Дүйсенбі, 16 Ақпан 2026
Болған оқиға 3204 0 пікір 16 Ақпан, 2026 сағат 17:29

Әзілкеш Нұрлан Сабуровтың стратегиялық қателіктері

Сурет: radio1.ru сайтынан алынды.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзілкеш Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеріс бастады, деп хабарлайды еліміздің ақпараттық желілері. Ол хабарды комитеттің баспасөз қызметі растады. ҰҚК Сабуров туралы сұрақтарға «Ақпарат назарға алынды, тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жауап берді.

Осыдан біраз уақыт бұрын, Мәскеуге Дубайдан ұшып келген Н.Сабуровты РФ үкіметі Мәскеу әуежайынан шығармай, кері депортация жасауға әрекеттенді. Бірақ ҚР азаматы болып саналатын Н.Сабуров өз еркімен Қазақстанға ұшып келген еді.

Бір кездері, Ресейде оның аты шыға бастағалы оның кей комикстері қазақтарға ұнамайтыны рас. Сондықтан, Нұрланның Мәскеу түбінде тұратын отбасын қалдырып, соқа басының елге оралуын көпшілік аса ұната қоймады, кейбіреулері үнсіз қалды, аз ғана топ оны жақтап шықты.

Бірнеше күннен кейін ҚР азаматы Марат Тұрымбетов Нұрлан Сабуровтың «архивін» қопарып, ол жерден Н.Сабуровтың Ресейде жүргенде ҚР Қылмыстық кодексінің 170-бабына сай қылмысқа барғаны туралы арызды прокуратураға жолдады. Ол баптың мазмұны мынадай:: («Жалдамалылық») соғысқа, қарулы қақтығыстарға қатыстыру немесе билікті құлатуға, елдің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттер үшін адамдарды жалдау (вербовка), оқыту, қаржыландыру немесе пайдалануды білдіреді. Бұл үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сөйтсек, Нұрлан Сабуров «Ресейге ризамын» дей отырып, бұған дейін : Ресейдің «Вагнер» бөлімшесіне 10 мотоцикл табыстағаны бейнеленген видео тараған екен. Осыған байланысты белсенді М.Тұрымбетов Бас прокуратураға комиктің әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етті.

Айта кетейік, Ресей қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровты Ресейдің Украинадағы АСО (СВО) әрекетін сынағаны үшін, «миграция және салық ережесін бұзды» деген желеумен оған Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен, «салық ережесін бұзуға» ғана «елу жыл» тағайындаған РФ шешімін түсіну қиын. Сірә, соған қарағанда РФ тыңшыларының құлағына әлде Дубайда, әлде басқа жерде Нұрланның СВО туралы жағымсыз айтқан сөздері жеткен болса керек...

Енді, міне, Қазақстанға келсе ‑ мұнда да оның алдынан келесі заң шыға келді... Егер, бейнекөріністегі көрсетілімдер дәлелденіп жатса, онда ол енді ҚР Заңымен келесі жазасын алуы ғажап емес. Сөйтіп, әзілкеш жоғарыда айтқан баптар бойынша 7 не 12 жылдарын  «мемлекет есебінен» күн көріп, темір қақпаның ар жағында өткізуі әбден мүмкін...

Редакциядан: Жалпы, әзілкештің аты әзілкеш қой, олардың айтқан сөзіне жұрт мән бере бермейді. Алайда, бұл жолы сөз емес, сөзбен бірге нақты мотоциклдер тұр. Ал, соғыс жағдайында  ол тек көлік емес, сонымен бірге "қару‑жарақ функциясы» бар мүлікке айналарын Нұрлан ескермеген болуы мүмкін – «СВО көзді ашып‑жұмғанша бітеді» деп жүріп... Бірақ, Нұрланның сорына қарай, оны украин жауынгерлерінің ерлігі болдырмады...

Abai.kz

0 пікір