«Тілемсек» саналы адамдар неліктен қиналады?
ҚОЛДАН БАҚЫТ ЖАСАУ – ЗАМАНАУИ ТӘУЕЛДІЛІК
Олар қымбат көлік мініп, сәнді жиһазға толы кең пәтерде тұрған кезде ғана өздерін өзгелерден әлдеқайда жоғары, әлдеқайда құнды санайды. Арзан көлігі бар көршісіне қарап: «Менің табысым бұдан көп... менде бәрі бар... ал мынау кедей» деп ойлайды.
Олар: «Адамдар менің көлігіме қарап, мені мықты деп ойлайтын шығар» деген қиялмен өздерін алдайды, олардың өзін-өзі бағалауы да тек осы өлшеммен ғана өседі. Көршісінің қасынан өткенде немесе арзан көліктер тізілген көшемен зымырап бара жатқанда өздерін аса маңызды тұлға сезінеді. Бірақ, көршісі одан да әдемі, қымбат көлік сатып алса-ақ болды, олардың өзін-өзі бағалау деңгейі күрт төмендеп сала береді. Өйткені көршісі өзінен гөрі табыстырақ болып көрінді. Содан кейін олар қандай да бір амалмен баяғы «мәртебесін» қайтарып алуға тырысады. Бұл тек көлікке ғана қатысты емес...
Бұл жағдай шексіз жалғаса береді... Олардың өзін бағалауы бір төмендеп, бір жоғарылап, тұрақсыз күй кешеді. Айналасындағы адамдардың бірі қымбатырақ, әдемірек дүние тұтынса, өздерін қор санап, жасып қалады; ал егер біреудің жағдайы төмендеу екенін көрсе, өздерінің үстемдігін сезініп, мәре-сәре болады.
Жазушы әрі философ Шарль де Монтескье:
«Егер біз тек бақытты болуды ғана қаласақ, бұл оңай болар еді. Бірақ біз өзгелерден БАҚЫТТЫРАҚ болғымыз келеді, ал бұл ешқашан мүмкін емес. Өйткені өзге адамдар біздің көзімізге әрқашан бақыттырақ болып көрінеді» деген екен.
Адамдар «қолдан жасалған» жалған бақыттың соңынан жүгіріп, тура бір есірткіге тәуелді жандар сияқты болып барады. Олар қандай да бір құнмен болсын өзгелерден үстем екенін сезінгісі келеді. Ұялы телефондарын, көліктерін жиі ауыстырып, тек брендті джинсы киіп, үйін қымбат жиһазбен толтырады (егер үйге біреу кіріп келсе, ұят болмасын деген оймен). Өздерінің талғампаз екенін көрсету үшін әтірдің де тек ең қымбатын себінеді. Әрине, бұның бәрі арзан тұрмайтындықтан, «дүниесі бар адамның» рөлін ойнаушылар қарызға белшесінен батады. Осылайша, олар өздерінің «қолдан жасалған» бақыты үшін несиеге тәуелді бола бастайды. Өздерінен төмен адамдардан да сорлы болып қалудан өлермендікпен қорқатындықтан, мұндай күйге түспеу үшін қанша ақша болса да шашуға дайын тұрады. «Дүниесі бар» деген атты сақтап қалу үшін орасан зор ақшаға керексіз нәрселерді де сатып ала береді.
Олар «дәулетті адам» бейнесіне сай келмейтін барлық кемшілігін жанұшыра жасыруға тырысады, ал өздерін бай етіп көрсететін дүниенің бәрін жарнамалап бағады. Мысалы, 5 жұлдызды қонақүйге тоқтағанын әлеуметтік желіде жарыса жариялайды да, 3 жұлдызды қонақүй туралы тіс жармайды.
Осылайша, олардың өмірі үлкен бір «қойылымға» айналып, олар өзгелерді емес, ең алдымен өздерін алдай бастайды. Олар рөлге кіріп кеткені сонша өздерін шынымен «дүниелі» сезініп, өмір бойы төлеп тауыса алмайтын қарыздары бар екенін «ұмытуға» тырысады.
Бірақ бір күні банктер оларға несие беруді тоқтатады, қызықты күндер аяқталып, олар терең депрессияға түседі. Бастарына түскен бұл тауқыметті несие бермей қойған банкке, үкіметке, жалақыны өсірмей отырған жұмыс берушіге жабады. Ал өздерін ешқашан кінәламайды. Өйткені олар да басқалар сияқты өмірден бәрін алып, «толыққанды» өмір сүргісі келді. Бұның несі айып?
Бұл жағдайды Генри Фордтың мына бір сөзімен түйіндеген жөн шығар:
«Маған қымбат қонақүйге жатудың қажеті жоқ. Керексіз заттар үшін артық ақша төлеу маған қисынсыз көрінеді. Мен қай жерде түнесем де, бәрібір Генри Форд болып қала беремін. Кез келген ең арзан қонақүйде де қымбат орындағыдай демалып, шаршау басуға болады.
Мына пальтоға келетін болсақ... иә, сіздікі дұрыс... Мұны кезінде әкем киген. Бірақ бұны киді екен деп мен Генри Форд болудан қалмаймын. Менің ұлым әлі жас, тәжірибесі аз. Содан болар, ол: "Егер арзан қонақүйге тоқтасам, адамдар мен туралы не ойлайды?" деп уайымдайды. Ал маған бәрібір... өйткені мен өз құнымды жақсы білемін. Менің миллиардер болуымның құпиясы есепке ұқыпты болып, шынайы құндылықтарды жалған жылтырақтан ажырата білуімде».
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz