Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Билік 117 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 14:53

Әділдікке бағытталған реформалар қажет!

Сурет: dalanews.kz сайтынан алынды.

Академиялық әділдік пен қолданбалы нәтижеге бағытталған реформалар қажет!

Қазақстанда ғылымды дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ғылым жаңаша серпін алып, даму қарқыны жылдамдады. Бастысы, мемлекет тарапынан ғылымға қолдау, жанашырлық сезіледі. Ғалым-зерттеуші, ғылыми қызметкер атану мәртебелі тұғырына қайта қонғандай. Бұл жолда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жұмысын оң бағалаған жөн!

Дегенмен, даму дегеніміз – тоқтаусыз жетілу! Күні кеше Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың қатысушылары тарапынан ғылым саласындағы мәселелер көтерілген болатын. Осы орайда, Қазақстандағы ғылымды дамытуға қатысты бірқатар техникалық ұсыныстар мен мәселелерді атап өткен жөн.

Біріншіден, қазіргі таңда докторантура студенттері мен гранттық қаржыландырылатын ғылыми жобаларды жеңіп алғандардың жұмысының нәтижесі ретінде КОКСНВО тізіміне енген және Scopus, Web of Science базасындағы журналдарда мақала жариялау міндеттелінеді. Осы ретте, жарияланып жатқан мақалалардың авторлық құрамына шолу жасайтын болсақ, мақаладағы соавторлар санына байланысты талаптарды қайта қарастырып, оны күшейту қажеттігін байқауға болады.

Әсіресе, әлеуметтік және гуманитарлық салалар бойынша жарияланатын мақалалардағы «сыбайлас соавторлар» санына қадағалауды күшейту қажет. Көпшілікке белгілі, аталған салаларда ғылыми мақала негізінен жеке ізденістің жемісі. Әлеуметтік және гуманитарлық салаларда 3 немесе 4 адамның бірлесе отырып ғылыми зерттеу жүргізіп, мақала жазатын кездері өте сирек кездеседі. Сол себепті, мақаланың көлеміне, эмпирикалық бөлімінің болуын, пәнаралық байланысына қарай соавторлардың санын қарастырған жөн. Негізінен, әлеуметтік және гуманитарлық салада негізгі автормен бірге 1 соавтордың болуына басымдық берілсе жөн болар еді. Кейбір жағдайларда 3-4 соавтордың бірлесе мақала жариялауы күмән тудырады және негізгі автордың жұмысына деген әділетсіздікті арттырар еді. Өкінішке орай, ғылымға «ерте келгендер» мен қандай да бір мәртебе иеленгендердің әр жерде соавтор болып жүруі мәселеге жіті мән беруді талап етеді.

Екіншіден, «қазақстандық ғылымға құйылған қаражаттың қайтымы төмен немесе нақты практикалық қыры көрінбейді, қоғам өмірін дамытуға үлес қоспайды» деген сын айтылады. Өкінішке орай, айтылған сын бүгінгі жағдайды дәл сипаттай ма деп қорқамын. Осыған орай, мына мәселені ескергім келеді: Ғалым – тек зерттеуші ғана емес, ол қоғамдық мәселеге үн қосатын, шешу жолын ұсынушы. Сәйкесінше, оның зерттеулері қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталғандықтан, ғалымның үні тек академиялық ортада ғана естілмей, ол қоғамдық алаңда талқылануы тиіс! Ал қоғамдағы әр түрлі мәселелерге көзқарасын білдіріп, шешу жолдарын ұсынудың бірден-бір жолы газет беттерінде жарияланатын публицистикалық мақалалар! Бүгінгі жасанды интеллект таяу келешекте ғылымға «қырындаушылардың» санын ұлғайтпаса, азайтпасы белгілі. Осы тұста шын ғалымды шыңдайтын да, қоғамға жақын ететін де публицистика деп ойлаймын. Яғни, ғылым жолына түскендердің KPI-ы публицистикалық жарияланымдарының санымен де өлшенуі керек. Бұл ғалымдардың шығармашылығындағы нәтижелерді қоғам алдында паш етуге, ашықтықты қамтамасыз етсе, екінші жағынан қазіргі газеттердің дамуына да жан бітірер еді.

Публицистикалық мақаланы жазу стильі мен жариялану ерекшелігі өзгеше болғандықтан, шын ғалымның сынға түсетін де, беделін бекемдейтін жері де осы тұс деп санаймын.

Үшіншіден, ғылымның қолданбалы маңыздылығын арттырудың бірден-бір жолы әр бір мемлекеттік қаржыландыруға іліккен субъект ғылыми зерттеу барысында жеткен нәтижелерін (даму заңдылықтарын анықтау, жаңа теориялар ойлап табу, эмпирикалық нәтижелер, құбылыстарды ашу және т.б.) апробациядан өткізуі тиіс. Ол үшін барлық салалардың өкілдерінен тұратын апробация орталығын ашса артық етпейді деп ойлаймын. Мұндай орталықтарды университет жандарындағы ғылыми кеңестерді қайта құру арқылы жасауға болар еді. Мұндай ғылыми кеңестер диссертация қорғаушының жұмысындағы қолданбалы жақтарына көбірек мән беріп, апробациядан «өтті» немесе «өтпеді» дегендей бағалау арқылы ғылымға көзқарасты түбегейлі өзгертер еді. Теория мен практиканы ұштастыру арқылы екі сала арасындағы алшақтық жақындай түсер еді.

Осы ұсыныстар салалық министрлік тарапынан тиісінше қарастырылып, жұмыста қолданыс табатын болса, игі!

Құрметпен, Нұрғиса Кушеров, 

«Тұран» университетінің оқытушысы, саясаттанушы

Abai.kz

0 пікір