Бейсенбі, 25 Желтоқсан 2025
Анық-қанығы 107 0 пікір 25 Желтоқсан, 2025 сағат 14:16

Қымбатшылыққа кім кінәлі?

Сурет: Turkystan.kz сайтынан алынды.

Депутат Темір Қырықбаев Мәжілістің жалпы отырысында бағаны тұрақтандыру механизмдері тиімді жұмыс істемей отырғанын, азық-түлік бағасын бақылауда кемшіліктер орын алғанын атап өтті.

«Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі жөніндегі есебі қаралды. Бұл экономиканың орнықты дамуы, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірісті дамыту тұрғысынан аса өзекті мәселе болып тұр. Талқылау барысында Үкіметтің бизнесті субсидиялау саясатының нақты нәтижесі, оның жарияланған мақсаттарға сәйкестігі және ең бастысы – бұл шаралардың қарапайым азаматтардың тұрмысына қаншалықты әсер етіп отырғаны жөнінде өткір әрі орынды сұрақтар қойылды», - дейді депутат. 

Оның айтуынша, тұрақтандыру қорларының қазіргі жағдайына ерекше назар аудару керек.  Себебі мұнда тек бизнесті қолдау тетіктері туралы емес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға бағытталған мемлекеттің тікелей міндеті сөз болып отыр.

«Естеріңізге сала кетейін, тұрақтандыру қорлары 2011–2012 жылдары дағдарысқа қарсы құрал ретінде құрылған болатын. Мемлекеттің сол кездегі логикасы айқын еді: баға құбылған кезеңдерде нақты тауар қоры болуы және нарыққа жедел шығу мүмкіндігі арқылы бағаның өсуін тежеу, азаматтардың сатып алу қабілетін қорғау қажет болды. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл механизм бүгінгі таңда бастапқы мақсатына сай жұмыс істемей отырғанын мойындауымыз керек», - дейді Қырықбаев. 

Сондай-ақ, Жоғары аудиторлық палатаның есебі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру процесіне қатысуы тиімсіз екенін айқын көрсетіп отырғанына тоқталды.

«Соның салдарынан негізгі азық-түлік бағасы өсуде: бір жыл ішінде картоп шамамен 40 пайызға, ал пияз 20 пайызға қымбаттаған. Бұл – жүйелі болжам мен тиімді басқарудың жоқтығын білдіреді. Ең сорақысы, бюджет қаржысына сатып алынған өнімдердің халыққа жетпей, қоймаларда бұзылып жатқаны. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда сатып алынған өнімнің небәрі 19 пайызы ғана сатылған. Ал қалған бөлігі 2021 жылдан бері қоймаларда жатып, бағаны тұрақтандыру міндетін орындамай отыр. Қызылорда облысындағы жағдай да осының нақты мысалы. Мұнда тұрақтандыру қорының қоймаларында шамамен 1,8 млрд теңгенің өнімі есепте тұрғанымен, сақтау орындары ұзақ мерзімге лайықталмаған, ал әлеуметтік дүкендерде ет пен сүт өнімдері жетіспейді», - дейді ол. 

Депутатың сөзінше, тағы бір алаңдататын жайт, тұрақтандыру қорларына бөлінген қаражаттың айналымнан шығарылып, депозиттерге орналастырылуы. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бір жыл бойы 2 млрд теңгеден астам қаражатты депозитте ұстаған. Аудиторлық материалдар мұндай жағдайлардың өзге өңірлерде де бар екенін көрсетеді.

«Жоғары аудиторлық палата қазіргі форматта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру тетіктеріне қатысуы орынды емес екенін атап өтті. Бүгінде СПК-лардың өзінде тұрақтандыру қорларымен жұмыс істеудің нақты әрі түсінікті алгоритмі жоқ. Өнімдер қалай және қашан сатылатыны алдын ала жоспарланбайды, тауар «қолайлы сәтті» күтіп қоймаларда ұсталады, ал нәтижесінде нақты әрекет жасалмайды. Талқылау нәтижесі бойынша Мәжіліс депутаттары жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты ұсынымдар берді. Үкімет әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен тұрақтандыру қорларының тиімділігіне кешенді баға беріп, олардың жұмыс моделін қайта қарауы тиіс», - деді Мәжіліс депутаты. 

Темір Қырықбаев жоғарыда атап өткендей, бағаны тұрақтандырудың айқын, өлшенетін және ашық тетіктері болуы қажет.

«Тұрақтандыру қоры қай кезде, қандай көлемде нарыққа шығады және оның нақты нәтижесі қандай болатыны анық белгіленуі тиіс. Ал әкімдіктер өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, нақты әрі өміршең ұсыныстар ұсынуы керек. Бізге тұрақтандыру қорларының өнімді қалай сатып алуы, қашан және қалай сатуы керектігін нақты айқындайтын тиімді әрі түсінікті модель қажет», - деді спикер.

Мәжіліс депутаттары бұл мәселені алдағы уақытта да қатаң бақылауда ұстап, Парламент ұсынымдарының толық орындалуына және тұрақтандыру қорларының халық мүддесіне сай, өз функциясын нақты атқаруына күш салатын болады.

Abai.kz

 

0 пікір