Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 754 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 23:08

Президент бастаған парламенттік реформа: жаңа саяси тепе-теңдікке қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Жұмыс тобының кезекті отырысы парламенттік реформаның мазмұндық өзегін айқындады. Парламентаризм институты директорының орынбасары Ляззат Сулейменнің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер Парламентті формалды заң қабылдаушы органнан шешім қабылдауға және атқарушы билікті жүйелі бақылауға қабілетті ықпалды институтқа айналдыруды көздейді. Бірпалаталы Парламентке көшу, сайлау жүйесін жетілдіру, депутаттардың дербестігін арттыру және парламенттік бақылау тетіктерін күшейту – реформаның негізгі тірек бағыттары. Сарапшы бұл өзгерістердің түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді, ашық әрі жауапты мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру екенін атап өтті.

– Бүгінгі Жұмыс тобының отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бүгін айтылған қандай негізгі шешімдер мен басым бағыттар парламенттік реформаның алдағы бағытын айқындайды деп санайсыз?

– Парламенттік реформаның түпкі логикасы, негізгі басымдығы – Қазақстан Парламентін ықпалды ету, яғни шешім қабылдауға және атқарушы билікті тиімді бақылауға қабілетті институтқа айналдыру. Бірпалаталы Парламентке көшу, сайлау жүйесін жетілдіру, депутаттардың дербестігін күшейту, комитеттердің рөлін арттыру және заң шығару процесінің ашықтығын қамтамасыз ету – осы реформаның тірек негіздері. Бұл өзгерістер Парламенттің қоғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі арттыруға және заң шығару сапасын институционалдық түрде көтеруге бағытталған. Негізгі мақсат – Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту.

– Талқылау барысында Парламентті трансформациялауға қатысты конституциялық өзгерістердің ауқымды болатыны атап өтілді. Осы бойынша реформаның басты мәнін қалай тұжырымдар едіңіз: басқару жүйесінде нақты қандай өзгерістер орын алуы тиіс?

– Мақсат – мемлекетіміздің билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақты жұмыс істейтін деңгейде қамтамасыз ету. Парламент заңдарды тек қабылдайтын емес, олардың орындалуына жүйелі түрде ықпал ететін орган ретінде, парламенттік бақылау тетіктері енгізіліп, нақты регламенттермен бекітіліп, Үкіметтің халық алдындағы есептілігі күшейтілуі қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, заң жобаларына қоғамдық, сараптамалық және кәсіби сүзгілерді міндетті түрде енгізу басқару сапасын арттырудың негізгі шартына айналуы тиіс.

– Өткен жылдың қазан айынан бері Жұмыс тобы жаңа Парламентке қатысты барлық мәселелерді қарастырды. Қай бағыт ең күрделі әрі еңбекті көп қажет етті және оның себебі неде?

– Иә, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы өте күрделі жұмысты атқарды, халықтан түскен ұсыныстарды сараптады. Жұмыс тобы үшін күрделі емес мәселе болмаған болар деп ойлаймын. Өйткені 1995 жылға дейінгі бірпалаталы Парламент Кеңес Одағының моделі негізінде жұмыс істеді. Нақты түрде Қазақстанда бірпалаталы Парламент моделін енгізу еліміз үшін тың бастама. Реформа кезінде заң шығарудың сапасын сақтай отырып оны жаңа белеске көтеру үдерісін, бұрын Сенат атқарып келген тежемелік және сараптамалық функцияларды жоғалтпай, оларды жаңа институционалдық тетіктер арқылы қамтамасыз ету күрделі мәселе ғой. 

– Президент түзетулер жобасын «мәні жағынан жаңа Конституция деуге болады» деп атап өтті. Құқықтық негізді осылайша терең жаңартудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз?

– Мұндай терең жаңарту мемлекеттің құқықтық архитектурасын кезең-кезеңімен емес, тұтастай қайта құруға мүмкіндік береді. Оның басты артықшылығы – ескі нормаларды жамау емес, заманауи саяси және қоғамдық талаптарға сәйкес келетін жаңа ережелер жүйесін қалыптастыру. Бұл Парламенттің рөлін күшейтумен қатар, азаматтардың мемлекеттік басқару процестеріне сенімін арттырады және құқықтық тұрақтылықтың ұзақ мерзімге қамтамасыз етілуіне алып келуі тиіс.

– e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, партиялардан және ұйымдардан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Осы кері байланыстың көлемі мен мазмұнына қандай баға берер едіңіз?

– Кері байланыстың көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да жоғары деңгейде болды. Мен қызмет атқаратын Парламентаризм институтына азаматтардан екі мыңға жуық ұсыныстар түсті, олардың едәуір бөлігі Парламенттің құрылымы, депутаттардың жауапкершілігі, сайлау жүйесі мен заң шығару рәсімдеріне қатысты нақты ұсыныстарды қамтиды. Бұл ұсыныстардың барлығы Жұмыс тобының назарына жеткізілді. Бұл нәтиже қоғамның саяси реформаларға деген сұранысының пісіп-жетілгенін және азаматтардың конституциялық өзгерістерге саналы түрде араласуға дайын екенін көрсетеді.

– Реформа үдерісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке рөлі қандай? Оның ұстанымы жұмыстың бағыты мен қарқынын қаншалықты айқындайды?

– Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдан бері саяси реформалардың бірнеше пакетін кезең кезеңімен табанды түрде жүргізіп отырғанының куәсіміз. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Парламенттік реформаның ауқымы мен мақсатын нақты белгілеп, оның қоғамдық диалог пен ашық талқылау арқылы жүргізілуін қамтамасыз етіп отыр. Президенттің саяси еркі мен стратегиялық көзқарасы Парламенттік реформаның нақты институционалдық шешімдерге айналуының кепілі, десем, артық айтпаспын.

Abai.kz

0 пікір