Сәрсенбі, 11 Ақпан 2026
Әне, көрдің бе? 153 0 пікір 11 Ақпан, 2026 сағат 13:13

Екі дос енді дос емес пе?

Сурет: akipress.org сайтынан алынды.

Қырғыз басшысы Садыр Жапаровтың ең сенімді серігі - Қамшыбек Ташиев еді. Сооронбай Жээнбековті биліктен кетірген қырғыз төңкерісінен кейін, дәл осы Ташиевтің көмегі түрмедегі Жапаровқа көп тиген. Ташиевтің арқасында Жапаров түрмеден шығып, Қырғыз Президенті болды. Осыдан соң, Қамшыбектің де қолындағы құзыреті ұлғайып, биліктің бірнеше тармағана бақылау жасай бастаған.

Күні бүгінге дейін Ташиев Қырғызстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы һәм Қырғызстанның вице-премьері еді. Ықпалы тіпті, Жапаровтың өзінен асып түсті. Таластан Нарынға, Ош-Баткеннен Ыстық көлге дейін жұрт Жапаровтан емес, Қамшының қаһарынан қаймығатын

Кеше Жапаров сол Ташиевті барлық қызметінен босатыпты. Орнына Жұмғалбек Шабданбеков деген генералды тағайындап үлгеріпті.

Ең қызығы - кеше бір топ азамат Қырғызстанда кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ашық ұсыныс жасаған. Содан бері жұрт «Қамшыбек сайлауға түсе ме?» дегенді ызу-қызу талқылап жатқан.

Кешелі-бергі ауыс-түйіске нақты осы жай себеп болды ма, басқасы ма, белгісіз. Бірақ, шексіз билік соңғы жылдары Қамшы мен Садырдың арасына сызат түсіре бастағаны өтірік емес.

Сурет: abai.kz скрині.

Жапаров-Ташиев тандемі билікке келген тұста, Қырғыздың сақа саясаткері Өмірбек Текебаев: «Доссекретардан құтыла алмайсыз, Жапаров мырза!», - деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл 2020 жыл болатын.

Қырғызстанда президент пен ГКНБ-ның басшысы арасында астыртын «күрес»жүріп жатқаны осыған дейін де жазылған.

Былтыр «Intelligence Online» басылымы: «Путин өзінің әріптесі Садыр Жапаровтан гөрі, Қамшыбек Ташиевпен жұмыс жасағанды қолай көреді. Қырғыз ҰҚҚ бастығы қазірдің өзінде (де-факто) Президенттің көлеңкесінде жүріп, бірқатар стратегиялық шешімдерді бақылауда ұстап отыр. Ташиев 2027 жылғы президенттік сайлауды назардан тыс қалдырмай, билік тетіктеріне өз бақылауын күшейтуде», - деп жазған.

Ол кезде Жапаров та, Ташиев те бұл әңгімені терістеп, мәлімдемелер жасаған.

Ал кешегі кезектен тыс сайлау туралы ұсыныстан кейін Қырғыз депутаттары да: «Ташиевтің сайлауға түсу құқы бар», - деп сөйлеп жатты...

Не де болса, Қамшыбекті барлық қызметінен бір күнде алу - бекерден-бекер емес...

Abai.kz

0 пікір