Сенбі, 21 Ақпан 2026
Әне, көрдің бе? 111 0 пікір 21 Ақпан, 2026 сағат 13:39

«Донро» доктринасы һәм Орталық Азия

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Трамп билікке келген соң, АҚШ өзін шешім қабылдау орталығы ретінде белсенді түрде көрсетуде. Оңтүстік Америкада «Монро» доктринасын қайта күшейтті.

Бұл «АҚШ-тың ықпал ету аймағы» екенін анық айтуда. Венесуэладағы операция, Кубаны қыспаққа алуы, Мексиканы қысуы мен Панамаға қатысты әрекеті соның көрінісі. Бұны «Донро» доктринасы деп атап жатқандар да бар. Бұл аймақтағы Ресейдің, Қытайдың, Иранның ықпалын азайтуды мақсат ететінін ашық айтуда. Таяу Шығыста да Трамп басты қарсыласының бірі саналатын Иранды қатты қысып жатыр (жақында Иранға қатысты үлкен оқиғалар, шешімдер болуы мүмкін).

Ол әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын өзінің көзқарасына сай қайта құруда. Бұл ретте Трамппен тіл табыса білу маңызды. Орталық Азия елдері Трамп әкімшілігімен жақсы қатынас орнатты деуге болады. Саяси салқындық, қырғи-қабақтық жоқ. Өткен жылдың қарашасында Трамп «С5+1» саммитін өткізді. Аймақ басшыларын шақырды. Ал кеше «Бейбітшілік кеңесі» аясындағы алғашқы отырыс өтті. Қазақстан президенті соңғы 6 айда АҚШ-қа үш рет сапарлап барды. Бір рет БҰҰ жиынына, екі рет АҚШ басшысының шақыруымен екі жиынға қатысты. Қазақстан халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысу арқылы, геосаяси өзгерістерден тыс қалмауға тырысатынын көрсетуде.

Трамптың бастамаларын қолдау арқылы, президент екі ел арасындағы дипломатиялық байланысты арттырып, әріптестік аясын кеңейтуде. Қазіргі қадамдар сол үшін жасалып жатыр. Әлбетте бұл біздің бірқатар көршілерге ұнай қоймас. Қытайдың БАҚ-тары не жазғанын білмедім (қытай тілін білмеймін), бірақ Ресей БАҚ-тары мен арналары «Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ-қа барғыштап кетті» деген сарында бірнеше мәтін жазыпты. Жаза берсін. Ресей мен Қытай көрші, байланыс олармен онсыз да тығыз, ықпалы да шекаралас ел болған соң көбірек. Сол ықпалды балансқа түсіру үшін АҚШ пен Еуропа іспеттес күш орталықтарымен байланысты арттыру қажет. Бұл таразының қос басын тең ұстауға тырысу әрекеті ғой.

Кешегі жиында негізінен Газа тақырыбы қозғалды. Қазақстан президенті Газа аймағын қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан халықаралық деңгейдегі тәжірибелі компанияларды тарта отырып, инфрақұрылымды қайта құруға, тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салуға атсалысуға ниетті. Сонымен қатар еліміз гуманитарлық көмек көрсетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге (бидай, астық, ұн), палестиналық студенттерге білім гранттарын бөлуге дайын екенін жеткізді. 500 студент деп жазды бірқатар БАҚ. Электрондық үкімет саласындағы тәжірибемен бөлісу де ұсынылып отыр екен.

Бірақ Газа тақырыбы әлі де өзекті, әлі де нәзік тақырып. Ұрыс қимылдары тоқтады, бірақ соғыс аяқталған жоқ. Әлі қарусыздану деген аса күрделі процесс бар. ХАМАС пен аймақтағы өзге топтар қаруын тастай ма, жоқ па, ол 60 күннің ішінде белгілі болмақ. Себебі осы аралықта қаруын тастау басталмаса, Израиль ұрыс қимылдарын қайта бастайтынын айтып отыр. Ондай жағдайда қайта қырғын болып, кешегі жиында айтылған әлеуметтік-гуманитарлық ұсыныстардың орындалуы белгісіз уақытқа шегерілуі мүмкін. Ол жақтағы келісімдер әзірге нық емес, қыл үстінде тұр.

Қазақстан осы уақытқа дейін де, қазір де, кейін де бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын сыртқы саясатын көрсетіп келеді. Президент кешегі сөзінде де бұны айтты. Бізге Трамп керек емес (үш жылдан кейін кетеді дегенім ғой), бізге АҚШ керек. АҚШ-пен жылы қатынас, тұрақты стратегиялық серіктестік қажет. Қазіргі әрекеттер сол міндеттерді нығайтуға үлес қосады.

Abai.kz

0 пікір