Бейсенбі, 23 Сәуір 2026
Көршінің көлеңкесі 144 0 пікір 23 Сәуір, 2026 сағат 14:23

Ресейге соққы: 90 миллиард еуро мен кезекті санкция

Сурет: РБК сайтынан алынды.

Еуроодақтың кезекті төраға елі Кипр сәрсенбіде (22 сәуір) ЕО елшілері Украинаға 90 миллиард еуро несие беруді мақұлдағанын растады; ресми процесс бейсенбіде яғни бүгін аяқталады.

Ирландияның сыртқы істер министрі Хелен МакЭнти бұған дейін Венгрияда жаңа премьер-министр сайланғаннан кейін Украинаға берілетін 90 миллиард еуро несиеге қойған ветосын қайтарып алғанын жазған еді.

Ол X (бұрынғы Twitter) парақшасында: «Мен Венгрияның 90 миллиард еуро несиеге қойған бұғатын алып тастайтынын, сондай-ақ Венгрия мен Словакияның санкциялардың 20-шы кезеңіне қарсылығын тоқтатқанын да барынша құптаймын», - деп ағынан жарылды.

Ол: «Бұл оң және сындарлы қадам, біздің осы маңызды сәтте бірлікке, тұрақтылыққа және шешуші әрекетке деген ортақ міндеттемемізді көрсетеді» деді. Кипр өкілі артынан: ұсыныстың жазбаша процесс арқылы соңғы шешім қабылдау үшін Еуропалық Кеңеске ұсынылатынын айтты. Бұл жазбаша процесс 23-і күні түстен кейін, Кипрдегі ЕО көшбасшыларының кездесуімен тұспа-тұс келеді деп күтілуде.

ЕО үшін ерекше серпілістің өзегі Венгриядағы сайлаудан кейінгі өзгерістерде жатыр.

Словакия премьер-министрі Роберт Фицо бұған дейін «Дружба» мұнай құбыры «шын мәнінде қайта іске қосылғанға дейін» санкцияларды тоқтата тұруды қалайтынын мәлімдеген болатын. Қазіргі оқиғалар Фицоның құбырдың қайта іске қосылуына қанағаттанатынын көрсетеді.

«Достық» құбыры әлемдегі ең ұзын мұнай құбырларының бірі болып табылады, ол Ресейдің шикі мұнайын Орталық және Шығыс Еуропаға тасымалдайды. Теңізге шыға алмайтын Венгрия мен Словакия үшін бұл құбыр энергия қауіпсіздігі үшін өте маңызды.

Бұған дейін құбырдың Украина бөлігінде туындаған іркілістер Виктор Орбан мен Джузеппе Феконың бірлескен наразылығына әкеп соқты. Венгрия Украинаға несие беруден бас тартты, ал Словакия Ресейге қарсы санкциялардың 20-шы кезеңін бұғаттады.

Венгрияның мұнай алыбы MOL компаниясының мәліметіне сәйкес, украиндық оператор сәрсенбі күні түстен кейін Беларусь арқылы оңтүстікке қарай ағып жатқан шикі мұнайды қабылдауды қайта бастаған. Энергетикалық қауіп жойылғаннан кейін, Венгрия мен Словакия Украинаға ЕО-ның ауқымды көмегіне қол жеткізуге жол ашты.

Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбі күні олардың әрекетін «қазіргі жағдайда дұрыс саяси сигнал» деп бағалады. X-тегі парақшасында «Украинаны қолдау мен Ресейге қысым қуатты болғанда ғана Ресейдің Украинаға шабуылын тоқтатуға болатынын» жазды.

Ол Украинаның ЕО алдындағы міндеттемелерін орындап жатқанын, тіпті «Достық» құбырын пайдалану сияқты сезімтал мәселелер де солай болатынын атап өтті. Ол Еуропаның қолдау бағдарламасының «тез арада іске қосылуының» маңыздылығын да баса айтты.

Ресей сәрсенбі күні «техникалық себептерге» байланысты, 1 мамырдан бастап Қазақстаннан Германияға мұнай тасымалдауды тоқтататынын растады.

Abai.kz

0 пікір