Сәрсенбі, 11 Ақпан 2026
Жаңалықтар 127 0 пікір 11 Ақпан, 2026 сағат 15:54

Ұлттық компаниялар реформасы: Президенттің қатаң сыны және Мәжілістегі үндеу

Сурет: akzhol.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне қатысты қатаң сын айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген Президент ұлттық компаниялардағы басқару жүйесі заман талабына сай келмейтінін ашық мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, ұлттық компаниялардың құрылымы түбегейлі қайта қарауды қажет етеді.

- Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент кейбір басшылардың нақты жұмыспен айналысудың орнына әлеуметтік желілерде пікірталасқа араласып, тіпті күмәнді дискуссияларға қатысып жүргенін де сынға алды. Бұл жағдай мемлекеттік басқарудағы тиімділік пен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Квази-мемлекеттік сектордағы қайшылықтар

Президент көтерген мәселеге Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев те пікір білдірді. Оның айтуынша, квази-мемлекеттік сектордағы кадрлық артықшылық пен шығын мәселесі парламент мінберінде бірнеше жылдан бері айтылып келеді.

- Біз бұл мәселені үкіметтің жыл сайынғы бюджет есебінде көтеріп келеміз. Ұлыбританияны мысалға алып, квази-мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлерді қысқарту тәжірибесін ұсындық. Сонда бюджет үнемдеу үшін қанша мемлекеттік қызметші қысқарды деп сұрағанда, бірде-бір адам қысқармағаны белгілі болды, - деді депутат.

Азат Перуашевтің айтуынша, кейбір ұлттық компания қызметкерлері миллиондаған сыйақылар алғанымен, олардың нақты жұмысының нәтижесі қоғамға түсініксіз күйінде қалып отыр.

- Сыйақы бар, ал нәтиже қайда? -деген сұрақ әлі күнге дейін ашық тұр, - деп түйіндеді ол.

Қоғам күткен өзгеріс

Сарапшылардың пікірінше, Президенттің бұл мәлімдемесі ұлттық компанияларды басқару жүйесіне қатысты жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Қоғам тарапынан көптен бері айтылып келе жатқан артық штат, жоғары жалақы мен төмен тиімділік мәселесі енді нақты реформаларға ұласуы тиіс.

Ұлттық компаниялар - мемлекеттің экономикалық тірегі. Сондықтан олардың ашықтығы, тиімділігі және нәтижеге жұмыс істеуі тек бюджет үшін емес, қоғамдық сенім үшін де шешуші мәнге ие. Ал Мемлекет басшысының сыны бұл салада косметикалық емес, жүйелі өзгерістер қажет екенін анық көрсетіп отыр.

Abai.kz

0 пікір