Бейсенбі, 8 Қаңтар 2026
Аласапыран 1105 0 пікір 7 Қаңтар, 2026 сағат 18:00

Пехлевидің үндеуі: Аятолла қос қаладан айырылды

Коллаж: Abai.kz

Мұғаджарлықтағы (эмиграциядағы) Иранның мұрагер ханзадасы Реза Пехлеви ислам республикасының күш құрылымдарын халық жағына өтуге шақырып, мұны «ұлттық борыш» деп атады.

«Бұл Иранның қарулы күштері мен қауіпсіздік күштеріне тікелей үндеу. Сіз Иран ұлтын қорғау үшін әскери киім кидіңіз және сіз айқын, тарихи таңдау алдында тұрсыз. Иранның батыл халқы тарих жазып жатқан күндері менің сіздерге сұрағым: тарихтың қай жағында тұрасыз? Қылмыскерлермен бірге ме, әлде халықпен бірге ме?

Ең басты мәселе - Ислам республикасының құлауында емес, оның жемқорлық пен репрессиялық режимге айналғанында. Осы шешуші сәтте мен сіздердің ұлттың құшағына оралып, қаруларыңызды халыққа ату үшін емес, оны қорғау үшін пайдаланасыздар деймін! Осылай жасай отырып, сіз тек өзіңіздің ұлттық борышыңызды ғана атқармайсыз, өз болашақтарыңыз бен отбасыларыңыздың болашағын қорғайсыздар!

Алты ай бұрын халыққа адалдықты қамтамасыз ету үшін Ұлттық ынтымақтастық платформасы құрылды. Сіздердің ішіңізден мыңдаған жан оған тіркелді. Ирандағы ұлттық көтерілістің қайта жаңғыруы және көптеген жаңа сұраныстардың толығуымен бұл платформа әрқайсыңызға шұғыл жауап беру үшін қайта жаңғыртылды. Егер сіз бұрын тіркеліп, жауап алмаған болсаңыз, онда оны қайыра жасауыңызды сұраймын. Қазіргі уақытта тіркеудің жалғыз қауіпсіз тәсілі - Iran International телеарнасында тікелей трансляция кезінде QR-кодты сканерлеу.

Біздің батыл ұлтымыздың әрбір азаматы халыққа оқ атқандардың жазаланатынына кәміл сенімді болсын. Иран ұлтын қолдайтындар ұлттық деңгейде құрметке ие болады. Иран аман болсын!».

Iran International телеарнасының хабарлауынша:

Шираздағы қауіпсіздік күштері сәрсенбі күні наразы халыққа оқ атқан.

Бендер-Аббас портындағы қала тұрғындары мен дүкен иелері көшеге шығып, ханзада Пехлевиді мақтап, наразылық ұрандарын айтты.

Керманшахта Азад университетінің студенттері ЖОО аумағына жиналып, «Студент өледі, бірақ қорлауды қабылдамайды» деген ұрандар айтуда. Дизелабад ауданында және Мосаддек алаңында саудагерлер дүкендерді жауып, көшеге шықты. Қауіпсіздік күштері көзден жас ағызатын газ қолданып, наразыларға оқ атқан. Тұрғындар мен күш құрылымдарының арасында қақтығыстар орын алып, акцияға қатысушылар оған «Диктаторға өлім» деген ұранмен жауап берді.

Теһеран, Шираз, Қазвин және басқа қалаларда саудагерлер, зауыттар мен кәсіпорындардың жұмысшылары жаппай ереуіл жариялап, наразылыққа шықты. Қауіпсіздік күштерімен соқтығысу туралы хабарланады.

Сонымен қатар, билік күш көрсетуін үдете күшейтуде. Теһераннан ДШК пулеметімен (Дегтярев-Шпагин ірі калибрлі пулеметі) және автоматты қарумен жарақтандырылған 100-ге жуық арнайы автокөліктен тұратын колонна жылжығаны сөз етілді.

Наразылық акциялары Иранның оңтүстігіндегі Фаса қаласында да өтті. Митингіге қатысушылар «Хаменеи - кісі өлтіруші, оның билігі заңсыз» деген ұрандарды айқайлады.

Иран билігі Тебриз, Ардебил және Зенджан қалаларына қосымша күш жұмылдыруда. Наразылықтар мен қақтығыстар күшеюде.

Fox News: Ирандағы тағы бір қала - Малекшахи қаласы наразылардың бақылауына өтті. Толқулар өрши түсті. Халық: «Хаменейге өлім» деп ұрандауда. Күні кеше Ирандағы мұнайлы Абадан қаласы наразы халықтың бақылауына өткен.

Abai.kz

0 пікір