Тілсіз – халық жоқ, халықсыз – тіл жоқ!
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға!
ҰСЫНЫС
Тіл - ұлттың өмір сүруінің және келешек өркендеуінің негізі әрі шарты, ұлттық сананың міндетті құрамдас бөлігі, халықтың өткен тарихы мен мәдениетінің, дәстүрлерінің жиынтығы, демек бүтін бір елдің рухымен қалыптасқан тілі мен тарихын ешқашан өшіруге болмайды.
Тіл - қатынас құралы ретінде ең басты өмірлік миссияны атқарады, ұлт пайда болғаннан бастап әлеуметтік құбылысқа «Тілсіз - халық жоқ, Халықсыз - тіл жоқ» деген формулаға айналады.
Қазіргі қазақ тілінің тарихи сипатының негізі V-X ғасырлар аралығында түркі тілдерінің өзара лексикалық – фонетикалық, грамматикалық жақындық бірліктерінен бой түзеді, V-X ғасырларда қазақ тілінің рулық, тайпалық тілдерінің негізінде: алғашқы кезде рулық тілдердің өзара жіктелуі, ажырауы, кейін тайпалық одақтарға бірігуі және бөлінуі салдарынан қыпшақ тілі бірлестігі (тобы) аясында қазақтың халық тіліне ұласты, осы кезден қазақ тілінің дамуы басталды.
XV-XVI ғасырларда «Қазақ» этнонимінің пайда болуымен біртұтас қазақ тілі қалыптасты, XVI-XVIII ғасырларда қазіргі кең байтақ жерімізде халықтың қазақ тіліндегі даму дәуіріне жалғасты, ХIX-ХX ғасырларда қазіргі ұлттық әдеби тілі қалыптасты, осы кезеңде ХX ғасырда әртүрлі сыртқы факторлар ықпалынан қазақ тілі дамуының тежелуі басталды.
Қазіргі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қарамастан оның толыққанды дамуына қолданыстағы Конституция (7-бап) мемлекеттік және жергілікті органдарда орыс тілін мемлекеттік тілімен тең дәрежеде ресми қолданылуы барлық өмірлік салаларда мемлекеттік тілдің дамуына кедергі болуда, өкінішке қарай қазақ тілінің тежелуі бүгінде жалғасуда.
Ел заңдары, билік жарлықтары, қаулылары, өкімдері, атқарушы орталық және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің іс қағаздары, құжаттары мен қатынас хаттары қазір орыс тілінде жазылады, содан кейін аударма арқылы қазақшаланады, біз көзбояушылықпен, өзімізді өзіміз алдап, тілімізді амалсыз халге жеткізген түріміз бар.
Қазіргі қазақ тілінің мемлекеттегі, әлеуметтегі ахуалы қазақ халқының бүгінгі әлеуметтік – экономикалық жағдайының анық айғағы.
Бұл барша елге, мемлекеттігімізге, билікке сын, ғасырлар аңсаған тәуелсіздік алдында ұят, былай қарасаң, құқықтық жағынан мүлдем қисынсыз, тәуелсіз мемлекеті, көне және бай ұлттық тілі бола тұра өзге тілде жазу ақылға қонымсыз.
Конституциялық комиссияға жоғарыдағыларды жеткізе отырып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мынадай редакцияда жазуды ұсынамын:
9-бап
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
- Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет атынан қазақ тілінің жалғыз мемлекеттік тіл және ресми тіл ретінде жан-жақты және өмірдің барлық саларында дамуына әрі қолданылуына жауапкершілік артады.
- Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет атынан мемлекеттік тілдің және өзге де ұлт тілдерінің дамуы үшін барлық жағдай туғызады.
Әрбір халық өзінің туған тілін аялауға, құрметтуге, дамытуға мүдделі және құқылы, ұлттың өркендеуі тілдің тұрақты және үздіксіз дамуынсыз мүмкін емес, оны өткен уақыт көрсетті, тіл саясатының Ата Заңының нормаларында айқын және пәрменді негізделуі қазақ халқының елдігінің, тұтастығының, бірлігінің және болашағының кепілі, сондықтанда Конституциялық комиссия мүшелері қолдау білдіреді деп сенемін.
Салауат Кәрім
Abai.kz