Қазтаг бас редакторының үйқамақ мерзімі ұзартылды
Алматыда сот «ҚазТАГ» бас редакторы Амир Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын ұзартты. Ол тағы үш айға дейін үйқамақта қалады.
Бұл туралы оның жұбайы Айгүл Касенова мәлімдеді.
– Яғни, қазақтың жаңа жылы – Наурыз мерекесін де ол үйде өткізеді. Сонымен қатар тергеудің үйқамақты ұзарту жөніндегі өтінішінде күйеуімнің бой тасалауы, тергеу барысына қандай да бір кедергі келтіруі немесе заңсыз әрекеттермен айналысуы мүмкін екеніне қатысты дәлелдер жоқ. Ұзартуға себеп ретінде мүлде басқа негіздер – тергеу Амир Қасеновтің қатысуынсыз да жүргізе алатын бірқатар процессуалдық әрекеттер көрсетілген, – деді ол.
Сондай-ақ Қасенова қорғау тарапы үйқамақты ұзарту туралы өтініш беру кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға назар аударғанын айтты. Адвокат Сәлімжан Мусин бұл мәселелерді соттың назарына ұсынған, алайда, оның пікірінше, аталған уәждер ескерусіз қалған.
Әмір Қасенов 23 желтоқсан күні кешке Астанада тергеу әрекеттеріне шақырылғаннан кейін ұсталды. ЖурналистЕсіл аудандық полиция бөліміне жеткізіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Полиция ұстауды растап, тергеудің жеке компанияның бизнес репутациясына зиян келтіретін жалған ақпаратты бірнеше рет таратуы туралы шағым негізінде жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Асет Матаев пен Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының шағымынан кейін күдікті ретінде танылғаны белгілі болды. Оларға ҚР ҚК 274-бабы «жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылуда. Бұған агенттікке жарияланған, өздерін зардап шеккендер деп атаған адамдардың әңгімелері негіз болған.
Abai.kz