Сенбі, 7 Ақпан 2026
Ақмылтық 365 0 пікір 7 Ақпан, 2026 сағат 13:14

Соңғы қырық жылда қызуымыз қырыққа таяды…

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Қызылорданың суығы Астананың боранынан өзгеше. Әсіресе, желі өңменіңнен өтіп кетеді. Съемкамызды аяқтап, Астанаға келіп, енді ғана есімізді жинап жатқан жай бар.

Әлем-жаһанға көз салсам, дүние екіге бөлінгендей көрінеді. Бүгінгідей турбулентті кезеңде, «Айвазовскийдің Тоғызыншы валындай» аласапыран уақытта, ел іші гу-гу, ду-дуға түсіпті.

Менің ұққаным — басты мәселе тіл жайында. Ана тілі туралы.

Көзі ашық қауым қазақ тілінің ертеңіне алаңдаулы. Төргі бөлмедегі төрден орын тимеген тіліміз төменге жылжыған. Бұл бүгін басталған жоқ. Әзірге емі жоқ дерттің бізге келгеніне үш жүз жылдан асып кетті. Тіпті соңғы қырық жылда қызуымыз қырыққа таяды…

Баяғыда Мәскеуде менімен қатар Геннадий Дьячков деген жігіт оқыды. Кинодраматургияда. Өте білімді еді, аты-жөні орыс болғанымен, ұлты — юкагир.

Сол заманда жер бетінде бар-жоғы екі мыңдай ғана юкагир халқы барын, олардың сонау Солтүстіктегі Якутия мен Чукотканы мекендеген көне жұрт екенін Генадан естігем. Орыс әскері келгенге дейін өз тарихы мен мәдениетін, тілі мен әдет-ғұрпын сақтаған азғантай ел екен.

Ол менің қазақша сөйлегенімді, мен оның өз тілінде сөйлегенін қызықтайтынбыз.

Кезінде МГУ-дың математика факультетін бітірген жігіттің неге кинодраматургияға ауысқанын сұрағанда:

— Жақсы бір сценарий жазсам деймін… Біздің ел жайлы, менің кішкентай Отаным туралы кино түсірілсе… — деуші еді.

Тағдырдың алшысы басқаша түсті… Курстасымыз біз жазғы демалысқа кеткенде қайтыс болды.

Бүгінде қазақша кітап оқу, өлең жаттау былай тұрсын, қазақша сөйлеу мен ойлау да дефициттің бір түріне айналды.

Кезінде ауыл жастары қалаға үдере көшкенде «мәмбет», «ауылбай», «колхоз» деген келемеж сөздер сол кездегі жастарға үлкен комплекс болғаны рас.

Бүгінгі урбанизация еліміздің экономикасына, әлеуметтік жағдайына, мәдениеті мен руханиятына да өзгерістер әкелгенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Міне, осы кезде тіл мәселесінің қайта көтерілуі — заңдылық.

Бұл қоғамның жай белсенділігі емес, бұл — ұлттық сана-сезімнің өсуі деген дұрыс болар.

Бұл кезең — ертеңге деген үміт пен арманымыздың алаңдауы.

Біле білген адамға тіл мәселесі — болашағымызға салынған инвестиция.

Тілі бірдің — ділі бір.

Ол — біздің Тәуелсіз мемлекетіміз.

Ал тәуелсіздіктің қасында басқа дүниенің бәрі екінші, үшінші мәселе ғана…

P.S. Соңғы деректер бойынша, жер бетінде юкагир тілінде сөйлейтін он бес шақты адам ғана қалған екен… Есіме баяғы досым Геннадий Дьячков түсті. Оның арманы іске аспай қалғаны өкінішті…

Талғат Теменов,

Кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі.

Abai.kz

0 пікір