Сара Назарбаева сауығып шығыпты
Сара Назарбаева Президент іс басқармасы жанындағы Ұлттық госпиталден ем-домын толық аяқтап шықты. Бұрын «Совминка» деп аталған бұл медициналық мекеме оның ауруханадан үйіне ауыстырылғанын хабарлады, бірақ денсаулығы, диагнозы және емдеу әдістері туралы мәліметтер дәрігерлік құпия болып қала береді.
«Пәциент емдеу курсын толық аяқтап, биыл қаңтарда амбулаториялық бақылауға шығарылды. Денсаулығы, диагнозы және емдеу әдістері туралы басқа ақпарат дәрігерлік құпия саналып, жария етуге жатпайды», – делінген госпиталь хабарламасында.
Сара Назарбаеваның ауруханаға жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2025 жылдың 5 мамырында тараған. Әлеуметтік желілерде оның ауыр жағдайда жатқаны немесе қайтыс болғаны жөнінде қауесет тарағанымен, кейін отбасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. 2025 жылдың қазанында экс-елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай оның сәуір айынан бері Ұлттық госпитальде дәрігер бақылауында емделіп жатқанын ресми түрде растады. Осылайша, ол шамамен 9 ай бойы медициналық қадағалауда болды.
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен шаңырақ көтергеннен кейін отбасында үш қыз дүниеге келді. Алғашында ол қыздарының тәрбиесіне көңіл бөлсе, кейін қоғамдық қызметке белсенді араласа бастады.
Соңғы оқиғалардан хабарланғандай, Алматыға Дариға Назарбаева ұшып келгенде блогер Әлішер Елікбаев оны әуежайдан байқап қалған. Оның Алматыға анасының көңілін сұрай келгені немесе басқа шаруамен келгені жайында әзірге мардымды ақпарат тараған жоқ.
Abai.kz