Министрлер халықтың жағдайын ойлай ма?
Қоғамда жиі қойылатын, бірақ жауабы әрдайым әрқыйлы болатын сұрақтың бірі, осы сөзді көп адамдардан естідім – «Министрлер халықтың жағдайын ойлай ма?» деген сауал. Бұл сұрақ кез келген мемлекеттің саяси-әлеуметтік өмірінде заңды түрде туындайды. Себебі министр – халыққа қызмет ету үшін тағайындалған тұлға, ал биліктің мәні – елдің әл-ауқатын арттыру.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында министрлер ауысты, реформалар жасалды, бағдарламалар қабылданды. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс сияқты: стратегиялық жоспарлар, жол карталары, ұлттық жобалар бар. Дегенмен, қарапайым халық үшін ең маңыздысы – сол құжаттардың өмірде қалай іске асатыны. Зейнетақысы мардымсыз қарт, несиеден көз ашпаған жас отбасы, ауылдағы жұмыссыз жас, қаладағы жалдамалы пәтерде тұратын мұғалім – осылардың әрқайсысы мемлекет саясатының нақты нәтижесін көргісі келеді. Егер нәтиже сезілмесе, «министрлер бізді ойламайды» деген ой қалыптасады.
Министрлердің халықтан алшақтап кетуінің бір себебі – басқару жүйесінің тым кабинетке байлануы. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтк қорғау министрі С. Жакупова жыл сайын Президентке есеп бергенде, көп ретте жалған ақпарат береді. Елімізде тұрақты түрде жұмыс орындары ашылмақ тұрмақ, барған сайын кеміп барады. Жастардың көпшілігі күн көру үшін, шетелге асып жатыр. Алдағы уақытта бұл министрлік Қазақстанды тақырға отырғызуы мүмкін. Сондықтан бұл азаматшаның жұмысына халық наразы. Көп жағдайда шешімдер статистикаға, есепке, көрсеткіштерге сүйеніп қабылданады. Ал статистика – тірі адам емес. Ол адамның жанайқайын, күйзелісін, үмітін көрсете алмайды. Мысалға алғанда, «орташа жалақы өсті» деген есеп берілгенімен, халықтың көпшілік бөлігі сол өсімді қалтасынан сезінбеуі мүмкін. Өйткені орташа көрсеткіш төмен жалақы алатындар мен өте көп табыс табатындардың арасындағы айырманы жасырады.
Екінші проблема – жауапкершіліктің жоқтығы. Министрлер жиі ауысады, алайда, алдынғы басталған реформалардың нәтижесіне толық жауап беретін адам табыла бермейді. Бір министр бастамған жобаны екіншісі жалғастырмайды немесе формальды түрде ғана жалғастырады. Ал сәтсіздікке ұшыраған реформа үшін саяси жауапкершілік билік иесі тарабынан қолданылмайды. Мұндай жағдайда халықта «ешкім жауап бермейді» деген түсінік қалыптасады.
Дегенмен әділдік үшін айту керек: министрлердің кейбірі халықтың жағдайын ойламайды деу – асыра сілтеу болар еді. Мемлекеттік басқаруда адал, кәсіби, ел мүддесін шын жүректен ойлайтын азаматтар кездеседі. Олар шектеулі ресурс, күрделі бюрократия, саяси тепе-теңдік жағдайында жұмыс істейді. Кейде жақсы бастаманың өзі төменгі орындаушылардың салғырттығы немесе жүйелік кедергілер салдарынан толық жүзеге аспай қалады. Бірақ, қарапайым халық бұл ішкі қиындықтарды көрмейді, ол тек соңғы нәтижені бағалайды.
Халық пен министрлердің арасындағы ең үлкен алшақтық – диалогтың жоқтығы. Қоғамдық тыңдаулар, есептік кездесулер көбіне формальды сипатта өтеді. Сұрақтар алдын ала іріктеледі, өткір проблемалардан айналып өтіледі. Ал әлеуметтік желідегі сын көбіне «хайп» немесе «популизм» деп бағаланып, шынайы сигнал ретінде қабылданбайды. Нәтижесінде билік өз-өзімен сөйлесіп отырғандай әсер қалдырады.
Тағы бір түйткіл – шешімдердің әлеуметтік салдарын толық бағаламау. Экономикалық тұрғыдан тиімді көрінген реформа әлеуметтік тұрғыдан ауыр соққы болуы мүмкін. Мысалы, тарифтердің өсуі, салықтың артуы, әлеуметтік жеңілдіктердің қысқаруы – мұның көбі бюджетті теңестіру үшін жасалуы ықтимал. Бірақ халық үшін бұл – күнделікті өмірдің қиындауы. Егер мұндай қадамдар алдында ашық түсіндіру, кезең-кезеңімен енгізу, әлсіз топтарды қорғау шаралары жеткіліксіз болса, сенім жоғалады. Нақтырақ мысал келтіре кетейік: Ұлттық экономика министрі С. Жұманғаринның жетекшілігімен биыл қабылданған салық кодексіне енгізілген өзгерістер келесі жылы кәсіпкерлерге, яғни айтқанда халыққа үлкен соққы жасауы мүмкін. Елдің тұрмысы мүлде төмендеп, кедейшілікке ұшырауы әбден мүмкін. Бұл министр билік иесінің көңілін тапқанымен, қарапайым кәсіпкерлердің және адамдардың сорлауы айдан анық.
Министрлер халықтың жағдайын ойлауы үшін ең алдымен қарапайым өмірге жақын болуы керек. Бұл – тек ауылға бір рет барып, камера алдында суретке түсу емес. Бұл – шешім қабылдарда «осы саясат менің отбасымның өміріне қалай әсер етер еді?» деп ойлану. Емханадағы кезекте сағаттап тұрған науқастың, мектептегі жүктемесі ауыр мұғалімнің жағдайын сезіне білу.
Сондай-ақ кадр саясаты да маңызды. Министрлікке келген адам тек кәсіби менеджер емес, қоғамдық жауапкершілігі жоғары тұлға болуы тиіс. Өмірдің тек бір саласында ғана емес, әлеуметтік процестерді кеңінен түсінетін, халықпен тіл табыса алатын азаматтар қажет. Өйткені мемлекет – бұл тек экономика емес, ол – адамдар тағдыры. Егер айтар болсақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарлығына Р. Склярдың орнына, Қызылорданың облысының әкімін әкелсе (халыққа өте жағын, адамдардың жағдайын терең түсінеді) әлдеқайда оңтайлы болар еді. Жоғарға билік иесінің де абыройын көтерер еді. Сол сияқты, келгеніне көп болмасада жасап жатқан жұмысында мардымды ештенке жоқ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е. Нағаспаев та көпшіліктің сеніміне ие бола алмай жатыр.
Қорытындылай айтқанда, «министрлер халықтың жағдайын ойлай ма?» деген сұрақтың жауабы біржақты емес. Ойлайтындары бар, ойлауға тырысатындары бар, дегенмен ойлағанын іске асыра алмай жатқандары да жеткілікті. Алайда халық үшін ниет емес, нәтиже маңызды. Сондықтан министрлердің басты өлшемі – қабылданған шешімдердің қарапайым азаматтың өмірін нақты жақсартуы. Егер билік халықтың үнін естіп, шынайы диалог орнатып, әлеуметтік әділеттілікті бірінші орынға қойса, бұл сұрақтың өзі күн тәртібінен түсер еді. Ал сенім – сөзбен емес, іспен қалыптасатынын ұмытпауымыз керек.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz