Қазақтың той мәдениеті және бірегейлік (identity)
Кейде қазақтың қазіргі тойын ысырабы көп деп бәріміз қосылып жамандаймыз. Ысырабы көп екені рас, дегенмен қазақ тойының біздің ұлттық саясатымызда, қазақ бірегейлігін қалыптастыруда өз орны бар.
***
Қазақ сонау «Ақтабан шұбырынды» сияқты ауыр замандарда да той тойлауды ұмытпаған сияқты. Мәшһүр Жүсіп бабамыз Бағаналы ішіндегі заманында «хан Барлыбай» атанған азамат туралы: «Оның «хан Барлыбай» атанғандығы-«Ақтабан шұбырынды»- сықылды бір жұт болғанда, өңгеде тігерге тұяқ, тағалы торы тай қалмағанда, Барлыбайда жалғыз ат қалып, ол заманда қазақтан өңге құрыса да, ас, той, жиын, батаоқыр құри ма?! Сондай бас қосылатын жиналысқа өзге жан жаяу-жалғыз, өгіз, түйемен шұбырса, жалғыз бұл атты болған екен де, сондықтан «хан Барлыбай» атанған екен» (Шығармалары, 5 т, 2013, 113 б.).
Бізге бұл әңгімедегі Мәшһүрдің «ол заманда қазақтан өңге құрыса да, ас, той, жиын, батаоқыр құри ма?!» деген сөзі маңызды.
***
Осы тойшылдықтың себебі не? Себебі той –коммуникация құралы, яғни тіршілік барысындағы қарым-қатынас, пікір алысу, ой бөлісу, алға жоспар жасау сияқты әрекеттердің көпшілігі той арқылы іске асады. Той өткізгендегі басты мақсат ысырап жасау емес, ішкі байланысты күшейту арқылы қоғамның бірегейлігін қамтамасыз ету. Ішкі байланысы мықты қоғам қандай қиындықты болсын жеңіп шығады.
***
Жас этнографтардың назарына– Қазақтың той мәдениеті және оның әлеуметтік қызметі» деген тақырыпты ұсынамыз.
***
Тағы бір мәселе – бұл той мәдениеті және қазақ бірегейлігі. Бұл жердегі бірегейлікті біз «Cultural identity» деп белгілейміз. Қазір қарасаңыз қазақтың «Тұсау кесер» сияқты тойлары ҚР-дағы өзге этностарының отбасылық тойларына айналды. Бірте –бірте өзге этностық топтардың үйлену тойлары да қазақша нұсқаға түсетін түрі бар. Этнология ғылымындағы «Cultural identity» деген осы, яғни мемлекет ішіндегі, әлемдегі әртүрлі этникалық топтардың бір мәдениетті қабылдауы, өзара жақындасуы. Бұл біздің еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселе.
Екіншіден, жақында Стамбұлда болған уақытта бір қызық әңгімелерді естідім. Той жасағанда Қазақстаннан қоржын т.б. әкелеміз дейді. Тұрмысқа шығатын қыздарына Қазақстаннан арнайы сәукеле тіктіреміз дейді. Зәйтінбұрында Қазақстаннан алып келіп, қазақ той жабдығын сататын дүкен бар дейді. Бұл дегеніңіз қазақтың той мәдениеті шет алдегі қазақтар үшін де бірегейлікті сақтау кепілі қызметін атқаруда.
Міне, қазақтың тойы және бірегейлік деген тақырыптағы ойларымыз.
Проф. Ж.О.Артықбаев
Abai.kz