Кербұлақ ауданында өзекті инфрақұрылымдық мәселелер шешілді
Жетісу облысы құрылғаннан бері Кербұлақ ауданындағы жүйелі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бағытында жүйелі шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, бұл - газдандыру, сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету, жол жөндеуге қатысты. Бұл туралы Кербұлақ ауданының активімен өткен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев кеңінен айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Соңғы үш жылда Кербұлақ ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды, өзекті инфрақұрылымдық мәселелер шешілді. Маңызды жобаларды іске асыру мен әлеуметтік нысандарды салуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу жұмыстары былтыр толық аяқталды, «Сарыөзек ауылын айналып өту» жолы биыл пайдалануға беріледі. Осы жолдар бұзылмас үшін «Алацем» ценемет зауыты техникалық жол салды. Сарыөзекті ауыз сумен толық қамтамасыз ету жобасы аяқталуда, енді су жүйесін тексеру мен сынақтан өткізу, абаттандыру жұмыстары қалды, - деді Б. Исабаев.
Сондай-ақ соңғы үш жылда аудандағы жергілікті маңызы бар 67,3 шақырым жолға ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жасалды, соның ішінде ауылдың ішкі жолдары, елді мекенге кірме жолдардың жөндеуі, көпір құрылыстары да бар.
Жолда жиі жүретін көлік иелері бұл игі өзгерістерге ризашылық білдірді.
- Қазір аудандағы жолдардың сапасы едәуір жақсарды. Өзім Сарыбұлақ ауылынан Сарыөзекке күнделікті барып-келіп жұмыс істеймін. Сондықтан күн сайын жол жүремін десем артық айтқандық емес. Бұрын ойлы-шұқыр жолмен жүргенде ай сайын көлігімізді жөндетуге тура келетін. Қазір жолымыз жақсы, әсіресе айналма жол пайдалануға берілетініне қуанып отырмыз, - дейді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Әсет Өзенбаев.
Аудандағы қолға алынған тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба – елді мекендерді газдандыру. Мемлекет басшысының Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендерге газ тарту туралы тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында соңғы үш жылда қабылданған шаралардың арқасында Кербұлақ ауданында 25 ауылға газ тартылды, яғни 33,3 мың тұрғынның көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік жасалды. Оған қоса тағы 6 елді мекенге газ тартудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу тапсырылды. Құрылыс жұмыстарын 2026–2027 жылдары жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл ретте ауданға газ тартылғанына және ауыз су мәселесінің шешілгеніне тұрғындар қуанышты. Солардың бірі Сарыөзек ауылының тұрғыны Тұрған Майшыбекова өз пікірін білдірді:
- Үйімізге газ кіргіздік. Енді қыста отын-көмір тасып, от жағып әуре болмаймыз. Сол сияқты біз ұзақ жыл су тапшылығын көріп келдік, ауыз суды құдықтан тасып іштік. Қазір орталық су жүйесі іске қосылған, үйге су құбырын тарттық. Алдағы уақытта судың жаңа желісін іске қосқалы жатқанын естідік. Енді су беру жағдайы бұдан да жақсарады деп сенеміз. Жалпы алғанда қазір қала мен ауыл тұрмысының еш айырмашылығы жоқ, ауылда да жайлы өмір сүруге барлық жағдайымыз жасалған, - деді ол.
Abai.kz