Бейсенбі, 8 Қаңтар 2026
46 - сөз 428 0 пікір 7 Қаңтар, 2026 сағат 13:28

Казино – ойран болу ойыны...

Сурет: caravan.kz сайтынан алынды.

Күні кешегі «Түркістан» газетіне берген мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаевтың: «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында мынадай Бағдарламаға айналуға тиісті сөйлемдер бар: «Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарда ұстаймын... Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болун білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс».

Шынында, Тазалық атты ұғым, ең әуелі, Рухани тазалыққа тәуелді. Ал Рухани Тазалық елің мен жеріңді таза сақтаудан басталады. Жеке тұлғаның немесе Ұлттың бойына бұл ұғымды сіңіру күресі, Билік – қас қақпай күзететін, бас бақпай күресетін қасиетті іске айналуы тиіс! Әйтпесе «хан екі сөйлесе, қадірі кетедінің» кебі болмақ. Ендеше неге осынау «таза қазақстандықтар» жеріміздің әулиелі нүктелеріне «казино саламыз» деп дүрлігіп жүр?!

Казино – шайтанның ұйығы. Ол – басы сайран, аяғы ойран кесапат, яғни қасірет ұясы! Сонда, Қасиет-Ордамызды қасірет-қордасына айналдыруға құштарлардың құлқын сұранысына ғана бола, бүгініміздің базарын, ертеңіміздің ажарын өз қолымызбен ойрандауымыз керек пе?! Сонда әлгі Президенттің «тазалық» туралы айтқан Мәртебелі тәмсілінің құны не болмақ?..

Қазір казино ашуға құштар топ қит етсе: «Қала-кенттерімізде түнгі клубтар, арақ-шарап ішетін нүктелер, мейрамханалар барынша жұмыс істеп тұр. Оларға тыйым салу туралы гәп жоқ. Казино да соның бір түрі. Екіншіден, бұл бюджетке қаржы түсіреді. Үшіншіден, оған жергілікті жастар бармайды, тек қана туристердің көңілдерін аулаймыз да қалталарын қағып аламыз. Төртіншіден, оны ашпасақ, «интернет-казинолардың» көбейіп кетуі мүмкін» деп «уәждерін» бората жөнеледі.

Ендеше бізді де тыңдаңыз. Арақ-шарап, наркомания, бүгінгі қорқынышқа айналған химикат есірткілер адамзат қауымына қарсы қатерлі күш. Одан ойран болған тағдырлардың санап шетіне шыққан ешкім жоқ. Бірақ бір шүкір етерлігі, елімізде «арақсыз ауылдар» көбеюде. Бұл ізгі үдерістің біздің топырағымызда басталуының өзі – осынау майданда түптің түбінде жеңіске жететініміздің анық ишарасы. Демек ұзамай «арақсыз қалалар» да пайда бола бастайды деген сөз. Сол кезде әлгі айтылған «нүктелер» өздігінен жойылады. Мұның бәрі Ұлттың сана деңгейінің өсуіне тікелей тәуелді. Екіншіден, барымызды ұқсата алсақ, тиісті буындарды жемқорлықтан тазартсақ, бюджетіміздің бүйірін біреулердің арам ақшасын «қағып алмай-ақ» толтырамыз. Обал-Сауапты ойлайтын, Ұят-Иманға бойлайтын ұрпақ келсе(келеріне күмән жоқ), оған да жетеміз. Ал әлгіндей «уәжшілерге» дана-қазақ баяғыда-ақ жауап беріп тастаған: «Көтіңді ашып отырып жеген борығың құрсын!» деп. Бұрынғы қазаққа жүрген Құдайлық Заң бүгінгі қазаққа да жүреді. Тек бүгінгі қазақ Құдайы мен періштесінен гөрі сайтаны мен нәпсісін көбірек тыңдайтын болғасын осындай сандырақтар айтуға мәжбүр. Үшіншіден, «казиноға жергілікті жастар бармайды» деген ертегіге сол «уәжді» айтып отырған жандардың өздері де сенбейді. Өйткені отыз жылдық ұры жүйе біздер үшін ашылмайтын есік қалдырмаған, «ақысын төлесең, боқысын шығарады»! Төртіншіден, казино ашу «интернет-казиноны» шектейтін болса, жаңағы «жергіліктілер бармайды» деген «уәж» өз-өзінен мәнін жоймай ма?!

Сөздің төтесіне көшсек, біз бұл жексұрын ойынның артында әлемдік тажали күштер тұрғанын жақсы білеміз. Бұрынғы басқыншы империялар тұсында әулиелердің басына доңыз сойып, олардың қасиет-киесін қашыруға әрекеттер жасалған. Бұл да сол тәсіл. Неғұрлым жынойнақты көбейте берсе, соғұрлым Өлі мен Тірінің арасындағы жанды байланыс үзіліп, әулие-әруақтардың тірі ұрпағын желеп-жебеу күші кеми бермек. Ал ондай мүжәлсіз тұрғындардың байлық-дәулетін теспей сору бұрынғыдан да жеңілдемек. Бұл ойындағы бар схема осы ғана!

Ата-Қазақтың ашынғанда айтқан тағы бір сөзі бар еді: «Ажалды теке  шопанның таяғына мүйізін үйкепті» деген. Ендеше «ажалды текелер» де ойлансын, біз ешқашан «әулиесі қойдай шулаған» қастерлі топырағымызға ендігі жерде сайтанның тойын жасатпаймыз!

P.S. Мен өткен жылы да тап осы мәселе жөнінде Президентке бейне-мәлімдеме жасағанмын. Оған ресми түрде жауап болмаса да ел-жұрт тарапынан аса зор қолдау көрдім. Бұл жолы да ұлт-ұрпағының ертеңінен үміті бар кез келген адамның үн қатпай қалмасы анық. Ақсақал-қарасақалдар бастаған сан мыңдаған жандардан қол жинауды білмей немесе қиынсынып отырғам жоқ, егер мына «ойын» тоқталмаса, олардың ойындары осылғанша әрекет етеріміз анық!

Сөз оңында айтарым, қадірлі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз Бағдарлама ретінде ұсынып отырған «Таза Қазақстан» үшін – «ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс тазалық үшін» бірге күресейік!

Светқали Нұржан,

Отан орденінің, ҚР Мемлекеттік  сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір