Ақтөбеде Миннесота университетімен бірлескен Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы ашылды
Бүгін, 15 желтоқсан күні, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Миннесота университетінің бірлескен бастамасымен Қазақстанда алғаш рет «Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы» салтанатты түрде ашылды. Аталған орталық ғылыми мәдениетті дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған заманауи зерттеу алаңы ретінде қызмет ететін болады.
Орталықтың негізгі миссиясы – ғылыммен айналысатын барлық деңгейдегі зерттеушілерге, студенттерден бастап профессорлық-оқытушылық құрамға дейін, кешенді қолдау көрсететін тұрақты зерттеу экожүйесін қалыптастыру.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта қатысып, өз сөзінде орталықтың ашылуы елдегі зерттеу экожүйесін нығайтуға және жоғары білім беру жүйесінде үздіксіз білім алу мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Министр орталықтың оқытушылар мен зерттеушілердің әдіснамалық даярлығын арттыруға, ғылыми жарияланымдық дағдыларын дамытуға, зерттеу этикасының халықаралық стандарттарын сақтауына және қазақстандық ғылымды жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдастыруға арналған маңызды алаңға айналатынын жеткізді. Сонымен қатар «train the trainer» («оқытушыларды оқыту») моделінің енгізілуі зерттеу құзыреттіліктерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, академиялық қауымдастық ішінде білім мен тәжірибенің жүйелі түрде таралуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Салтанатты іс-шараға сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Хериот-Уатт университетінің вице-канцлері Ричард Уильямс, Миннесота университетінің Халықаралық бастамалар департаментінің директоры Марина Алейшо, Миннесота университетінің оқыту мен білім беруді дамыту жөніндегі профессоры Родни Уоллес, сондай-ақ Миннесота университетінің профессоры Баскар Упадхяй, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы - Ректоры Лаура Қарабасова қатысты.
Орталықтың негізгі қызмет бағыттарына зерттеулерді жоспарлау, деректерді талдау, гранттық өтінімдер мен ғылыми жарияланымдарды әзірлеу бойынша әдіснамалық кеңес беру, заманауи зерттеу әдістері, академиялық жазу және ғылыми этика мәселелері бойынша семинарлар мен білім беру курстарын өткізу, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформа қалыптастыру және ғылыми қауымдастықты дамыту кіреді.
Аталған орталықтың құрылуы – өңірдің ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жоба нәтижесінде қазақстандық ғылыми зерттеулердің сапасы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігі артып, ғылыми қызметке сыртқы гранттар мен инвестициялар тарту мүмкіндіктері кеңейеді, жастардың зерттеушілік және инновациялық қызметке қызығушылығы күшейеді, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық ғылыми қауымдастықтағы орны нығаяды.
Abai.kz