Сенбі, 22 Тамыз 2026
Анық-қанығы 1997 0 пікір 5 Тамыз, 2026 сағат 15:44

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі дәстүріміз сақталсын!

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

Кешелі-бүгін жұрт тойда тілектің орнына уағыз айтып, онда да аса радикалды пікір айтқан кісіні қызу талқылап жатыр...

Ол кісі "ұрғашылар мен еркектер бөлек-бөлек отырсын", "музыканы құрту керек", "музыка шариғатқа қайшы. Әншілер шайтанның бірдеңесі" деп сөйлепті. Сөз саптауы да, көзқарасы да радикалды адам көрінді.

Ұлттың тағдыры - рухани тамырында. Әуен мен ырғаққа қарап ұлттың өмір салтын, болмысын және дүниетанымын айқын тануға болады. Қазақтың музыкалық мәдениеті – ұзақ тарихи эволюциядан өткен. Қазақтың ұлт болып қалыптасу кезеңімен біте қайнасқан, төл тарихымыздың ажырамас элементі екені діндар шалдың миына кіріп-шықпайтыны айдан анық!

Менiңше, қазақ анық мақтанса – бiрiншi кезекте халықтық музыкалық өнерiнiң телегей-теңiз бай екендігіне мақтануға тиiс! Бұл өзiн-өзi мақтау емес. Қазақтан өзге қай халық туралы шетелдiктер: “Бүкiл сахарасы ән салып тұрғандай”, – депті?! Ал, Затаевичтiң “Қазақ халқының 1000 әнi” жинағымен танысқан Еуропа зиялылары (Луи Арагон): “Осыншама музыкалық қазына Еуропадағы он халықты қосқанда да табылмайды!” – деп таңқалды емес пе?!

Ұлт руханиятынан нәрлену мүмкiндiгi шектелген халықтың азаматтары жел қуған қаңбақша түрлi жателдiк мәдениеттердiң, идеологияның ықпалында кетiп, ұлттық тамырынан ажыраған жағдайда бiрлiгi ыдырап, өзге елдiң отарына айналатыны, ассимиляцияға ұшыратылып, ұлт ретiнде жер бетiнен мүлде жойылып кететіні тарихтан мағлұм.

Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қаринның әлеуметтік желідегі парақшасында тойда тілек айту кезінде ерсі уағыз айтып, қоғамда қызу талқыға түскен азаматтың әрекетіне қатысты білдіруінде де осындай негіз жатыр деп ойлаймыз.

Ол аталған видеоны көргенін айтып, онда айтылған әйелдерді кемсітетін көзқарастар мен әншілерге, музыка өнеріне қарсы пікірлердің қазақ қоғамының болмысына мүлде жат екенін атап өтті.

Ерлан Қарин қоғамдық өмірде діни шектеулерден бұрын заң талаптары басшылыққа алынуы тиіс екенін баса айтып:

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды ол.

Кейінгі кезде қазақ қоғамында ұлттың сан ғасырлық салт-дәстүрін терістейтін әсіресе діни белсенділіктің өршіп кеткені айдай ақиқат. Ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі асыл әдет-ғұрпы шала молдалардың басты нысанына айнылды.

Тіпті бір уағызшы «Қазақ тілінің 70 пайызы арабтікі» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Абай хакімнің құлаққа сіңген, ойда жатталған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңін өзгертіп: «Аллаһтың өзі де рас, сөзі де рас» деп айтатындар шықты.

Мәдидің әйгілі «Үшқарасының» сөзін бұзып, «Сүйендім абақтының шарбағына, сиындым бабам Қазбек аруағына» деген жолдарын «Сүйендім абақтының шарбағына, сиындым жаратушы бір Аллаға» деп әндететіндер көбейді.

Көпшілік «Жусан» операциясының басы-қасында болған Ерлан Қариннің бұл мәселеге назар аударуын жақсылыққа балауда. Ұлт тағдырына алаңдағандарда жаңа үміт пайда болды.

Бүгін Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы мынандай ақпаратпен бөлісті.

Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының мамандары интернет-кеңістікте заңсыз миссионерлік қызметпен айналысатын және діни материалдар жариялайтын желі қолданушыларының арасында Айнұр Асенберді атты журналисттің әлеуметтік желідегі парақшаларына мониторинг жұмыстарын жүргізген.

Мониторинг барысында Айнұр Асенбердінің 31.07.2026 жылы youtube парақшасында жарияланған «Сізге уағыз айтуға тиым салынды. Енді не істейсіз? Дарын Мубаров|» атты подкастқа ҚР аумағында тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысқан Дарын Мубаровпен түсірген подкасты анықтаған. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан әлеуметтік желілерде бұл подкастты жариялаған.

Басқарма аталған материалға құқықтық баға беріп, діни заңнаманы бұзу анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдамақ екен.

Қазақ руханиятының теріс ағымдардан тазарып, ежелгі арнасына түсетін, әсіре діншілдердің жымысқы пиғылын тезге салатын күн де алыс емес деген сөз.

Abai.kz

0 пікір