Сейсенбі, 20 Қаңтар 2026
Анық-қанығы 279 0 пікір 20 Қаңтар, 2026 сағат 14:44

Жаңарған Парламент «Құрылтай» деп аталады...

Сурет: Ақорда сайтынан алынды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, жиын барысында жаңа Парламенттің қандай болатыны, оның құрылымы, депутаттар саны және жұмыс істеу тәртібі жөнінде негізгі пікірталас өрбіген.

– Негізгі пікірталас жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады, құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Бұл – терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті шешуші мәселе. Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірді.

– Ең алдымен болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенемін. Азаматтарымыз осы мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсыныстарды зерделеп, барлық жағынан қарастырды. Өте маңызды жұмыс атқарылды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, былтыр қазан айының ортасында жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен, ал жаңа жылдан бері жұмыс тобының мүшелері үш рет бас қосқан.

Мемлекет басшысы «Құрылтай» атауының тарихи аясы мен мағынасы халқымызға түсінікті әрі жақын екенін атап өтті.

– Құрылтай отырысын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім, – деді Президент.

Жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін

Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды.

Президенттің айтуынша, жұмыс тобы аясында бұл мәселеге байланысты бірнеше ұстаным қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші тарап халық санына қарай пропорционалды өкілдік беруді ұсынса, екінші тарап депутаттар санын 500-ге дейін арттыру қажет деген пікір білдірген.

– Депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Мәселе санда емес, сапада. Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар мен білікті мамандар отыруы тиіс. Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын қызу талқылады. Ақыры соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы қажет деген байламға келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа Парламенттің ішкі құрылымына қатысты да бірқатар нақты ұсынысты айтты. Президенттің сөзінше, жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитеттер саны 8-ден аспауы тиіс.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайтынын мәлімдеді.

– Депутаттар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады – Тоқаев

Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентті жасақтау тәртібіне қатысты ұсыныстарды таныстырды,

Депутаттар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады

Президенттің айтуынша, ұсыныстардың үшінші бөлігі депутаттарды сайлау жүйесіне қатысты болған.

– Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді, сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір саяси партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды да пропорционалды жүйе арқылы қалыптастыруды ұсынғанын атап өтті.

– Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын, – деді Президент.

Жаңа Парламент 5 жылға сайланады

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты ұсыныстардың төртінші бөлігіне тоқталды

Президенттің сөзінше, жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр. Сонымен қатар заң шығару процесін жетілдіру мақсатында заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын жаңа процедурасы ұсынылған.

– Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістер мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

– Біз "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы, – дейді Президент.

Abai.kz

0 пікір