Сенбі, 24 Қаңтар 2026
Талдау 182 0 пікір 24 Қаңтар, 2026 сағат 13:27

«Ұлпан» және заман

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтың әйгілі «Ұлпан» романы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде әйел тақырыбына жазылған кең ауқымды, көп қатпарлы тұғырнамалық шығарма. Бұл туынды сан ғасырлық ауыз әдебиетін айтпағанда, жазба әдебиетіміздегі М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсы», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», М.Әуэзовтың «Қорғансыздың күні», «Ғазиза», сонымен бірге, «Абай жолы» эпопеясындағы бүтіндей бір әйелдер галереясын бірге айтқанда, одан кейінгі ұзақ жылдардан соң жазылған, тақырыбы қазақ еліндегі он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы тарихи, саяси күрделі оқиғаларды қамтыған бірегей туынды.

«Ұлпан» Ресей империясының қол астындағы қазақ даласында патшалық билік тарапынан басталған әкімшілік, аумақтық реформалардың белсенді жүргізіліп жатқан кезеңді қамтиды. Әкімшілік құрылымның өзгеруімен бірге шаруашылық ерекшеліктер, тіршілік көзі, қоғамдық қатынастардың өзге жаңа деңгейге ауысу үрдісі белең алған еді. Ішкі Ресейден крепостнойлықтан босаған шаруалардың жаппай көшірілуі, оларға қазақ жерінің бөлініп берілу әрекеттері белсенді қолға алынған.

Реформалар нәтижесінде хандық жүйенің жойылуы, жерлердің алынуы салдарынан бұрынғы үйреншікті кеңістіктің тарылуы, қалалардың орнығып, сауда-саттықтың енуі көшпелі өмір салтынан ажырамаған елдің дәстүрлі тіршілігіне елеулі әсерін тигізіп жатқан. Десе де, мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан ежелгі салт-дәстүрінен арылмаған қауым келешектің қалай боларынан бейқам күйде сол әдеттегі өмір жолымен жүріп жатты. Хандық жүйенің жойылуына көнбей, Патшалық ресей тарапынан жүргізіліп жатқан өзгерістерге қарсы Кенесары бастаған көтерілістің қарқын алған тұсы да сол. «Ұлпан» романының сюжетінде осынау іргелі оқиғалар тікелей болмаса да  қамтылған, кейіпкерлердің өмірі, іс-әрекеті сол үрдістермен тікелей байланысты.

Романның басты кейіпкері Ұлпан көшпелі дәуірдің соңғы батырларының бірі – Артықбайдың жалғыз қызы. Сондықтан да болар, ол бала кезінен үй тіршілігіне, әкесінің істеріне араласып еркін өседі. Алайда, әлі де қаймағы бұзылмаған ежелгі салт ырымдардан бұл да аттап өте алмай, қалың малдың құрбаны болудың аз-ақ алдында тұрған. Дәл осы сәтте оның атақты би Есенейге тап болуы, алпыстағы қарт бидің он сегіздегі Ұлпанды әйелдікке алуы жас әйелдің өмірін мүлде басқа арнаға бұрады. Атастырған бұзақы, абыройсыз жұртынан гөрі әкесімен жасты қарт адамға, бірақ байлығы мол, ықпалы зор жанға күйеуге шығуы әрине жас та сұлу қыздың жетейін деген арманы деуге келмес, бірақ қарт әке-шешесі мен өзі аз, әрі кедей ағайын-жұртының келешегін ойлаудан туған шарасыздық шешім тұғын.  Мүгедек қартаң батырдың жастайынан батыл өскен көрікті қызы өзінің бағасын да біледі. Сондықтан оның Есенейге келісім берер алдында «қымбатқа түсемін» деуінің де ар жағында үлкен ойлар мен тілектер жатқан. Онысы қалың малының қымбаттығы емес, атақты, бірақ қартайған биге әйел болып барғаннан кейінгі алар орнының мәні мен маңыздылығы болатын. Осылайша, өз басын құрбандыққа шала отырып, төңірегіндегі жүдеу жұрттың қамы үшін жалынды жанын тұмшалап белін буған жас әйел ақыл-ойына, көрегендігіне сай көп ұзамай ойына түйген, көздеген мақсаттарын ретімен, жөнімен жүзеге асыруға кірісті.

Ең  алдымен барған елінде екі ұлы бірдей шешектен қайтыс болғаннан кейін бәйбішесінен жеті жыл бойы бөлек тұратын Есенейдің малын бағып, отымен кіріп, күлімен шығып жүрген әбден тозығы жеткен, ірің көз балаларын жетектеп келген, өздері де кедейліктің ауыр кебін киген кәрі-жас кемпір- келіншектердің, жүдеген жұрттың сұрағанын беріп, мыңғырған малдан ондаған жылдар бойы ала алмаған еншілерін таратып беріп тұрмыстарын түзеуіне қамқорлық жасады. Көшпелі дәуірде бай-құтандар маңайындағы елді жұтатпай өздерімен бірге жарылқады деген пікірдің шындыққа сай келе бермегенін осыдан көруге болады. Ұлпан осылайша әйелдік табиғатына сай қамқорлық, жанашырлық сезімнен туындайтын қылығымен уақыт өте келе бүтіндей бір елдің арқа сүйер тұлғасына, жиырма бес жасқа жетпей бәйбіше деген құрметті атаққа ие болды. Ел басқарудағы ұзақ уақыттағы кемшіліктерін, Ұлпанның келуімен орнаған өзгерістердің мәнін анық сезінген қартаң би ендігі билікті жас әйелге толықтай өткеріп, оған барынша еркіндік берген. Алдымен ағайын-ауыл ортасындағы, одан соң рулар арасындағы бітпейтін дау-дамайларды реттеп, кейіннен патшалық биліктің ресми өкілдерімен шекара, әкімшілік мәселелері жөніндегі саяси мәндегі келіссөздер жүргізуге дейін дәрежесі жетіп, олардың өзімен санасуына дейін көтерілген Ұлпанның есімі ендігі ауыл арасы ғана емес,  алыс аймақтарға да естіліп мойындала бастайды. Қожық тәрізді ел тонаумен айналысып, қарамағында Кенесары қолынан қалған жүздеген сарбазы бар қарақшыны талқандаудың ауқымды әрекетіне де әйел басымен Ұлпан ұйытқы бола білді.

Күйеуі Есенейдің нағашылары кіші жүздегі әйгілі Сырым батырдың бұған жиен ретінде бала кезінде сыйлаған кісесін ендігі кәрі биден кейін мұрагерлік ететін ұлы болмайтындығын түсінген соң, жәдігерді батырдың ұрпағына қайтарып берудің абыройлы ісін де Ұлпан өзі атқарады. Атақты Сырым батырдың отанына ел бірлігін, ұлыс жақындығы дәріптейтін ұлағатты мазмұндағы сапары ол жақтағы қалың жұрттың ерекше ықыласына ие болып, батырға берілетін ауқымды асқа ұласуы, жиен келіннің тіккен бәйгелері атағының дүркіреп таралуы Ұлпанның рөлін ұлыс деңгейіне көтерді деуіміз лазым. Демек, Ұлпанның қазақ тарихында алар орны да айрықша. Ол қатардағы қазақ әйелі емес - ел ішінде, ұлыс арасында үлкен беделге, биік мәртебеге, қайраткерлік дәрежеге көтерілген тұлға. Кіші жүз халқы Ұлпанның атымен үлкен бір көлді атауы, кейіннен сол көлдің жанынан өткен Орынбор-Ташкент теміржолының қазіргі уақытта Орал облысындағы станциясы «Ұлпан» аталуы оның тарихи адам екендігінің нақты дәлелі.

Реалистік суреткер Ғ.Мүсіреповтың танымал туындысының өмірде болған әйгілі кейіпкері Ұлпан – сөзіміздің басында аталған қазақ әдебиетіндегі әйел тақырыбын арқау еткен шығармалар кейіпкерлерінен қоғамдық, әлеуметтік және тарихи тұрғыдан барынша жоғары тұр. Бұған дейінгі геройлардың басым бөлігі тұрмыс-тіршіліктің, әдет-ғұрыптың, ескілік-надандықтың жазықсыз құрбандары қатарында баяндалды. Ұлпан ғасырлар тоғысындағы, өркениеттер қақтығысы кезеңіндегі күрделі заманда өмір сүріп, бұрынғы дәуірдің ендігі келмеске кеткендігін түйсініп, жаңа заманның ұтымды, пайдалы жақтарын еліне, жұртына түсіндіріп енгізе білді. Оның ықпалымен жергілікті адамдардың қыстық үйлер, монша салуы, жер игеруі, егін шаруашылығымен, саудамен айналысуға бет бұруы – кейіпкердің нағыз рефрорматорлық рөлін айқындайды. Өкінішке орай, осынау қайраткер, беделді жанның өзі жалғыздығынан ескі дәстүр-құрылымның іргесін бұза алмаған күйінде айналасындағы қараңғы топтың, тіпті ең жақын туыстарының надандық зұлымдығының ерте құрбанына айналды. Роман эпилогында автор ұзақ жылдардан кейін Ұлпанның басына қойылған қабір тасының марқұмның аты жазылған сынықтарын монша пешінен көрген аса бір келеңсіз, сұмдық жайтты жасырмай айтады. Осындай өкінішті оқиғалардан кеңестік замандағы отызыншы жылдардың ойраны бүтіндей бір ұлыстың табиғи тіршілік жүйесін жоюмен бірге тарихи жадысын жоқ қылуға таянғанын жанымыз сезініп түршігеміз, ондайдың қайталанбауына бекиміз.

Бұл орайда Қырғыз халқының атақты әйел тұлғасы Құрманжан Датқаның есімі еске түседі. Күйеуі Әлімбек Датқа дұшпан қолынан қаза тапқан соң оның билігін әрі қарай өзі жүргізген Құрманжанның Алай падишағы атануы тарихтан мәлім. Ел-жұртының амандығы үшін отарлыққа қарсы күрескен екі ұлының бірдей патшалық биліктің құрбаны болғанын қаймықпай еңсере алған кемеңгер әйел босқа қан төгуді болғызбай, отарлықтың сөзсіз зардабына төтеп бере отырып халқының тыныштығы мен бүтіндігін қамтамасыз етіп тоқсаннан асқан жасқа дейін өзі де ұзақ жасаған ерекше жан. Айта кетерлігі Құрманжан Датқаның есімі мен қызметі, тарихтағы орны бүгінгі Қырғызстанда айрықша бағаланып, мұражайы ашылып, мемлекеттік, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігіне айналған.

Біздің ойымызша, ұлы қаламгердің әйгілі туындысына өзек болған Ұлпан Артықбайқызының қазақ халқының тарихындағы алар орны ең алдымен ол туып өскен аймақта, жалпы қоғамдық деңгейде, ғылыми орталарда қайта сараланып, жаңаша бағаланып елдік ауқымда лайықты бағалануы – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Мұхтар Кәрібай,

дипломат, публицист

Ош қаласы

Abai.kz

0 пікір