Сейсенбі, 13 Қаңтар 2026
Әдебиет 172 0 пікір 13 Қаңтар, 2026 сағат 14:00

«Қан кешкен...»

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

(сыни-эссе)

«Қан кешкен...» осы, екі-ақ ауыз сөзді естіген сәтте-ақ төл тілін жеттік білетін адамның көз алдында кең даладағы қиян-кескі шайқастың жанды картинасы келе қалары сөзсіз. Ал, енді «Қан кешкен ханзадалар» деген кезде халқымыздың сонау ежелгі тарихына қарай қиялымыз шарықтайды. Бұл сөз, жазушы Жәди Шәкенұлының жаңа кітабының атауы. Бірден назар аудартқаны – бұл жаңа сөз тіркесінің поэтикалық әсері.  Осыдан бір-неше ай бұрын бұл кітапты қолжазба күйінде редакторлық жасауға қолыма алған едім. Атөрт парақшадағы бет санымен алғанда бес жүз бетке таяу көлемді романға ең кемі екі апта уақытым кететін шығар деп жобалағам. Бірден қаламымды қолға алып, жөндей жөнелуге тас-түйін оқуға кіріскенімде... кәдімгі қызыққұмар оқырманға айналып кеткенімді өзім де байқамай қалдым, төрт күнде түгел оқып шықтым. Енді, осының «Неге олай болды?» дегенін ғана айтсам, бұл туындының су жаңа атауына сай, бүкіл тарауындағы тарихи тайталастың молдығы, тың деректердің көптігі, осыған сәйкескен әдеби тәсілдердің де тез құбылатын жүрдектігіне шолу жасап бере алатын сияқтымын. Өйтсем, осы сыни-эссемнің де мақсаты орындалды әрі оқырман қауымға қазақтың әдеби-рухани әлеміне келген «Қан кешкен ханзадалардың» да жалпы мазмұнын жеткізіп, оларды да оқуға ынталандыру ниетім орындалар дедім. Кітаптың бірінші  бөлімі тағы да қанды сөзбен «Қанды кек» деп басталған: «Сені ме бәлем, Баба сұлтан!» деді, азу тістері сықырлап, ірі жақ сүйектері ойнап, көзіне қан толған Тәуекел». Осылайша, оқырманмен алғаш қауышқан кейіпкердің көзімен бейнеленген айнала көріністер де бізді сонау заманға, дәл сол бір шаққа, сайын даламызға ілезде алып келеді. «Даланың құла шегір таңы құлан иектеп келеді. Балық бауырланған аспан жиегін алқызыл сәуле жұрындап, жолбарыс жонды бұйра белдер үстінде ақшыл сағым дірілдейді.

...Дала тынысын ішіне тартып түсіп, тұлпарлар тұяғының дүбірі жерді сілкінтеді. Ат аяғымен түтеленген қара жусанның қышқылтым исі аңқиды. Жаңбыр жақындағанның белгісі ме,  әлде желмен  жеткен  дымқылдық па, оңтүстік шығыстағы Балқаш жақтан тұщы су ылғалы тынысқа сезіледі...» Міне, өстіп өткен тарихымыздың терең қойнауына бірден кірген соң, сол шақтағы бабаларымызбен бірге жүргендей, қоян-қолтық араласып кеткендей сөз құдіретімен сомдалған кәдімгі етене өмірді бірге кешіп кете барасыз... «Қан кешкен ханзадалар» келесі кезекте даңқы бүкіл әлемге жайылған, «мен» деген талай қаламгер қалам тартып мыңдаған кітаптар мен тарихи зерттеулер жазылған әйгілі Темушін Шыңғысханның заманына бірден қауыштырады. Бұған дейінгі бүкіл жазбалардың жартысы осы тарихи тұлғаны әсіре көтермелеп әулиеге баласа, қалған жартысы өлтіре жамандап асқан жауыз етіп келіп еді. Жоқ, бұл кітапта мүлде басқа, кәдімгі өзіміз көріп жүрген жұмыр басты пенде, жақсылығы да, жамандығы да қатар кәдімгі адамды көреміз. Көзге жылы, көңілге жұғымды, «иә, солай ғой» дегізерліктей бәрі сенімді. Бұл тарау «Тұғырыл хан ордасында» деп, басталады. Яғни, жетім қалған Темушінге өкіл әке болып, оның дұшпанын жеңуіне көмек беріп, ақыры оны Шыңғысхан тағына жеткізген, соңында өзі одан опық жеген қилы оқиғаның басталуы: «Тұғырыл ханның жаздық ордасы. «Алдияр, тақсыр, хан ием, Алтан ханының елшілері сізге кіруге рұқсат сұрайды!»

«Алтан хан елшісінің Тұғырыл ордасына ат басын тіреуі бірінші рет болғандықтан сахара төсіндегі хандыққа таң-тамаша болды. Оның ойынша қалалы жердегі қытай сарайларымен салыстырғанда көшпенділердің өмірі аса жабайы болса керек еді... Ал мына жазғы орданың сәні мен салтанаты тіпті бөлек. Отыз қанат Орда тіккен үлкен алаңқай жұрттың табан-астына күйдірілген тас кірпіштер тегіс қаланған...темір сауытты отыз сарбаз міз бақпай күзетте тұр...Ордаға қосымша қызмет ететін үйлер де ығы-жығы емес, бас ордадан кейінгі, он екі қанаттық, сегіз қанаттық, алты қанаттық өрнекті ақ үйлер аққудың қос қанатындай орданың екі қапталына аса ретті, тәртіппен орналастырылған. Орда үйлерін тұтастыратын жолдарға да дерлік тас төселген. Жаңбыр суы жырашықтарда сарқылып ағатын ұсақ суағарлар да шеберлікпен жасалған». Бұл көріністер де қытайлық Алтын хан елшісінің бақылауы бойынша бейнеленіп тұр. Керей елінің атақты ханы Тұғырылдың аз сөзді дегдарлығы да, елшілер ойлап келгендей жапырыла жалпылдамайтын елдік сұсы, ерен салтанаты да сырт көз елшілердің көкей көзімен сараланады. Оқырман да сол елшілермен бірге Тұғырыл ордасының төл тірлігіне тәнті болады. Міне, осындай айбынды Алтын хан елімен иық теңестірген Тұғырылдың кең көсілген Керей елі де, жайылып жатқан жойқын Найман елі де тайталас бақталастықтың соңында темірдей мықты жас Темушиннің тегеурініне төтеп бере алмаған алапат кезеңнің де кезі келеді.  Кітаптың «Өкіл әке» тарауында:

«...алды-артын түйіндеп болған Тұғырыл хан Бөржігендердің тайпа көсемі Темужінге өзімен бірге татарларға қарсы жорыққа аттануы хақында арнайы хат жолдады: «Балам, татарлар сенің де, менің де бітіспес жауымыз... Атаң Амбағай қағанды Киданға ұстап беріп өлтірткенін, әкең Жесукей баһадүрді де улап мерт қылғанын ұмытпаған боларсың. Оларға ойсырата соққы берудің орайы келді. Алтан патшасы арнайы елшісін жіберіп, татарларды жазалау жорығына бірге аттануымызды сұрап отыр. Өзіңе қарасты елің мен көршілес нағашың Қоңыраттардан қол жинап, тез арада бізбен бірге жорыққа аттануға дайындал!». Осы хатта еске алынған көптеген қызықты сәттер кітаптың тарауларында фильмдегідей шұбырта суреттеледі. Жетім Тәмужіннің екі бауырын ертіп қайын атасы Тай шешен берген қара бұлғын тонды сый етіп Тұғырылға барған кезі, өкіл әкенің ел басқару туралы өкіл баласына айтқан даналық сөздері... Осы одақтасқан қалың қолдың Татар елін қиратқан сан-қилы соғыс тәсілдері, жеңістен кейінгі сый-сияпат ұсынылған салтанатты рәсімдер... бақталас хандардың құбылмалы бет-әлпеті мен ішкі қыжыл ойлары да оқырманды көрерменге айналдырады. Мұндағы дөп таңдалған сөздер арқылы ежелгі ғажайып өмірді қайта тірілткен қазақтың сан бояулы тілінің суреттерін «өткен тарихымыздың бейнелі экраны» дер едім. Дәуірдің ауысуы енді, еуразияның көшпенді көкжалдарын түгел билейтін бір алып тұлғаны тудыратын уақыттың толғағымен туындаған тынымсыз сахара соғыстары сахнада атойлап, телесериалдай «енді, не болар екен?» дегізген кітаптың жаңа тараулары алға жетелей түседі.   «Темужін болса, қарауылдары арқылы Тұғырыл мен Жамуқа қосындарының түн ішінде аттанып кеткенінен хабар алған. Солай болса да бұл хабарды өз қосындарынан жасырын ұстады да, таң атар-атпаста ғана білген кейіп танытып, өз әмірлеріне: «Шынымен де хан әкей бізді алдап жұртқа тастап кеткені ме?!» деген таңданысын білдірді. ...Сөйтіп, Темужін мен Қасар екеуі Наймандардың қарулы тосқауылынан сырт айналып өтіп кетті. Керей мен Найман жағының қантөгіске баратынын да әбден бағамдап, өз ұпайына керекті оңтайлы сәтті күтті. Жамуқа өзінің: «Темужін Наймандармен астыртын тіл біріктіріп, бізді отқа итеріп, өздері әдейі қалып қойды» дегеніне, Тұғырыл ханның желп етпегеніне іштей назаланып, Темужінге жасырын хабаршы аттандырды: «Тұғырыл хан сендерді әдейі Наймандардың қолына қалдырып қашып кетті» дегенді жеткізді». Міне, осылай өкіл әке Тұғырыл мен өкіл бала Темушіннің арасына екіжүзді дұшпаны от салған тарихи мезет, келесі кезекте тосқауылға тоқтамас, әлемді жойқындығымен жаулаған «Шыңғысханның қанды  селінің» тоспасын ағытқан еді. «Қанға боялған алтын тақ»  тарауы, «Темужін бос қалған Тұғырылдың хан тағына келіп отырды. ...өзінің бала күнінде, жетім кезінде Тұғырылдың алдына келіп тізерлеп отырғаны елес берді. Жеңістің желігі емес, естелік еңсесін езді... «Мәртебелі нояндар! Туыс-туғандар, Тұғырылдың хан тағынан кетуі оның жеңілісі дегенді білдірмейді. Мәңгілік Тәңірінің жебеуі, бабалар аруағының қолдауы мені биікке көтеріп, оның дәуренін аяқтатты. Мен де қартайып, орын тағымды келесі біреуге ұсынсам, ол да Тәңірдің үкімімен... Біздің Керей Елін иелеп алуымыз оның халқын торғайдай тоздыру дегендік емес. Соғыста ең көп қарсылық көрсеткен Жарқын (Жіркін) руының бас батыры Қадақ кетсе де ержүрек оғландарының үрім-бұтағы қалды. Әрбір қосын өзінің шеп бұзар батырларының құрамына ержүрек әулеттің ұлдарын қосып алсын. Менің бекзат ұлдарым, Тұғырыл хан ордасының ханымдары мен ханышаларын қамқорына алып, олардың өз ордасында бұрынғыдай жырғаулы өмір сүруіне жағдай жасасын...» Темушін өз ар-ұжданын ақтау үшін осындай пәрмен түсіріп, хан текті ақсүйек екенін көрсетсе де, өкіл әкесі Тұғырылға деген сағынышы мен өкініші өмірінің соңына дейін көкейінен кетпегенін кітаптың әр тұсынында трагедиялы әуендей еңіреп еске түсіріліп тұрады.

«Қанатты пырақ»  деп аталған кітаптың бұл үлкен бөлімі әйгілі Тұғырылдан асыл тек жалғасты ма, әлде құрыды ма, деген бұған дейін қаламгерлер қалам тартпай елеусіз қалған ересен тақырыптың да талай қырын ашқан.  «Аллаху акпар, Аллаху акпар! Тайбұға осы өңірге келгелі азан дауысын жиі еститін болды. «Ата!» дейді Тайбұға, Мұрат биге қарап, бұлдыр-салдыр ес біле бастаған шағымда осы бір жағымды әуезді алғаш рет Теңді қаласынан естіп едім. ...баяғы бал күнімді еске салып жатыр. Бұл Мұрат бидің күткен сауалы еді... Сол сарытап сағыныш Тайбұғаны жетектетіп осында әкеліп отыр. ...Саудагер бейнесіне кірген Мұрат би бүкіл нөкерлеріне керуен түйелерін  жетектетіп, Тайбұғаны  баласы  ретінде бауырына басып, ең әуелі ат басын Баласағұн қаласына бұрып еді... «Мен саған аңыз емес, болған оқиғаны айтайын ба?» деген Мұрат би, «Айтшы ата!» деп, көзі жайнаған жас ханзада Тайбұғаға: «Арғы жағы «тоғыз оғыз» аталған Керей тайпаларының қан кешті ұрыстары тұсында олардың тұлпарларының тұяғы бұл өлкені де талай таптаған. Берісі Марғуз ханның иелік аумағының бір шеті осы аймаққа дейін көсіліп жатқан... «О.о.о, ата, атаекем бәсе, сіздің осы байтақ аймақты алақаныңыздай білуіңіз тегін емес екен ғой. Мен бұл жердің бәріне жатырқай қарап, бөтен санап жүрсем, Марғуз, Тұғырыл аталарымның ізі қалған қасиетті дала екен ғой. Тайбұға осыны айтып, жұптаған алақанын бір-біріне қуана соғып, желпіне шаттанды...» «Түмен ордасы» бұл тарау Сібір хандығының негізін қалаған Тайбұға ханзаданың қилы тағдырын ашуымен аса қызықты. «Мұрат абыздың айтуында осы маңдағы жасыл төбелердің шоқтықты бірі Түмен бабаның қабірі екенінде еш күмән жоқ еді... Қоңыр самалға кеудесін тосқан Тайбұға орманды өлкенің алаңқай төскейлеріндегі биік-биік жасыл жоталарға құмарлана қарады. Кезінде Ертіс өңірінің орманды, далалы алқабы батыс Түркі қағанатының бір қанаты болған, Елтеміш, Естеми қағандардың ізі қалған, дәуір алмасып, қимақтар, қыпшақтар, ноғайлар, маңғыттар, ежелгі «сыпыр» халқы кезек мекендеген. «Ібір-Сібір» яки «Ыбыр-Сыбыр» деген атпен тарихқа таңбаланған құйқалы өңірге енді бұлар жаңа тұрғындар болып келді... Ендігі қалғаны Шыңғысханның өзінен пәрмен алу ғана еді»...  «Тайбұға әлдекімді іздегендей ханымдар мен ханышалар тобына мойын бұрды. Оның көз ишарасын түсінген Шыңғыстың кенже қызы Торғын бике екі беті алаулап, жасқана басып қасына келді. Тайбұға оның қолынан ұстап тұрып: Ұлыңыз Төленің қасында жүріп қызыңыз Торғын бикемен сөз байласып едім... Керей ордасының талай қызы қалыңсыз ұзатылып сіздерге келін болып еді. Мені ханзада ретінде танығаныңыз рас болса, қызыңызды өмірлік жар етуге рұқсат берсеңіз екен! – деді, үніне аз діріл араласып. Қаған тағы да күлді: «Керейлер сұрамайды, сұраса беріп қана құтыласың. Басында жеке иелігіңді сұрап едің, енді қызымды сұрадың. Бара-бара хан тағын сұрап жүрме?!» Қағанның жүзіндегі көңілді шуақты келіскені деп білген орда жұрты жамырай күлісті. Қаған сөзін жалғап, «Тебінгіңді терге шыламай, балағыңды қанға суармай оңай олжа бермейін деп, ойлап едім. Тайбұға балам, сен бәрінен де өтіп болыпсың. Жау қамалына атойлап, өзіңе мол олжа салыпсың. Енді, менен несіне рұқсат сұрап тұрсың?!» деп, ырзалық пен сынақ рай араласқан жарқын жанарымен қарады... Тайбұға ханзаданың абыройы асқақтап, Ертіс бойындағы өз сарай-тұрағына айбынмен оралды...» «...Қала құрылысын одан ары нығайту және жаңа қалаға ат беру хақында Тайбұға дүйім жұрттың алдында тебірене сөйледі: Бабаларым Ноян тауының бауырына әйгілі Қарақорым қаласын, Орхон өзенінің сағасынан Түндік қаласын, Алтайдың ұзын басынан Исақ қаласын,  Борсықатар  өзені бойынан Қара-Хото қаласын салып, беліне алтын ілгекті кісе буынып, қолына Айға жаныған алмас кездік ұстап, алтын көземен ас ішіп ырғын өмір кешіп еді». Осылайша,  Шыңғысханның  алып империясымен тетелес  тарихын бастаған Сібір хандығы, кейінгі  Алтын-Орда заманында да, одан соңғы ордалар мен хандықтарға ыдыраған кезеңде де ханзадалардың қанды күресімен тарих қойнауында өшпес із қалдырды, әйтседе  кезек заманы туған Орыс империясына  жұтылған дәуірдің өзекті өртеген өкінішті күйімен кең толғаған роман аяқталады.  Шығарма соңында сөз болатын Ораз-Мұхаммед, Қадырғали Жалаири, Сейд-Ахметтер (Сейдақ) орыс отаршылдарының  Сібір хандығы арқылы бүгінгі қазақ даласын жаулауының алғашқы құрбандары еді. 1588-жылы аталған тұлғалар орыс тұтқынына түскеннен кейін Көшім хан иелігіндегі  Сібірлік билік қаншама қарсыласса да орыс отаршылдығын тоқтата алмады.

Оқырман әрі редактор тұрғысында айтарым,  алып еуразияның мың жылғы сан-қилы өмірін отаршыл елдің тарихшылары мен бөтен елдің ғалымдары өтірік-шыны аралас жазған жүздеген кітаптарының  ауыр  жүгін  қаламгер  Жәди өте шебер әдеби тәсілмен кесек бір романға сыйғыза білген.  Әрі  ұлттық зердесі мен төл тілі толық  қаламгер осы  арқылы өзгеге ұқсамайтын  өз қолтаңбасын  да  көрсете  алған.  Сөйтіп,  төл тарихымыздан  сауаты  аз  қазақ қауымына  жаңа бір жанды леппен рухани құндылық  әкелді . Осынау, қия-құзды  қиын жол  саналатын ой еңбегімен  «Қан кешкен ханзадалар»  атты  тәжмахал ғимрат салу үшін, уақыт  көмбесінде қалған асыл жауһарларын жинауда  автор  талай жерді  кезген екен. Моңғол үстіртінде ғұмыр кешкен Керей  елінің   ежелгі мекені болған  Орхон, Тула дарияларының аңғарын аралаған, Түғырыл ханның жазғы, қысқы орда тұрағының бірі болған Улаанбаатарға таяу маңдағы сақталған жұртын да, керейттердің ежелгі астанасы Қарқорымның жұртына да сапарлап, барып көрген.  Сібір хандығының ежелгі мекені болған, қазір Ресейдің қол-астындағы Түмен өлкесін де түгел аралап көргендеріне көзін қандырып, ойына тоқыған. Содан да, кітаптағы суреттемелерде осы өлкелердің төл табиғатты қанық бейнеленіп, тақыр таудың ызың желі, ну орманның суылы, өзендердің көбікті шуылы мен аңқыған балдыр иісі оқырманды елтіп әкетеді. Романдағы оқиғалардың қоюлығы ерекше әрі бір-бірімен ақаусыз байланысқан. Мұндай ерен нәтижеге жетуінің мәнін Жәди кітап соңындағы, роман қалай жазылғаны туралы жазбасында санамалып айтыпты. Тұғырыл мен Темушін арасында болған кесек оқиғалар хатталған «Құпия шежіре» мен оның әдеби нұсқасы «Алтын шежірені» де жете зерттегенін, ескерусіз қалған тарихи сәттердің нақты деректерін табу үшін шетелдік және қазақ нұсқадағы жүздеген кітаптарды үңіле сүзіп шыққанын әсіресе, Сібір хандығы туралы орыс жазбаларынан көп дерек тапқанын айтады. Бұл кітапты назар қоя оқыған адам, еуразия көшпенділерінің кезінде бүтін бір халық болғанын, Тұғырыл заманында Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Бөржігіндер түгел өзара ежелгі түрік тілінде сөйлесіп жүргенін пайымдайды. Яки тіл ғылымы жағынан айтсақ, ол кезде Алтай прототілі бүкіл тайпалардың ортақ тілі еді, әлі түрік және моңғол тармағына бөлінбеген кез еді, сондықтан кәзіргі «Шыңғысхан моңғол ма, қазақ па?» деген мәнсіз дауға да бұл кітап тосқауыл қойған дер, едім.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

0 пікір