға тыйым салатын заң бар. Дала заңы. Соған салсақ, қазақтың білдей жазушысы Сәбит Мұқанов жайлы мұндай сөз айтпауға тиіспіз. Дегенмен, осы орайда «Егер тарихқа тіл бітер болса, бірінші болып тарихшыны жазалар еді» дегенін ескерсек, тарихқа қиянат жасамай, болған жайдың бұлтартпас шындығын бүгінгі ұрпаққа жеткізу үшін бұл нәрсе айтылуы керек. Тек Қадылбековтер ғана емес, басқа да ұлты үшін құрбан болған алаштың арыстай азаматтарының аласапыранға ұшырауына кім кінәлі дегенге берер жауап осындай...
Хош, жалпыдан жалқыға көшсек, әңгеменің басы Қадылбековтерден, оның ішінде қазақ даласында бірнеше кен орындарын ашқан Мірғалидан басталған. 1937 жылдың 30 мамырында ату жазасына кесілген соң Мірғалидың істеген еңбегін дәлелдейтін құжаттар мен автордың еңбектерінің көзі жойылған болса керек. Бірақ соның өзінде там-тұмдап болса да сақталыпты. Ол Мірғали Қәділбековтің 1935-36 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген алты мақаласы. Соның бірі «Текелі» атты мақаласында ол Текелінің рудаға бай екендігін, шамамен алғанда ол жерде ең кем дегенде 300 мың тонна мырыш пен қорғасынның жатқанын айтқан. Сондай-ақ Мирзоянның «Бізге қорғасын алтыннан да аса зәру, өйткені біз оны шетелден алтынға сатып аламыз» деген сөзін келтірген. 1937 жылы ұсталып кеткенше ол Текелі руда басқармасында бас инженер болған. Сол тұста Мірғали тіптен техникалық әдебиетті қазақ тіліне аудару жөнінде мәселе де көтерген. Сондай-ақ Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлермен қатар жүріп, «Түрксібті» салуға да қатысқан. Әке еңбегін еш қылуға жол бермей, шырылдаған жанын отқа да, суға да сала жүріп ақыры қызы Рузима ол кісінің Текелі қорғасын-мырыш кен орнын, Қарағайлы және Қайрақты түсті металл кен орнын ашқаны жөнінде дипломға қол жеткізді. Ол, әрине, таяуда ғана тәуелсіздік алғаннан кейін 1996-97 жылдары ғана мойындалды.
Мірғали, Нұрғали, жалпы, Қәділбековтер әулетінің қай ұлы болсын қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының қатарынан болды. Халқына, еліне қызмет етуден ешқайсысы да аянып қалған жоқ. Бірақ, сөйткен еңбектерінің жемісін көрмек түгілі, репрессияның қанды тырнағына ілініп, бір оқтық боп кете барған жоқ па?.. Қасірет пе? Қасірет! Кеңестер одағының жауға қарсы атылған әрбір оғына керекті қорғасын кенін ашқанда Мірғали өзінің еңбегі еш, тұзы сор болатынын білді дейсіз бе?.. Тек өзі ғана емес, әкесі мен бір туған бауырларының «халық жауы» атанатынын, өзі ашқан қорғасынының өзіне қарсы оқ болып атылатынын сезді дейсіз бе?..
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осындай қыруар істің басы-қасында жүрген азаматтарды аямаған нәубет жылдардың жаңғырығы құлағымыздан, салқын сызы жүрегімізден ешқашан кетпек емес.
Мәрия ӘБСАТТАР.