Жылу желілеріндегі апаттық жағдайлар 25%-ға кеміді
9 апатты энергия көзі жөнделді, жылу желілерінің тозуы 25%-ға төмендеді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылыту маусымын өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Есепті кезеңде энергетика саласында ең маңызды нәтижелерге қол жеткізілді – инфрақұрылымның ұзақ жылдар бойы созылған тозуы тоқтатылып, активтерді ауқымды жаңарту циклі іске қосылды. "Тарифті инвестицияға айырбастау" қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеу жұмыстарына салынған капиталдық инвестициялар 20%-ға артты, бұл енгізілген принциптің тиімділігін көрсетеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сенімділіктің нақты көрсеткіштерімен бағаланады. Ұзақ жылдан бері алғаш рет ел бойынша ЖЭО жабдықтарының жалпы тозуы азайып, көрсеткіш 61%-ға жетті. Жоспарланған барлық жөндеу жұмысын орындау Кентау, Риддер және Екібастұз стансалары секілді барлығы 9 энергетикалық нысанды тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді.
323 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңғырту нәтижесінде тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізу қамтамасыз етіліп, инфрақұрылымның тозуы 52%-ға төмендеді. Жылу желілеріндегі апаттық жағдайлар саны 25%-ға кеміді.
"Инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстың алдын орап, рекордтық көрсеткіш сағатына 118 млрд киловатт электр энергиясын өндірді", – деді Ерлан Ақкенженов.
Келесі жылдан бастап Үкімет өңірлік деңгейде жылумен жабдықтау схемаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмысқа кіріседі. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында жүзеге аспақ.
Abai.kz