Кір жуушыдан танымал жазушыға дейін...
1893 жылы АҚШ-ты депрессия жайлады. 17 жасар Джек Лондон Окленд көшелерінде қаңғыбас болып жүрді. Үстіндегі киімі жыртық, қарны аш ол ұсақ ұрлық жасағаны үшін түрмеге де түсті.
Джек Сан-Францискодағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасы сәуегейлікпен күн көретін, ал өгей әкесі мүгедек жұмысшы еді. Он жасынан бастап ол отбасының жалғыз тірегіне айналды: таңғы сағат үште тұрып газет таратты, сабақтан соң консерві зауытында жүк тасыды, демалыста боулинг клубында шар орнатты. Күніне он сегіз сағат маңдай терін төгіп тапқаны тек нан мен суға ғана жететін.
13 жасында мектепті тастап, қарызға тоз-тозы шыққан қайық сатып алды да, Сан-Франциско шығанағында заңсыз ұлу аулаумен айналысты. 17 жасында теңізшілермен бірге Жапонияға бет алған тюлень аулау кемесіне орналасты. 19 жасында Аляскадағы «алтын безгегі» толқынына ілікті. Мұз құрған өлкеде ол мыңдаған армандаушылармен бірге шатырда тұрды, нөлден төмен қырық градус аязда тоң жерді қазып, алтын іздеді. Бірақ алтын таппады; цинга ауруынан тістері түсіп, өлім аузынан аман оралды.
Оклендке оралғанда қалтасында соқыр тиын да болмады. Өгей әкесі қайтыс болып, анасы мен бауырлары оның қолына қарап қалды. Табылған жалғыз жұмыс – кір жуу орны еді. Күніне он екі сағат бойы ыстық бу мен сабын көбігінің ортасында киім жуып, қолдары сілтілі судан ойылып кететін.
Бірде демалыс кезінде ол газеттен шығармашылық байқау туралы хабарландыруды көріп қалды. Содан Аляскадағы көргендері көз алдына келді: боранда алтын іздеген есі ауысқандар, тоң жерде шатыр тіккен тәуекелшілдер...
Ол бір парақ қағазды жайып жіберіп, алғашқы әңгімесін жаза бастады. Өзіне-өзі: «Егер жазушылық мені осы кір жуу орнынан құтқарса, бүкіл өмірімді осы жолға арнаймын», – деп сөз берді.
Осылайша оның аяусыз өз-өзін шыңдау жолы басталды: күніне бар болғаны бес-ақ сағат ұйықтап, қалған уақытын кітап оқу мен жазуға арнады. Университетте оқымаса да, өзіне Дарвиннен бастап Маркске, Спенсерден Ницшеге дейінгі «міндетті кітаптар тізімін» жасап алды. Жат сөздерді қағазға жазып, кереуетіне, айнаға, ас үйдегі қабырғаға жапсырып қойды. Тісін жуғанда да, ыдыс жуғанда да, жолда келе жатқанда да жаттады. Өзіне күніне мың сөз жазбайынша ұйқыға жатпайтын темірдей тәртіп қойды.
Ол Алясканың қарлы даласын, теңіз толқынымен арпалысқан теңізшілерді, иен түздегі адам мен қасқырдың аяусыз айқасын жазды. Редакциялардан келген бас тарту хаттары да қарша борады. Ол оларды бір жерге жинап қойды, көп ұзамай үйінің бүкіл қабырғасы хатқа толды. Пошта маркасына ақшасы болмай, кейде қолжазбасын жіберу үшін киімін ломбардқа өткізетін.
1903 жылы ол бір жыл ішінде өзінің атақты «Тектік сарын» шығармасын жазып шықты. Оқиға желісі жылы Калифорниядан Алясканың аязына сатылып кеткен Бак есімді төбет төңірегінде өрбиді. Қамшының астында жүріп, бөлтіріктердің ұлығанын естіген ол бойында бұғып жатқан табиғи жабайы инстинктін оятады. Бұл оқиға бүкіл әлем оқырманының жүрегін елжіретіп, оның еркіндікке ұмтылған соңғы қадамы жұртты тәнті етті.
Бұл кезде ол бар болғаны 27 жаста еді. Әлемдік баспалардан тапсырыс қарша борап, ол өз заманындағы ең қаламқысы жоғары жазушыға айналды. Бір сөз үшін алатын ақшасы кір жуу орнындағы бір айлық еңбекақысынан асып түсетін.
Ол қаламның құдіретімен бала жумысшыдан, қаңғыбас теңізшіден әлемдік деңгейдегі жазушыға дейінгі ғажайып жолды басып өтті. Джек Лондон шығармашылық пен талпыныстың егіз екенін дәлелдеп кетті.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz