Қазақстанда синтетикалық есірткі айналымы бәсеңдеді
Қазіргі уақытта синтетикалық есірткілердің қымбаттауы мен тапшылығы байқалады. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.
– Атап айтқанда, олардың бағасы 25 мың теңгеден 35 мың теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ тасымалдау барысында тұрақты кедергілер бар, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл жағдай есірткі өндірісіне, логистикасына және өткізу арналарына бағытталған жүйелі жұмыстардың тікелей нәтижесі.
– 2025 жылғы наурыз айынан бастап есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды. Бұл шаралар профилактикалық тиімділік беріп отыр, – деді Данияр Мейрхан.
Сондай-ақ ол брифинг барысында былтырғы қыркүйек айынан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.
– Қазіргі таңда үшінші тұлғалардың төлем карталарын пайдалану бойынша 49 дерек анықталған. Оның 35-і есірткі заттарының заңсыз айналымымен байланысты. Сонымен қатар қадағалаудағы заттар тізбесі 47 атауға кеңейтіледі, – деп толықтырды ІІМ өкілі.
Abai.kz