Бейсенбі, 25 Желтоқсан 2025
Ақмылтық 266 0 пікір 25 Желтоқсан, 2025 сағат 17:39

Жыл қорытындысы: Дүниежүзілік додаға түскен дипломатия

Коллаж: Abai.kz. Суреттер: wikipedia.org, akorda.kz.

Бірінші бөлім: Жыл қорытындысы: Мәдениет саласында не істелді?

Екінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық?

Үшінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасы қандай күйде?

2025 жылдың сыртқы саяси қорытындысына сай бір ауыз сөз

Түрі мен сыры, тұрқы мен сұрқы турбуленттік сипат алып бара жатқан, дүниежүзілік дизайн мүлдем жаңаша құрылып жатқан мына алмағайып әлемде сыртқы саясат Қазақстанға не берді? 2025 жылдың бір қорытынды сұрағы сол болар.

Олай болса, айтайық.

Билікті қанша жақтырмай, сынасақ та, өтіп бара жатқан жылы қазақ дипломатиясы өзін әлемдік аренада әбден лайықты танытты, сол арқылы сыртқы қауіп-қатерлердің алдын-ала білді деп санаймын.

Сыртқы істер министрлігінің есебін әзірше көре алмадым, жасанды интеллект деген құдіретке жүгінсем, ол «бізде ондай, бір құжатта жинақталып,  біріктірілген ресми статистикасы жоқ» деп жауап беріп жатыр.

Десек те, ЖИ менің сауалыма «ресми ақпаратқа салсақ, осы жылы президент Тоқаев екіжақты келіссөздер, халықаралық саммиттер мен форумдардар алаңдарындағы кездесулер, шетел басшыларының Қазақстанғы сапарлары мен халықаралық ұйым басшыларын қабылдау өткізді десек, олардың жалпы саны 60-70 маңайы» деп жауап берді.

Жыл 365 күннен түрады десек, бұл өте үлкен көрсеткіш. Яғни, әрбір бес-алты күн сайын президент халықаралық мәртебесі бас кездесу, жиын өткізді не оған қатысты деген сөз.

Меніңше, кәсіби дипломат Тоқаевқа сыртқы саясатқа қатысты бір нәрсе айтудың өзі ыңғайсыз сияқты.

Қолдау ретінде айтарым төрт мәселе.

Біріншіден, дипломатия диверсификациялана бастаған сияқты. Мұнай мен газға, басқа да қазба байлықтарымызға байланып қалған өз экономикамызға әзірше бұйырмай тұрған бұл бюрократиялық бақыт ең болмаса дипломатиямызға бұйырғанына қуанамыз да. Президент Тоқаевтың сапарлары мен өз кеңсесіндегі кездесулердің географиясы мықты!

Екіншіден, бүгінде әлемдік саясаттың күн тәртібінде тұрған ең басты проблемаларға қатысты ресми Қазақстанға тағар мін жоқ деуге болады. Барлық позиция орнықты, байсалды, соның ішінде, бүгінде өз күшіне мініп алып, ғаламдық һәм локальды қақтығыстарды шешуде басты рольге ие бола бастаған АҚШ-тан бастап, Еуроодақ, Қытай, Ресей, Азия алпауыттарымен әңгімеміз жарасып жүргені бізге бір тамаша, геосаяси дивиденд беріп отыр: керек десе, олар өз қарсыластарымен Қазақстан арқылы сөйлескісі келеді. Біздің дипломатиялық логистикадағы Құдай берген жетістігіміз сол деп ойлаймын.

Үшіншіден, қаны бірдің – жаны бір, соңғы кезде Қазақстан түркі әлемімен қарым-қатынасты нығайта түскені баршамыздың көңілімізге қонатыны түсінікті. Бұл бағыт – аса маңызды бағыт, осы үрдістен айнымауымыз керек.

Төртіншіден, байқап отырсақ, сыртқы саясат деген кешенді ұғым Тоқаев тұсында жөнсіз пафостан айрылып, таза прагматикалық сипат ала бастаған сықылды. Ол да дұрыс.

Сонымен бірге сыртқы саясатқа қатысты екі сыни жайт та жоқ емес.

Біріншіден, көпвекторлы сыртқы саясат дегенмен, бізде әлі де Ресей және Қытай бағыты үстемдік етіп отырған сияқты. Оны біз, әсіресе, сол елдердің Қазақстан экономикасына батыл енуінен көріп отырмыз. Бізге мұндайда біржақтылық (бұл жағдайда – екіжақтылық) мүлдем қажет емес. Сауда-саттықта да, инвестиция тартуда да көпвекторлық керек.

Екіншіден, президент Тоқаев шетелге сапар жасағанда, әртүрлі келісім-шарттарға қол қойылады. «Аузы күйген үріп ішеді», кезінде, ескі Қазақстан тұсында небір мемлекетаралық шарттар жасалды. Соңынан қарасақ, мәселен, көрші Қытайдан он миллиард доллардан астам несие алыппыз. Доллардың да, еуроның да, юаньнің де сұрауы бар емес пе? Көршінің сондай Атымтай жомарттығының себебі неде, ол қарыз қандай шарттармен шектелген?

Меніңше, мемлекеттік бюджетке қатысты кез келген шетелдік. несие не қарыз міндетті түрді көппартиялық Парламенттің ратификациясынан өтуі тиіс.

Әйтпесе, баяғы жартас – сол жартас болып, болашақ ұрпағымыздың обалына қаламыз.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір