Жұма, 7 Тамыз 2026
Өзекті 517 0 пікір 6 Тамыз, 2026 сағат 15:08

Абай. Заман. Нобель

Сурет: mobilaser.kz, wikipedia.org сайтынан алынды.

Қазақстан жазушылар одағының басшылығы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтеріп, оған, ең алдымен, жазушы қауымның өзі қызу қолдау білдіруде. 

Иә, күні бүгінге дейін көптеген елдердің өкілі алып жатқан әлемдегі ең әйгілі, беделді сыйлықтардың қатарындағы Нобель сыйлығына ие болу қазақ ақын-жазушыларының да үлкен арманы, әрі, сөз жоқ, мұндай марапатқа лайықты Төлен Әбдік ағамыздың "Парасат майданы", тіпті «Тозақ оттары жымыңдайды» повестері сынды өзге де шығармалардың жетіп артылатыны мәлім. Осынау биікке қол жеткізу - ұлттық әдебиетімізді әлемдік ауқымда насихаттаумен бірге, елімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді тереңінен таныту, яғни біздің де дүниежүзілік қоғамдастықтың ешкімнен кем емес іргелі мүшесі екендігімізді мойындатудың тағы бір ауқымды мүмкіндігі болар еді. Алайда ұлттық қаламгерлер үшін бірқатар себептерге байланысты мұндай тойдың ауылы әлі алыс екендігі нақты дәлелдермен айтылуда.

Осы мақсатта қолдау білдіру жөнінде өтініш алған қытай жазушысы Мо Янь қазақ әдебиетінің туындыларын жоғары бағалай отырып, дегенмен Нобель сыйлығы бір ғана шығарма үшін емес, қаламгердің жалпы шығармашылық жетістігіне, анығырақ айтқанда әлемге нақты мойындалуы бағаланып барып берілуі ықтималдығын жариялады. Сөйтіп қолдау білдіруден сыпайы түрде бас тартты. Демек, бұл тұрғыда отандық шығармалардың әлем тілдеріне, әсіресе батыс тілдеріне аударылуының өзектілігі баршаға түсінікті. Сарапшылар  әлеуеті жоғары қазақ әдебиетінің қазыналарын әлем оқырманына таныстыру үшін сапалы аудармашыларды, халықаралық баспаларды пайдалану, арнайы әдеби агенттік институтын дамыту қажет деген негізі дұрыс ойларын ортаға салуда. Мұндай ауқымды іс жеке жазушының ғана емес, тұтас мемлекеттің мәдени саясатының бір бағыты болуы, ендеше арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеудің маңыздылығы күн тәртібіне қойылуы да осыдан туындаса керек.

Құрылғанына бүтіндей ғасыр толған Қазақстан жазушылар одағының, жеке қаламгерлердің танымалдылығы мен беделі, шынын айтқанда, Кеңес одағы кезінде дүркіреп тұрғандығы белгілі. Ол дәуірде қазіргідей емес, ақпарат көздерінің аздығы, халықтың, әсіресе қазақ тілді қауымның білімге, жаңалыққа деген қажеттілігі мен рухани сұранысын тап осы ұлттық қаламгерлердің шығармалары мен азын-аулақ баспасөз құралдары ғана қанағаттандырып тұрды. Сол кезеңдегі саясат пен идеологияға сәйкес жазушы еңбегінің моральдік, материалдық жоғары бағалануы, ел ішіндегі жаппай сый-құрмет қаламгер қауымның өзіне деген сенімі мен болмысына ерекше әсер етті. Расында, әлгінде айтылған себептермен зиялы, қаламгер қауым мен қоғамның арасында өзара қажеттілік, барынша тығыз байланыс орнаған-тұғын. Бұл кезде, бәлкім, Нобель сыйлығының да көп ешкімге қажеттілігі бола қоймағандай.

Мұхаң Мағауин ағамыз айтқандай, кеңес одағы күлпара ыдыраған кезеңнің алғашқы жылдарында елдің алдына мүлде басқа мәселелер шығып, әдебиет пен руханият саласы күнделікті өмірден тысқары шегерілген күй кешті. Тәуба, ондай күндер де ұзақ уақыт артта қалды. Заман өзгеріп, ақпараттық тасқын пайда болды. Алайда халқымыздың ана тіліне бет бұруы, ұлттық тамырларға қайта оралуы, рухани бастауларға бағыт алуы кез-келген кедергілерге қарамастан қарқынды жалғасып келеді. Мінеки, дәл осындай тағдыркешті, сындарлы сәтте ұлттық зиялы қауымның әсіресе қаламгерлердің тарих сахнасына қайта шығатын аса жауапты сәті еді. Олай дейтінімз, бүгінгі заман талабына сай, біздің еліміздің алдында интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндеті тұрғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында қазақ халқының сан ғасырлық рухани мұрасы, соның ішінде ұлы Абай сөзі әрдайым ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажеттігін, ақынды терең тануға, ғылымға, білімге басымдық беру, осылайша жаңа сападағы ұлт қалыптастыруға үндегені мәлім. Парасатты патриотизм мектебі, елдікті қадірлеудің негізін қалайтын сан ғасырлық әдеби, мәдени мұраны, Абайды оқудың өзектілігін алға қойды. Мінеки, осынау ауқымды да маңызды міндеттерді жүзеге асырудың тікелей жолдарының бірі де бірегейі ұлттық зиялы орталар мен қоғам, мемлекеттік мекемелер арасындағы тығыз ынтымақтастық пен байланыста.

Алайда, дәл осы тәуелсіздік жылдарында ғылым академиясы, жазушылар одағы, журналистер одағы, театр ұжымдары, кітапхана т.б. осындай идеологиялық, рухани саладағы бірлестіктер, ұйымдар мен жалпы кең мағынадағы қоғам арасында бұрынғы кезеңдердегідей ішкі байланыс мүлде әлсіреп жоққа таянды. Әсіресе, кітап оқудың шетін көрген кеңестік ұрапақты қоспағанда, одан кейінгі буындардың ұлттық әдебиеттен, зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың шығармашылығынан аз да болса хабардар екендігіне үлкен күмәнымыз бар. Ал, ол қауым жазған, жариялаған, шығарған дүниелерін халық бұрынғыша қаптап келіп таласып жүріп оқиды, көріп тыңдайды дегендей сезінетін сияқты. Алайда, нақты ахуал мүлде олай емес. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заманда ақпарат көздеріне ешқандай мұқтаждық жоқ. Әлемжелі әркімнің қалтасы мен сөмкесінде, ең қауіптісі – ақпараттың арзаны мен арсызына ешбір кедергі жоқ. Сондықтан жоғары мәдениетті, көркем әдебиетті, биік поэзияны бұқараға жеткізу, сіңіру үшін дүниеге әкелген құнды туындыңды, жан азабымен келген терең еңбегіңді насихаттап таратпасаң, ешкім құлақ асып, көз қырын салмауы да ақиқат. Ал, тиісті мекеме, ұйымдар сол баяғыша, ескіше өз бетінше тірлік кешіп, әлі күнге дейін өз қазандарында өздері қайнауда.

Мысалы, кейінгі отыз бес жылға жуық мемлекеттік қызмет саласының өкілі ретінде байқаған жайтты айтар болсақ, осы кезең ішінде бір де бір рет біздер қызмет жасайтын үлкен мемлекеттік орган - министрлікте Қазақстан жазушылар одағының өкілдерімен, жазып жүрген, жарияланып жүрген, кітаптары шыққан қаламгерлермен арнайы кездесу, шығармашылық кештер т.б. өткенін көрген де, естіген де емеспіз. Мұндай форматтағы іс-шаралар өзге мемлекеттік органдарда да өткендігі жайында ақпаратты мүлде көзіміз шалған емес. Ал, басқасын айтпағанда, дәл осы біздер жүрген мекеме әңгімеге арқау болып отырған Нобель сыйлығы төңірегіндегі қажетті іс-қимылдарға тікелей қатыса алатын, араласа алатын, тіпті, өз құзыры шегінде халықаралық аренада қажетті жәрдем де бере алатын мекеме ғой. Бір де бір қаламгер, зиялы адам оның есігін ашып көрмесе, оның ішіндегілер оларды қайдан білсін. Бұл үшін бүгінгі өмір ритмінде жүрген жас мамандарды кінәлаудың өзі қиын. Олай болса, жеке жазушының қолынан келмейтін Нобель сыйлығы төңірегіндегі тірлік қалайша тұтас мемлекеттік саясаттың бағытына айнала алады. Мұндай көзқарас, ұстаныммен – ешқашан. Сондықтан алдағы уақыттың барлығы мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар, жоғары оқу орындары  жалпы қоғамның мүдделі салалары мен зиялы қауым, мәдени, ғылыми, яғни рухани орта арасындағы тығыз байланыстың жүзеге асырылуына жұмсалуы лазым, бұған мұқтаждық та сезілуде. Мұндай байланыс, анығында, мемлекеттің ішкі саясатының нығаюына, қоғамың бірлігі мен тұтастығына, елдің мәдени өзегінің, ішкі діңгегінің беріктігіне бастайтыны кәміл. Орталық мемлекеттік органдарда, президент әкімшілігі, парламентте, оның аппаратында іскерлік хат алмасуды ғана емес, әдеби сөздің қадірін білетін әріптестеріміздің бар екендігі де белгілі. Олардың әрқайсысы екі арада алтын көпір қызметін атқара алатыны сөзсіз, атқарып келеді де. Алайда оларды іздеп отырған, әлеуетін пайдаланайын деген, өздеріне тартайын деген тірі жанды таппаймыз.

Соған қарамастан, отандық бұқаралық ақпарат құралдарында мемқызмет тақырыбында ғана емес, сондай-ақ, әдеби рухани майдандағы мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, классикалық еңбектермен қатар қазіргі заманғы қаламгерлердің жаңа туындыларына тың пікір білдіріп, талдау мақалаларын жазу дәстүрімізден бас тартпаймыз. Алайда, осыған назар аударып, азды-көпті қолдау, жақтау білдіріп тырс еткен бір белгіні көзіміз шалмай-ақ келеді. Өйткені, зиялы орта мен одан тыс қоғамдастық бір мемлекеттің ішінде қатар өмір сүріп жатқанымен, бір-бірімен қосылмайтын екі арнамен ағып жатқандай. Интеллектуалды ұлт, сапалы қоғам қалыптастыру, патриотизмді нығайту, әлемге мойындалу, ақырында, Нобель сыйлығына қол жеткізу үшін ескі, пайдасыз, нәтижесіз үрдістерден арылып, мүдделі салалар арасында, әсіресе әлеуеті мен ықпалы жоғары сан мыңдаған қызметкерлерді қамтыған мемлекеттік органдармен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу міндеті алдымызда тұрғаны ақиқат.

Мұхтар Кәрібай,

дипломат, публицист

Abai.kz

0 пікір