Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 319 0 пікір 19 Желтоқсан, 2025 сағат 15:05

Биыл әуе көлігімен 26,6 млн жолаушы тасымалданды

Cурет: forbes.kz сайтынан алынды.

Оның ішінде 13,1 млн жолаушы отандық әуе компанияларымен тасымалданған. 

2025 жылдың 10 айында әуе көлігімен 26,6 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. Бұл 2024 жылғы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Оның ішінде 13,1 млн жолаушы отандық әуе компанияларымен тасымалданды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға артық.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, есептік кезеңде әуежайларда өңделген жүк көлемі 140 мың тоннаға жетті, оның ішінде отандық әуе компаниялары тасымалдаған жүк көлемі 23,8 мың тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға көп.

Ішкі әуе бағыттарының саны 60 бағытты құрап, аптасына 821 рейс жиілігімен орындалды. Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 131 бағытқа дейін кеңейтіліп, аптасына жалпы 616 рейс орындалды.

Қазақстан аумағында авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО аудиті жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (72%) және ортаеуропалық деңгейден (88%) айтарлықтай жоғары. Қазақстанның көрсеткіші ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуроазиялық өңірінде де ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған сапары аясында "Air Astana" әуе компаниясы мен Boeing компаниясы арасында бұрын тапсырыс берілген үш әуе кемесіне қосымша 15 Boeing 787–9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. 18 Boeing 787–9 әуе кемесінен тұратын әуе паркінің жалпы құны 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Әуе паркінің толықтырылуы Қазақстанға халықаралық маршруттардың географиясын кеңейтуге, оның ішінде АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.

Отандық әуекомпанияларының әуе кемелері паркі 12 жаңа ұшақпен толықтырылды (SCAT – 4 Boeing 737 MAX8, Air Astana – 3 Airbus A321/320, FlyArystan – 5 Airbus A321/320).

"Ақтау қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен рөлдеу жолының күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Балқаш қаласы әуежайы терминалының реконструкциясы аяқталу сатысында. Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш әуежайдың құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ Арқалық қаласы әуежайының қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, Павлодар қаласы әуежайының аэродромын реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Abai.kz

0 пікір