Жұма, 23 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 370 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 18:31

Қысқы Олимпиада: Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасының сапында 36 спортшы қатысады.


93 елден – 3 жарым мыңнан астам спортшы

Қазір Қазақстан еншісінде мына спорт түрлерінен лицензия бар:

Фристайл-могул – Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко.

Фристайл-акробатика – Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас.

Биатлон – Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генева, Айша Рақышева.

Тау шаңғысы спорты – Ростислав Хохлов, Александра Скороходова.

Шаңғы қоссайысы – Шыңғыс Ракпаров.

Шаңғы жарысы – Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина.

Шаңғымен тұғырдан секіру – Данил Васильев, Илья Мизерных.

Конькимен жүгіру спорты – Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко.

Шорт-трек – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан.

Мәнерлеп сырғанау – Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.

Айта кетейік, бұл тек 2025-2026 жылғы маусымдағы лицензиялық кезеңдер нәтижесіндегі көрсеткіш. Алдағы уақытта Халықаралық Олимпиада комитетінің есебінен қосымша жолдамалар берілуі мүмкін.

Олимпиада лицензиясына қатысты қорытынды ақпарат қаңтардың аяғында белгілі болады. XXV Қысқы Олимпиялық ойындар Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Олимпиаданың ашылу салтанаты 6 ақпанда Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтеді.

Біздің туды кім ұстайды?

Мемлекеттік туды алып жүру құрметі қыстың негізгі жарыс түрлерінен қатысатын титулды спортшыларға сеніп тапсырылған. Шорт-тректен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 30 жастағы Денис Никиша – 500 метр қашықтықтағы әлем чемпионаттарының (2024, 2025) екі дүркін күміс жүлдегері, қазіргі мықты спринтерлеріміздің бірі. Онымен қатарлас ту ұстаушы – фристайлдан құрама командамыздың жетекші спортшыларының бірі Аяулым Әмренова. Ол Еуропа кубогы кезеңдерінің толық марапаттары және екі Олимпиада ойындарына қатысу тәжірибесі бар (2018, 2022).

Бұл спортшыларды таңдау қазіргі спортта кәсіпқойлық пен нақты нәтижелер маңызды екенін растайды. Бүгінде қазақстандық шорт-трек және фристайл мектебі әлемдік көшбасшылармен тұрақты бәсекелеседі, бұл біздің спортшыларымыздың халықаралық рейтингтегі жоғары орындарынан-ақ көрініп тұр. Д.Никиша мен А.Әмренованың жетістіктері ел ішіндегі мұздағы спорт түрлеріне қызығушылықтың артуына ықпал етеді: секциялардың географиясы кеңейіп, өңірлерде жастар үшін қысқы спорт түрлері қолжетімді бола бастады.

Миландағы ойындар бүкіл команда үшін маңызды кезең болмақ. Қазақстандық спортшылар үшін Олимпиадаға қатысу – ең алдымен, жинақталған әлеуетті іске асыру және жоғары бәсекелестік жағдайында біліктілікті растау мүмкіндігі. Италия ареналарында өнер көрсету Қазақстанның әлемдік қысқы спорттағы көшбасшылық позициясын нығайтары және құраманың әрбір қатысушысының кәсіби мансабындағы маңызды қадамға айналары сөзсіз.

Тәжірибе мен жастық жігер ұштасқан

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиялық ойындарға тоғызыншы рет қатысқалы отыр. Биыл елімізден 18 ер адам мен 18 әйел – барлығы 36 спортшы лицензия алды. Бұл Бейжіңде өткен 2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда екі адамға көп.

Қысқы Олимпиадалар тарихында бес қазақстандық спортшы жүлде тұғырына көтерілген – Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева. Сондықтан командадағы тәжірибелі спортшылардың рөлі ерекше маңызды. Өз мансабында бесінші рет Олимпиада ойындарына фристайл-могул бойынша Пхенчхан-2018 қола жүлдегері Ю.Галышева қатысады. Бұған дейін дәл осындай көрсеткішке шаңғышы Е.Володина-Антонова мен фристайлшы Д.Рейхерд қана қол жеткізген.

Сонымен қатар, шорт-трекшілер А.Әжіғалиев пен Д.Никиша қатарынан төртінші Олимпиадада өнер көрсетеді. Бейжің-2022 жарысында А.Әжіғалиев 500 метр қашықтықта тұғырдан бір қадамда тоқтап, төртінші орынды иеленді. Д.Никиша, өз кезегінде, кейінгі екі әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Қазақстан құрамасының сапында Бостондағы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері М.Шайдоров және фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері А.Городко да өнер көрсетеді.

Бұл жолы қазақстандық спортшылар 10 спорт түрі бойынша бақ сынасады. Сонымен қатар, Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық жарыстарға қайта қатысады.

Құраманың ең жас қатысушысы А.Асылхан фристайл-акробатикада өнер көрсетеді. Миландағы Олимпиада ол үшін мансабындағы ең үлкен бастама болса да, оның енщісінде Азия ойындарының күміс медалі бар.

Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысатын 36 спортшының 18-і алғаш рет төртжылдықтың басты жарысына қатысқалы отыр. Дебютанттар қатарында тұғырдан шаңғымен секіруден 2024 жылғы жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы И.Мизерный да бар.

Abai.kz

0 пікір