Жұма, 7 Тамыз 2026
Анық-қанығы 573 0 пікір 6 Тамыз, 2026 сағат 14:08

Өнерге «еңбегі сіңбеген» өнер иесі

Сурет: argymaq.kz сайтынан алынды.

Талғат Мұқыш есімді сыбызғышы бар. Өзі ғалым, өзі күйші. Қырық жылға жуық қара нардай сол жүкті артып келе жатыр. Айта берсең, істеген ісі өте көп.

Алғаш рет сыбызғыда күй тартудың кәсіби мектебін қалыптастырды. Алғаш рет сыбызғышылық өнер туралы ғылыми зерттеу жасап, ғылым кандидаты атанды. Алғаш рет сыбызғы үйренуге арналған оқулық жасады. Алғаш рет... алғаш рет... осылай кете береді. Бірақ қазаққа еңбегі сіңбеген екен.

Дәл солай. Қырық жыл сыбызғысын арқалап, күй тартып жүрсе де, «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы бұйырмады. Ұсынбады емес, сан мәрте ұсынылды. Лайықты емес екен. Жалпы, бір мектеп қалыптастырған, ғылыми айналымға сыбызғышылық өнерді қосқан адамға «шаппай бәйге» берілу керек еді ғой. Жинаған қағазына, өткізген есебіне емес, істеген жұмысына қарай берілу керек. Осы жерде кім айтар екен: «Талғат Мұқыш атаққа лайықты емес», – деп?!

«Атақ ол не?» дерсіз. Өнер адамы үшін атақ – ол мотивация. Шабыт. «Бізді де елеп жатыр-ау» деген сезім. Сол ғана. Басқа пайдасы жоқ. Былтыр осындай атақты алған ағамыз: «Рүстемжан, “Еңбек сіңірген қайраткерді” алдық. Жалақыға титтей ғана қосылады. Егер өліп қалсақ, Астана зиратынан тегін орын береді екен», – деп күлдіргені бар. Бірақ сол атақты алғаннан кейін, сол ағамызға қанат біткендей, біраз шаруа жасап тастады.

Талғат Talgat Mukyshev аға, сіздің «Сыбызғы сазы» (Алматы, 2005) еңбегіңізді қарап отырып, осындай ойға келдім. Болашақтан хабарым жоқ, бірақ әзірге «еңбегі сіңбеген» қайраткер екенсіз. Мүмкін, сыбызғыны тастап, сахнада фонограммамен ән айтып кетесіз бе? Әлде бокстасып кетесіз бе? Әйтеуір, солай жүрсе, атақты алу тез дейді ғой.

Қайдан білейін... «Жыртық үйдің де Құдайы бар» дейді ғой. Үміттіміз...

Рустем Нүркенов

Abai.kz

0 пікір