АЭС құрылысы кешіге ме?!
Ұлыбритания ресейлік "Росатомның" еншілес үш компаниясына санкция салды. Лондонның санкциясына Ресейдің шетелдерде АЭС салу бойынша келісімдері себеп болған.
"Росатомның" санкция салынған үш еншілесінің бірі – Rosatom Energy Projects акционерлік қоғамы. Бұл компания – Алматы облысы Үлкен ауылында салынатын "Балқаш" АЭС жобасын ұйымдастыру және салу жұмысына жауапты мердігер. "Росатом" халықаралық жобаларды осы компания арқылы іске асырады.
Санкцияға іліккен екінші еншілес компания – REIN Engineering. Ол АЭС-тің жобасын және инженерлік қызметін жүргізеді. Ал үшіншісі – Rusatom Overseas де – "Росатомның" шетелдегі жобаларға жауапты еншілес компаниясы.
Қазақстандағы АЭС те оның шетелдік жобалары қатарына кіреді. Бұл санкция арқылы Лондон Ресейдің "Росатом" құрылымдарының қызметіне шектеу қойғысы келеді.
Британия сыртқы істер министрлігі "Росатомға" қарасты үш компания Ресей үкіметінің қызметін қолдап, оған пайда әкелетін іс-әрекеттер жасаған, стратегиялық маңызды салада, атап айтқанда, Ресейдің энергетика секторында бизнес жүргізген, Ресей үкіметімен байланысы бар ұйым ретінде қызмет атқарған" деп мәлімдеді.
Енді бұл компаниялардың Ұлыбританиядағы активтері, яғни банк шоттары, мүліктері бұғатталады. Оны ешкім қолдана алмайды. Оларға тиесілі кемелер Ұлыбритания порттарына кіргізілмейді, ұшақтары Британия әуе кеңістігінде ұша да, қона да алмайды, техникалық көмек көрсетуге тыйым салынады.
"Росатом" – Қазақстандағы "Балқаш" АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциумның жетекшісі. АЭС жобасы бойынша алғашқы жұмыс былтыр жазда басталған. Ал негізгі станцияның құрылысы 2029 жылы басталуы мүмкін.
«Азаттық радиосы» осы мәселеге байланысты энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаевтың пікірін сұраған. Қазақстандық сарапшы:
«Мұнда сұрақ көп. Біріншіден, бұл – Ұлыбритания. Ол тіпті Еуропа одағы да емес. Менің білуімше, қазір консорциум құрамында британдық компаниялар жоқ және шешім қабылдаушылар қатарында да емес. Оның үстіне, ол құрылымдар әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан егер бұл тек "Росатоммен" ынтымақтасатын компанияларға салынған санкциялар болса, олар британдық компанияларға ғана қатысты болады.
Ал егер екінші деңгейлі санкциялар енгізілсе, яғни "Росатоммен", соның ішінде басқа елдердің компанияларымен жұмыс істейтіндерге де санкция салынса, онда бұл әсер етіп, мысалы, "Қазатомөнеркәсіп" "Росатоммен" өзара іс-қимыл жасаса, санкция тізіміне ілігуі мүмкін. Мұның бәрі санкция режиміне байланысты. Қазір әңгіме тек британ компанияларына "Росатоммен" жұмыс істеуге тыйым салу туралы болып отыр.
Қазірдің өзінде "Росатомға" белгілі шектеулерге байланысты Еуроодақтан серіктес табу өте қиын, оған қоса компаниялар өз корпоративтік стандарттарына сай "Росатоммен" ынтымақтастықтан бас тартып жатыр. Екінші үлкен мәселе – жобаны қаржыландыру. Қазір бұл Ресейге өте-мөте қиын. Сондықтан бұл жоба әу бастан-ақ ауыр болды.
Атом станциясы – күрделі жоба, ал оны саяси турбулентті аймақта тұрған серіктестің салуы сұрақ үстіне сұрақ тудырады. Меніңше, атом станциясын Қытайдың салуы әлдеқайда реалистік болып көрінеді. Оның үстіне, екеуі де бір алаңда. Ресей мен Қытай арасындағы белгілі бір бәсекеде, менің ойымша, соңғысы жеңіске жетпек.
Ресейлік жоба жоғарыда аталған себептерге байланысты әу бастан-ақ жағдайы күрделі еді. Ал Қытай жобасы әлдеқайда жеңіл, өйткені оларда бәрі өз қолында: қаржысы бар, технологиясы бар, әрі географиялық тұрғыдан да Қытай бізге жақын» деген ойын айтқан.
Abai.kz