Жұма, 29 Мамыр 2026
Әдебиет 229 0 пікір 29 Мамыр, 2026 сағат 13:14

Ғұмыр - дәуір

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Атам жөнүндө баян» кітабынан туған ой

Дана бабаларымыз мәңгілік мұра еткендей, «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» бауырлас қырғыз-қазақ халықтарының тағдырлары сан ғасырлардан бері тел ағыстай қатар жалғасып, өмір өрнектері ажырағысыз біте өріліп келеді. Біздің тарихы терең, мұрасы бай, ұлағаты кемел қос жұртымыз елдік мәртебелерін орнатып, оны көздің қарашығындай сақтап, қанатын жаюдың ұзақ та сындарлы сапарында «төбеті май жемеген» мамыражай кезеңдерді де «ауыздықпен су ішкен» қилы замандарды да басынан бірге өткерді. Екі ұлыстың ұзына шежіресінде атамекеннің тұғырын құлатпаудың темірқазық  мұратынан ажырамай, жан алысып жан беріскен айқас пен күрес ешқашан толастамады. Бүгінгі ұрпақ әйгілі бабаларының жүріп өткен ерлік пен еңбек жолын әлемге әйгілі Айкөл Манас жырынан, қазақ халқының алып мұхиттай ауыз әдебиетінің жауһар туындыларынан жақсы біледі. Ұрпақтар үндестігі халықтарымыздың сарқылмас қуатына ұласып, асқақ арманы мен аялы  үмітіндей Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Әрине, біздің елдеріміздің осынау ұлы сапарда бақуатты баянды шақтарымен қатар, ер басына күн туған қилы кезеңдері кейінгі буындардың ешқашан жадынан шықпауы тиіс.

Иә, жас та жасампаз елдеріміз тарих мұхитының асау толқындары мен дүлей дауылдарына қаншама рет тап болса да, әділет жолынан таймай, адаспай егемендіктің еңсесін тіктеу мақсатында, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған халықаралық қоғамдастықтың дербес мүшелері ретінде ұдайы алға басуда. Мемлекеттеріміздің жүріп өткен жолдарын, аға ұрпақтың кешкен тағдыр-талайын терең біліп, ұдайы есімізде сақтаудың мәні жоғары. Бұл орайда айтулы зеттеуші ғалымдар, кәсіби мамандардың жанкешті жұмыстарын әрдайым жоғары бағалай отырып, сонымен бірге әлем мойындаған белгілі саясатшылардың, қоғам қайраткерлерінің, әсіресе мемлекет басшыларының еңбектері айырышқа орын алатындығын айқанымыз абзал.

Осы орайда, ордалы Ош шаарында 2025 жылғы 25 қарашада   Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қырғыз тілінде жарық көрген «Атам жөнүндө баян» («Әке туралы ой-толғау») кітабының ресми таныстырылымының өтуі бауырлас екі елдің қоғамдық, рухани өміріндегі маңызды оқиға болғандығын бірегей іс-шараның тікелей қатысушысы ретінде арнайы атап өткім келеді. Қазақстанның Ош қаласындағы Бас консулдығының, жетекшісі М.Кәрібайдың ұйымдастыруымен жүзеге асқан және екі мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдері, зиялы қауым мен студент жастар белсенді қатысқан осынау тағылымды іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның кеңінен таныстыруымен қолымызға тиген ерекше кітап үлкен қызығушылықпен оқыған дүниемізге айналды. Әке өмірінен, әулет шежіресінен боямасыз сыр шертетін деректі кітап оқиғасының соншалық ауыр, десе де терең тағлымды оқиғалары қырғыз елімен, астанамыз қазіргі Бішкек, бұрынғы Фрунзе қаласымен тікелей байланысты екендігі бұған дейін расында көпшілік қауымға беймәлім-тұғын. Заманымыздың мұндай өткір шындығы да өткен кезеңдерде қалыптасқан тәртіптен туындауда. КСРО жүйесінде одақ құрамына кірген республикаларда там-тұмдап болса әрбір елдің өз тарихы, негізінен кеңес одағының тарихы, бірінші сыныптан бастап орыс тілі мен әдебиеті тереңдеп оқытылып, ал бір аймақта орналасқан көршілес, бауырлас, демек тағдырлас  елдердің не тарихы,  тілі мен әдебиеті мүлде оқытылмады. Соның салдарынан бірнеше буын Науаи, Тоқтоғұл мен Абайды, Мақтымқұлы мен Фирдоусиді, Хамза мен Мағжанды, тіпті қазіргі заманғы ірі қоғам және мемлекет қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін біле қоймайды. Олай болса, осынау орасан кемшілікті түзеп, орталықазиялық мемлекеттердің арнайы мектептері мен іріктелген жоғары оқу орындарында бауырлас елдердің тілін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін тереңдеп оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру бүгінгі күн тәртібіндегі барынша өзекті мәселелердің бір екендігі анық. Жоғары деңгейдегі кездесулерде ежелден келе жатқан өзара бауырластық байланыстарды одан әрі тереңдету жөнінде  екі ел басшылары Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы мәлімдеп отырғаны, сәйкесінше көптеген ілкімді істердің қолға алынғаны қуантады.

Ош мемлекеттік университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы Қос диплом бағдарламасының енгізілуі, аталған университтің филиалының ашылуы осынау маңызды бағыттағы нақты қадамдардың бірі деуімізге негіз бар. Бүгінде аймақ елдерінің алдында әлеуметтік-экономикалық өсу, мәдени, рухани жақындасу мен жаңғыру, қауіпсіздік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтау, кейбір теріс үрдістерге қарсы бірлескен әрекет тәрізді күрделі мәселелер тұрғаны көпшілікке мәлім. Олай болса, өткенге орала отырып, елдеріміздің жоғары әлеуетін тиімді пайдалану, өркениеттік негіздегі өзара қарым-қатынастарымызды жасампаздықпен жалғастыру қазіргі заман талабына қапысыз сай келмек.

Ортақ тарихымыздағы өткен ғасырдың отызыншы жылдары кеңестік биліктің коллективизация туралы солақай, анығында аса кең ауқымдағы қылмыстық шешімі ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан көшпелі елдерге, әсіресе қазақ халқына шексіз ауыр зардап әкелгені кейінгі жылдары ғана айтылуда. Бір мезетте қолында барынан айырылған халық орасан аштыққа ұшырап, сол бір қасіретті кезеңде қазақ ұлты жартысына жуығынан айырылды. Қолдан қастандықпен жасалған қиянат ұлттың генофондына, ендеше алдағы ұзақ жылдарға орны толмас зиян әкелді. Туған халқы үшін талай пайдалы істерді жүзеге асыратын мыңдаған адамдардың көзі аяусыз жойылды. Олардың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі Кемел Тоқаевтың да жақын-жуықтары бар еді. Тіршілік көзінен айырылған елдің басым бөлігі Қытай аумағына қоныс аударса, Тоқа ақсақал туған жерден қол үзудің, ағайыннан ажыраудың бұлыңғыр келешегін ойлай келе, кесапатты кезең өткенше өлмеудің қамын жасап, отбасын алып Фрунзе қаласына барып тірлік етуге тоқтаған екен. Фрунзеге дейінгі ұзақ та ауыр жолдың азабынан өткен жандар ақырында қалаға аман-есен табан тіреген. Алайда, барша ұлт басына төнген ұлы қасірет, адам бойындағы өмірдің өзегін, тіршіліктің тамырын әлсіреткен жойқын азаптың салдары айналып келгенде осынау шағын әулетті бәрібір айналып өтпейді. Пенде басына бермесін деп тілегендей ауыр трагедия орын алып, ақырында бүтіндей бір әулеттен екі жас бала, ағайынды Қасым мен Кемел ғана тірі қалған. Көп ұзамай басталған отан соғысына алдымен Қасым аттанып, қан майданда қаза тапқан. Кейін сұрапыл соғысқа Фрунзе жаяу әскер училищесін бітірген Кемел де жіберіліп, Сталинград майданына келіп кірген. Жастығына қарамай ерлікпен шайқасқан қазақ солдаты ауыр жараланып, бір аяғын кесу қаупі төніп тұрған жерінен әйгілі, бірақ ол кезде жас доктор Иллизаровтың көмегімен емдеуге шешім қабылданады. Нәтижесі оң болып, жаралы жас солдат ақырында туған жеріне оралды. Алайда қасиетті атамекенінде соғыс отынан әзер аман қылған, тәні де, жаны да жаралы жігітті құшағын ашып алдынан күтіп алған ешкім жоқ еді. Кеше ғана алапат аштықтан әупірімдеп аман қалған халықтың көңілі жабырқау, ол аздай, ер-азамат атаулысы ендігі қан майданның қасапқанасына жөнелтілген. Мінеки, сол бір сұрқия заманда екі лагерьге бөлінген тоталитарлық жүйенің, тіпті жекелеген зұлым пенделердің ақтаусыз қылмысы салдарынан адамзат баласы екінші дүниежүзілік соғыстың қисапсыз қырғынына ұшырады. Соның ішінде майдан даласынан алыста жатқан біздің елдеріміз де орасан қайғы-қасіретті бастан өткерді. Бүгінгі ұрпақ соғыс қасіретін деректі құжаттардан, анығында оны өмірдің өзінен алып ажырағысыз бейнелеген көркем шығармалардан анық біледі. Қырғыз жазушысы, әйгілі Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» повесіндегі баяндалатын оқиға, сұрапыл соғыстан  Толғанай анамыздың жарынан, үш бірдей ұлынан айырылатын орны толмас қасіреті, құрылысы жол ортада тоқтаған қара шаңырақтың салынбай қалуы айтыла бермейтін ащы шындықты ұғынуымызға бастайды. Адам баласының қайғысын қазақ халқының ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар, Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген. Жесір келін, бір нәресте көрмеген, Жетім шалды бала орнына тербеген» дейтін бір ғана шумағында тұрғаны да қапысыз. Өткен кезеңдердің құпия қатпарлары енді ғана ашыла бастаған деректерге сүйенсек, кеңестік жүйенің негізінен сырттан келген әскери комиссариаттары соғыстың тойымсыз апанына одақ құрамындағы халықтарды аяусыз жібергені, тіпті бір әулеттен тым болмағанда бір ер баланы қалдыру тәрізді ел келешегі үшін өзекті адамгершілік, гуманистік көзқарастан мүлдем жұрдай болғандығына көзіміз жетуде. Сондықтан ХХ ғасырдағы бір емес, бірнеше қайталанған қасап-қырғынның қасіреті кейінгі жүздеген жылдарға дейін сезіліп келе жатқандығы жасырын емес.

Мінеки, бір басынан өткен осынша қисапсыз қиындықтарға қарамастан, жас өмірінің жойдасыз ауыртпалықтарын жеңе білген қайсар жігіт Кемел ендігі ғұмырын білім мен еңбек жолына арнап университетке түсуге шешім қабылдайды. Қабылдау комиссиясы омырауы ордендер мен медальдарға толы балдаққа сүйенген қазақ жігітін 1945 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне қабылдау емтихандарынсыз қабылдайды. Ұлттық кадрлердің тал бесігіне айналған әйгілі оқу орнында қазақ әдебиетінің классигі, ғұлама ғалым, академик Мұхтар Әуезовтің лекцияларын тыңдау бақытының бұйыруы талапты жастың оқуы мен одан кейінгі өміріне аспандағы Шолпан жұлдызындай мәңгілік өшпес сәуле мен бағыт бергені кәміл. Оқуын аяқтаған соң Кемел Тоқаев “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас”, “Социалистік Қазақстан” газеттерінің редакцияларында жорналшы-тілшіден бастап бас редакторға дейінгі еңбек жолдарынан өткен, кейінгі жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Аппаратында жоғары лауазымды һәм жауапты қызметтер атқарған танымал тұлға. Журналистік, мемлекеттік қызметімен қатар жастайынан армандаған шығармашылық жолынан бір сәтке айнымаған талантты қаламгердің әр жылдары жарық көрген сол кездегі бүкіл Одаққа танымал туындылары «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Көмескі із», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға» сынды кітаптары қырғызстандық оқырмандардың, біздің студенттік кезімізде қолымыздан түспеген қызықты шығармалар болатын. Әсіресе детектив тәрізді оқиғалары қым-қиғаш, күрделі тың жанрға алғаш қалам тартқан қаламгер Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушы ретінде әділ бағасын алды. Бішкек қаласында оқыған мектебіне, бұрынғы әскери училищеге ардагер-қаламгердің аты берілді.

«Атам жөнүндө баян» кітабының үлкен бөлімі автордың асыл анасы Тұрар Шабарбайқызына арналған. Ерекше сағынышпен, жүректі тебірентер жылылықпен жазылған естелігінде автор бір әулеттің ұйытқысы болған аяулы ананың шуақты бейнесін әсерлі баяндаған. Бұл орайда, әрбір ата-ананың ақ тілегі перзент өмірінде қаншалықты шындықпен орындалуының жарқын белгісі ретінде қолымыздағы кітаптан  шағын үзінді келтіруді жөн көрдім: «Әке-шешемнің маған деген көңілінің ерекше болғанына  мына бір дәлел де көз жеткізеді.  60-жылдардың аяғында Алматыға, Қазақстанға жылы сезіммен қарайтыны белгілі,  КСРО ОК Бас Хатшысы Леонид Брежнев келді. Жаздың  жаймашуақ күні біз, әке-шешем үшеуміз  Ленин даңғылында тұрдық. Даңғыл бойын милиция қоршап тұрды- үкіметтік автомашиналардың кортежінің тауға өтуі күтілуде еді. Ақыры МАИ-дың жол бастаушы автомобилі көрінді, іле-шала кеңес жетекшісі отырған “Чайка” үлкен  жылдамдықпен ағызып өтті.  Барлық қалалықтар үшін бұл үлкен оқиға болды – бір сәтте болса құдайдай көретін Л.Брежневтің жүзін көріп қалды. Машиналар көзден таса болған соң анам әкеме “Мен осындай бақыт біздің Жомартты да айналып өтпесін деп тілек тіледім” деді. Әкем шешеме разылықпен қарап, сонан соң жанарын  маған аударып “Алла бұйыртсын” деді.

Көршілес, бауырлас қазақ елінің басшысы, бүгінде жаһан жұртына танымал белгілі саясаткер, дипломат, қаламгер Қасым-Жомарт Кемелұлының «Атам жөнүндө баян» кітабы өз әулетінің шежіресін, әкесі Кемел Тоқаевтың тағдыр-талайынан сыр шерткен бір ғұмыр бейнесі арқылы бүтіндей дәуір шындығын бейнелеген, ендеше адамзаттық ауқымдағы ақиқатты алдымызға тартатын бірегей баян демекпін.

Құдайберді Қожобеков,

Қырғыз Республикасы Ош мемлекеттік университетінің ректоры, Ғылым докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3338
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2441