Бейбітшілік кеңесі: Тоқаев Трамптың ұсынысын қабыл алды
АҚШ президенті Газа бойынша Бейбітшілік кеңесін құрып жатыр.
Құрылтайшы елдер ретінде қатысуға шақырту бірқатар мемлекеттің басшыларына жіберілген. Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия осындай ұсыныстар алғанын растап, қабылдауға келісім берген. Шақырту Франция, Германия және БАӘ басшыларына да жіберілген, бірақ олар әлі ресми түрде растаған жоқ.
«Мемлекеттер басшыларының бірқатар мәлімдемесінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамптан келген осындай ресми үндеуді жасыру дұрыс болмас еді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылар арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесі құрамына кіруге, ал Қазақстанға осы кеңесті құрушы мемлекеттердің бірі болуға ресми шақырту алды. Бұған жауап ретінде Мемлекет басшысы АҚШ президентіне шынайы алғысын білдіріп, осы жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісімін растайтын хат жолдады», - деді Руслан Желдібай.
Abai.kz