Сәрсенбі, 14 Қаңтар 2026
Ғибырат 159 0 пікір 14 Қаңтар, 2026 сағат 13:14

Мәделі қожа

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Оңтүстік Қазақстанда өмір сүріп, әлемнен озған Мәделі қожа Жүсіпқожа ұлы 1816 жылы дүниеге келіп 1888 жылы 72 жасында қазіргі Бадам станциясының маңында «Ақ бұлақ» деген жерде дүниеден өтіп, Қарабастау деген жердегі «Мәлім мола» атты қорымға өзі көзі тірісінде салдырған кесенесіне қойылған.

Мәделі қожаның өмірі шым-шытырақ тіпті кей-кезде қарама-қайшылық оқиғаларға толы болды. Бір жағынан Қазақ хандығынан береке кетіп, күнделікті ауысып отырған саясат, бір жағы аз атаның ішінен шыққан от ауызды, орақ тілдің де кесірі тиіп отырғаны көрінеді. Екі талай іс болып елге нәубет-ерге сын болатын кезде орасан қайрат көрсеткенімен ертесіне ел ішінде тоғышар көзге ілмей шыға келеді. Тыныш тірлікте менсінбей, топқа қоспайды, бұл жайдың барлығы ақын, батыр, көзі ашық, көкірегі ояу жанға оңайға тимейді. Мәделіқожа өз қолымен істегенін аузымен айтып жүрген азғана топтың өкілі. Бұл Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет секілді қолынан да тілінен де келетін азғана топ. Бір мың сегіз жүз сегізінші-жылдар шамасында Ташкентті жаулап алған Қоқан билігі Бір мың сегіз жүз  отызыншы  жылдары-Қазалыға дейінгі жерді өз билігіне қаратты. Жалпы Қазақстанның әр жерінен азғана топтар Қоқанға қарсылық, дөң айбат көрсеткенімен ел болып қарсы шыға алмады.  Мәделіқожа Қоқанға қарсы екі рет шапты. Бірінші Қоқан хандығы осы күні Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан қасиетті  орында тұрған «тай қазанды»алып кетпекші болып әрекет жасайды. Жергілікті халық оған қарсы болған соң Қоқаннан әскер алдырып Әзірет Сұлтанды қоршап тұрып арбаға «тай қазанды» салыңдар деп жарлық береді. Осы сәтте елден екі жүздей әскер жиып үлгерген Мәделі қожа тұтқыйылдан шабуыл жасап Әзірет Сұлтанның сыртқы қоршауын бұзып қақпаның алдына жетіп «тай қазанды» сыртқа шығаруға мұрсат бермейді. Жаудың бетін қайтаруға ұмтылған Қоқандықтар Қазақ қолына қарай зеңбіректен оқ атады. Зеңбіректі екінші оқтауға не дәуір уақыт керек екенін байқаған батыр енді зеңбірекке шабуыл жасайды. Қыл шылбырды алыстан лақтырып алып кетпек болған батыр атылған оқтың жарықшағына ұрынды. Ет қызумен оқты елемей зеңбіректі сүйреп кетеді. (Зеңбірек осы күні Шәуілдірдегі мүзейде тұр).

Аз ғана заман атысып

Ерлікпенен алғансың

Түркістан шаһар қамалды.

Жекеге шыққан уақытта,

Жеткізді оңнан шамалды.

Жекеге кіріп ат шаптың,

Батырлық бағың жамалды.

Хазіреттен алдың ерлікпен,

Батыр басы амалды.

Ортаға шауып оққа ұрдың,

Өз жаныңа қас қылып.

Батыр атқа ұшырадың,

Бейнетің жауға асқынып.

Аранға талай ұрындың

Беттескенді қашырып

Жеңсіз сауыт киініп

Желігіп шаптың құйылып.

Аруақ саған жар болды,

Қатерлі күнде сыйынып,-дейді Майдықожа-ел арасындағы бір сөз таласта Мәделіқожа бұл жайды;

Алдағы жау шошыйды арынымнан

Арттағы жау шошыйды сарынымнан.

Ап бердім Әзіреттің тай қазанын,

Сауыт жыртып оқ тиді қарынымнан-деп өз аузымен айтады. Яғни ел арасындағы мыс-мыс-қа орын жоқ.Қолымен істеген әрекетін өз аузымен айтып отыр. Мәделіқожаға оқ тиіп арбамен алып келеді дегенді есітіп Майлықожа аттана шауып алдынан шығып,жағдай тым күрделі емес екенін көріп Мәделіқожаны қайрап айқай салады

Әкеңнің Шалқасқасын көргем топта,

Қыпқызыл өзің шаптың жанған оққа.

Алашқа аты мәлім Мәмедәлі,

Келесің ыңранып жалғыз оққа-бул сөзді есіткен Мәделіқожа;

Бул сөзді айтпаушы еді бізді білген,

Әкеміз Шалқасқа атпен дәурен сүрген.

Маған тиген оғы ғой Қытайшаның,

Апта сені зарлатқан жиде тікен-деп басын көтерген деп айтатын.

Екінші Қоқанға қарсылық Мәделінің «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» деген өлеңінде Шымкент маңындағы Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресті ұйымдастырушы болғанын және бұл мәселеде шешуші роль атқарғанын дәлелдейді.

Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,

Не көрмес тіршілікте бастың жасы,

Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң

Қоқанның қырғын тапты бозбаласы.

 

Тұрмысың аман-есен, Қотырбұлақ,

Мырзаби зекет алды жаудай бұлап,

Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,

Еліміз төмен ауды Арыс құлап.

 

Тұрмысың аман-есен, Бадамым-ай,

Қаһар қып атқа мінді адамым-ай,

Көргенше енді сені көп қой деуші ек,

Үш жылда қайтып тиді қадамым-ай.

 

Жүсіпқожа қолжазбасы-850 бет.

Оқиға  1858-жылдың мамыр айының ішінде болған. Ташкент қаласынан елден зекет жинауға шыққан қолбасшысы Мырза би зекет төлейтін ел ың-жыңсыз зекетін уақтында төлесе, ары қарай жүре беретін, кешіксе сол ауыл маңында қонып қалатын болған. Әр бір түнеген жерінде сол елден Мырза биге бір қыз қойнына салу керек болған. Алғашқы кезеңде бұл қорлыққа ұрынып қалғандар болған секілді. Ташкент пен Шымкент арасына зекет жиған қол бір күнде жете алмайды. Бұл бір, екінші алғаш алған бетінен біреу қайтарып тастаса ертеңіне және қайталауға дәті бармас еді. Ордабасы тауының күн батыс беті Қоқан сайлаған Асқар датқаның мекені болған. Осы маңға келіп шатырын тігіп, өз жарлығын елге жария еткен Мырза би елдің бұйрығын орындауын күтіп бір қонып шығады. Көне көз кариялардың айтуы, қосында 40-адам болған екен дейтін. Елдің намысына тиген қатыгездік елдің азаматтарын сілкіндірмей қоймады. Е-десіп бір ауыздан намысқа ұмтылған қауым Мырза биді Асқар датқаның баласы Жәбек бидің үйіне қонаққа шақырып сол жерде бөлек бөлек жерге дастарқан басына жыйылған қалшаларды тегіс қырып жіберген. Жәбек бидің ордасына кіріп отырған Мырза бидің қасында Мұсабек батыр, Мәделіқожа және бір неше адам бірге болған. Мырза биді өлтірген сәтте барлық қалша қылышқа түседі. Тек атқа қарап қалған бір жасауыл ғана сай саймен буқпалап қашып құтылып кеткен. Арты үлкен дауға айналып Ташкеннен жасаулы әскер шыққан, бырақ ел ағалары Ордабасы маңындағы елді тегіс екі-үш үйден ел арасына бөліп сіңіріп жібереді.

Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,

Еліміз төмен ауды Арыс құлап-деген сөздің мәні осы. Ел арасында сөз жатпайды, тергеу жүріп сөз соңы Мәделіқожаға тірелген. Ташкент қаласына жауапқа Мәделі қожа барған. Асқар датқа Ташкент қаласының тұрғыны, 4-әйелі болған, біреуі Ташкенттік Қарахан қожа әулетінен болған. Сол кезеңде Асқардың қайын ағасы Бабахан ешан Ташкент қаласының қазиі болып тұрған. Қоқанның зұлымдығына көзі жеткен қази Мәделіқожаның аузына сөз салып, салған жерден Мырза биді кім өлтірді деп сұрайды. Сөз ауаның тез ұққан батыр шариғат өлтірді деп айтады. Судебная власть находилась в руках казиев во главе с глав­ным судьей — кази-калоном. На эти должности, как правило, назнача­ли представителей духовенства как знатоков шариата. Дела решались на основе шариата или, точнее, все зависело от судьи, от его толкова­ния или понимания норм шариата, что создавало громадные возмож­ности для судейского произвола. Трудящихся наказывали за малейшую провинность. Широко применялись смертная казнь и телесные наказа­ния.Андреев-1790-жыл

Ислам шариғаты бойынша зекетке қыз, болмаса адам алуға болмайды. Жұрт сасып қалған сәтті пайдаланған батыр:

Бұл жерден үш жұрт өтіп-ед,

Парсы дари – қызылбас,

Ақтабан ноғай, қалмақ-ай,

Төртіншісі біз едік,

Бізге де түсті салмақ-ай!

Бектеріңнің қорлаған

Қорлығына шыдамай

Көшті елім жапа-тарғамай,

Кешсең - кеш, кессең міне бас,

Шариғат жолын сара дер

Даңғыл жатқан сарнап-ай

Жарлы менен байға да-ай,

Қара менен ханға да-ай!-деп айтып болып,осы жайды бұрыннан айтқанға еш кімде қулақ аспады.Аяғы мынау болды. Бірақ соғыста өлген қалшаларды тегіс ақ жуып арулап,жаназа шығарып жерледік. Ел болып қунын төлеуге разымыз. Қолдан келері осы. Біздің басқа амалымыз қалған жоқ еді-дейді.Өз ара узақ керілдескен билер соңында Мәделіқожаны 12-жылға елден қуады. Адам басына 100-қойдан құн кеседі.

Майлықожаның Мәделі батырға;

60-үйлі қожаға құн төлетіп,

Зор болмадың Мәделі сор боп тудың-демегі осы.12-жылға елден қуылған Мәделіқожа Самарханд қаласындағы туысқандарына барып Қенжеқожа әулетінен Әулиежан ешандарды араға салып өзінің кінасыз екенін   айтып, Бұхараға барып Қоқанға одан Самарханд-Ташкентке келіп іс Бұхарада шешіліп Ислам шариғатын қорғағанын дәлелдеп үш жылдан соң елге «сүдір» (ислам шариғатын қорғайтын амал) деген амал алып оралады.

Майлықожаның баласы Жолбарыс ақынның;

Мәделінің амалы сүдір болды,

Шылауында Бақ пенен Қыдыр болды-демегі осы.

Мәделі қожаның бірінші үйленгені ұлы жүз Шымыр ішіндегі Мәмбеттің Байтерегінің қызы «Ерке» мама. Мәмбеттің дәулетін Майлықожа:

Күнгейдегі Шымырдан,

Оздырды Құдай Мәмбетті.

Екі болыс ел дейді,

Мәмбеттен туған әулетті,

Байтерегі хан болған,

Байзағы асқан даң болған.

Батыр басы Ақ молда.

Төрт жағы құбыла жан болған-деп дәріптейді.

Екінші әйелі Қасымханның қызы, Кенесарының қарындасы Халифа сұлу. Мәделі қожа екі әйелінен де перзент көріп, осы күні өсіп өніп отырған әулет. Біздің әңгімеміз Халифа сұлу жайында. Халифа ханша Мәделіге Кенесары дүниеден өткен соң қосылады. Бұл әулет  бірін-бірі бұрынан білген,араласып жүрген.

Майлықожамен айтысқан Айман қыздың;

Сегіз жыл жолын күткен Халифаның

Жігіт болсаң сертке жет Мәделідей – деп Майлықожаны қайрағаны куә болады.

Қасымханың қызы, Кенесарының қарындасы Халифа Мәделіқожаға екі сертпен тиюге уәде етеді.Біріншісі, «Мен хан тұқымынан боламын еш уақытта тоқал болып аталмауым керек, ешкім тоқал демесін.

Екіншісі, менің екі ағам бір інім Кенесары, Наурызбай, Ержан қырғыздың қолынан қаза тапты. Маған солардың сүйегін алып келіп бересің, өз қолыммен арулап қоямын дейді. Мәделіқожа екі сертті де мойнына алады.

Арада уақыт өте ерте көктемде Сырдың бойында отырған,бір күні Мәделіқожа үйінде жалғыз қалады. Бір нәрсе керек болып «Әу-қайсың барсын»-деп дауыстаса ешкім жауап бермейді. Халифа-Халифа деп бірнеше рет дауыстайды-ешкім келмейді. Назланған Батыр-«қап балақтағы бит басқа өрмеледі деген осы да, тоқалда әлде қандай болды ғой»-деп дауыстап  орнынан тұрып жатқанда Халифа мама келіп қалған екен. Сөзді есітіп: «Қожа сөзіңнен айныдың, енді мен саған жоқпын,» - деп өзін Сыр дарияға тастайды. Мәделіқожаның інісі Кенжехан Шұбар атқа жайдақ мініп дарияға түсіп Халифаны шашынан ұстап алып шығады. Судан шыққан соң Халифа көп қыйғылық  көрсетіп барып зорға тынады.

Дегенмен ол басындағы айтылған серттің біреуі орындалмағаны үшін жай көзбен қарағанда «тоқал» деген сөзге бола өзін өлімге қиюға барған-төре тұқымына тән тәкәбірлік, бір сөзділіктің белгісі.

Міне осы жерде екінші серт туралы, яғни Кенехан, Наурызбай және Ержанның сүйегі туралы бір кезде болған әңгіме еске түседі.

1995 жылы ел болып Майлықожаға ескерткіш сағана салуға кірісті, мен сол жұмыстың басында тұрдым. Майлықожа, Мәделіқожаның қасына жерленген. Барлық жұмыстың көлемінде Мәделіқожаның шөбересі Жұмабек және Мақсұтхан түгел атқарып шықты. Бір күні кешке әңгіме құрып отырып Кенесары туралы, сүйегі жауда қалғаны жайлы сөз болғанда Мақсұтқан Пәрменәші атасынан естіген бір жайды айтып еді.

Халифа сұлу бір күні батырға Кенехан, Наурызбай, Ержан жайынан және айтқанда Мәделіқожа  ойланып отырып, Халифа осы сөзді сен тағы айтып отырсың қазір «Қара балта»маңында сол соғыста шахид болған адам көп,солардан үшеуінің мүрдесін алып келіп бере салсам қайтесің,»- деп айтқанда. Халифа мама: «Мені олай алдай алмайсың, мен түсімде Наурызбайдың мойын омыртқасының шабылғаның көргенмін. Қайсысы да болса сүйектерін танимын деген екен,»- дейді. Халифа мама Мәделіқожадан кейін дүниеден өткен. Демек, 30-35 жыл отандасқан. Бірінші серт орындалмай-«Тоқал»-деген сөзге бола өзін өзі суға тастап жүрген Халифа аға-бауырлары үшін отқа да түсуге әзір ғой. Және Мәделі қожаның «Сен осы сөзді тағыда айтып» дегеніне қарағанда  бұл жиі-жиі қайталанып отырған болуы керек. Олай болса, 1887 жылы Сыздық төре Қашқардан бері қайтқанда Алтай таулары  арқылы Орман ханның ордасына келеді.

Кенесарынын көкжалын тірі көрген қырғыздар «қоқи-қоқи» деп үдеріп кетті дейді. Сонда Сыздық: «Сендер босқа үрейленбеңдер, әркімнің өз заманы бар. Біз хан тұқымы атқа мінгенде, өз мақсатымызға жете алмасақ осы жолдағы өлімді мойнымызға  алып тәуекел етеміз. Мен сендерден құн даулап келген жоқпын. Бірақ ханның ізін сұрап келдім. Жүзігін беріңдер қолыма салайын, Сары ала-ер деген ер бар, тауып беріңдер атыма ұрайын. Ханның сүйгін беріңдер елге алып барып жерлейін,»- дейді ғой. Орман ханың үйінен ханның жүзігі шығады. Сыздық жүзікті көзіне сүртіп тәу етіп қолына салады. Тез арада «Сары ала» ерде келеді. Сыздық сұлтан қонышынан қанжарды алып ердің қасынан қақ жарады. Ердің қасына үш собық сап алтын орнатылған екен. «Ханның өзін өлтіргенімен қазынасын алуға ақылдарың жетпепті, бұйырған дүние ғой» деп қалтасына салады.

Ханның сүйегіне келгенде мынау біледі деген адамдарды араға салып іздеп еш жерден таппайды.Осы бір ойланатын жай. Біз ханның сүйегін 160 жылдан кейін іздеп жүрміз.Сыздық сұлтан 40 жылдан кейін іздеп барған. Бірақ таба алмаған. Егер ешкімге білдірмей ел басымен келісіп Мәделіқожа бір түнда алып кетуі мүмкін бе? (Қырғыз да Қазақ та бір-біріне мәңгі қастық тілемейді). Егер мүмкін болса,елге алып барған соңда ешкімге жария ете алмай құпия түрде жаназа шығарып жерлейді. Себебі падшалық Россия қас дұшпаны болған ханға еш уақытта құрмет көрсетпейді.

Мәделі қожада осылай болды деп ешкімге айта алмайды.Жалпы Халифа мама Мәделі қожаға тым беріліп, құрмет еткен жан. Мәделі қожа заманы атыс-шабыс, барымта-сырымта дәуірі болды. Ел азаматы болған соң бұл адам ешбір оқиғаға араласпады деп ешкімде айта алмайды. Батыр сондай бір жорыққа аттанып кеткенінде қашан оралғанша Халифа мама шапаның желбегей жамылып қолына домбырасын тастамай бір ішекпен іліп, бір сарында мұңлы күйді тартып есігінің алдындағы қарауыл төбеге бір түсіп, бір шығып тыным алмайды екен. Кешігі күнгі қариялар бұл жайды; «Қайтсын бейшара, әкесін,ағаларын,інілерін жауға берген, секемшіл көңіл бұданда айрылып қаламын ба?»- деп үрейленеді ғой» дейтін.

Мәделі қожа өмірінің соңында кесел болып үйінде отырып қалған. Халифаның қолында болған, тату-тәтті өмір кешкеніне қарағанда, хан қызының арманы орындалған секілді. Ел ішінде Мәделіқожа қыс сойысы Арқадан өз аяғымен айдалып келсе, қанты, өрік-мейзіне ақшалай қаражат келіп тұрған деп айтатын. Бұл да Мәделіқожаға разылықтың белгісі.

Қазақ дәстүріндегі және бір дәстүр жоқтау. Халифа мама әр жылы Құрбан айттың арапасында Қенесары мен Наурызбайға арнап;

«Арқада өскен боз қурай,

Басына қонған боз торғай.

Орыстан барып мал алған,

Қырғыздан барып жан алған,

Кенесары Наурызбай», - деген узақ жоқтау айтады екен. Қазақта кебін киген болмаса кебенек кигенге жоқтау айтылмайды, Бұл әңгімені қазіргі күні тоқсаннан асқан Әпін апа айтып отырады. Көзімен көрмесе жоқтау айтпауы керек.

Ғалым Х.Сүйнішәлиев ағамыздың «Мәделінің Бадамдағы күмбезді мазары да зерттеушілер назарына ілінуге тиіс»-деген сөзінің астарында қартайған шағында Мәделі қожаның дүние істерінен жеріп, ақырет қамына кірісуі,жатар жайын жайлап,өлімді мойындауы, пірге қол беріп тәубеге келуі екінің бірінің қолынан келе бармейтін қасиет екенін мойындауы еді.Майлықожаның:

«Жалығыпсың тірлік базарға

Жаныңды салған азарға

Дүниені алмай назарға

Қабіріңнің қамын ойлапсың

Сағана салдырып мазарға.

Өкініп өткен өмірге

Шам-шырақ жағып түндерге

Кісінің тәубе дәулеті

Дүние жолдас кімдерге

Ерден иман құтылмас

Бұ да бір нысан, бір белгі.

Құтты болсын тәубеңіз

Қол беріпсіз пірлерге», - деп жетпістен асқан шағындағы Мәделі қожаның иманға қайтуын құтықтап, қолдап, қуанып отырғаны деп түсіну керек.

Сейт-Омар Саттарұлы

Abai.kz

0 пікір