Жұма, 27 Ақпан 2026
Күбіртке 161 0 пікір 27 Ақпан, 2026 сағат 12:21

«Тең» және «қатар» ұғымы бір мағынаны білдіре ме?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Алдымыздағы наурыз айының 15‑күні елімізде конституциялық өзгерістерді қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді деп күтілуде.

Референдумда қазақ тілінің мемлекеттік статусымен бірге, орыс тілінің де мәртебесі туралы сұраққа жауап беруге тура келеді. Онда «орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады» деп көрсетіліп, бұрынғы «тең қолданылады» деген талап алынып тасталды. Не өзгерді?

Қоғамда «қатар» мен «тең» сөзінің синонимдік мағынасы алаңдаушылық тудыруда. Сөз ретінде «қатар» және «тең» ұғымдары мағыналас ‑ ауызекі айтылуында арасына шек қойылмауы мүмкін. Бірақ, осы сөздерді саяси мағынада қолданғанда мүлдем басқа сипатта болатынын біз емес, «Қазақстандағы орыс тілі мәселесін» көзәйнекпен қарап отыруды қалайтын ресейлік саясаткерлер байқап қалып, өз тарапынан шу шығарып жатыр... Олардың айтуынша: «бұрын «наравне» болғанда тереземіз тең еді, енді «наряду» болып, орыс тілі тұғырынан түсіп қалыпты‑мыс».

(21‑ғасырда Ресей сыртқа ықпал ету саясатында өзіне қолайлы бір формула тауып алды, ол – «русский мир» атты ұран. Ол бойынша Ресей әлемдегі шашырап жатқан «орыс әлемінің» қорғаушысы һәм қолдаушысы болуы тиіс екен. Ендеше, қай мемлекет болмасын, онда өмір сүріп жатқан орыс халқының өкілдері тек қана Ресейдің қолдауымен өмір сүреді. Тіл де соның құзырында!).

Әрине, Қазақстан дербес әрі тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің тілдік мәселесін өзі шешеді. Бұл – бізде ғана емес, бүкіл әлемдегі қалыптасқан құқықтық норма. Бірақ, еліміздегі қалыптасқан тілдік диспрапорция жұртты алаңдатуда. Халық мемлекеттік тілдің өз деңгейінде болмай отырғанын «теңдәрежелі» орыс тілі болуымен байланыстырады. Қоғам орыс тілінің басымдығы қазақ тілін шектеп отыр деп санайды. Оны талқылайды.

Сондықтан болар, билік тарапынан алдағы конституциялық өзгерістерге «тең» сөзінің орнына «қатар» сөзін қою ұсынылды. Енді, осының мәнін талдап көрейік, осылай дегенде билік қандай логикаға сүйенеді? Неге?

Неге десеңіз, алдымен, «тең» деген сөздің мағынасы «міндетті түрде қолданылады» деген әрекетке меңзейтінін айту керек. Соған сүйенген кез келген орыстілді қауым өкілдері осы бапты пайдаланып, қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» статусы ролін төмендетуге құқықтық тұрғыда мүмкіндік алып келді. Тіптен, іс қағаздарын мемлекеттік тілсіз‑ақ жүргізу мүмкін болғанын ашық айту керек.

Сонымен берге, «тең» сөзін басшылыққа алған Әділет басқармалары тіркеуге алынған барлық кұжаттардың орыс тіліндегі көшірмесін талап етуді міндетті санады. Сөйтіп, ол «аударма дұрыс емес», немесе, «екі тілдегі нұсқалар сай келмейді» дегендей бюрократиялық қысым жасауға жол ашты, азаматтардың демократиялық тұрғыда дамуын шектеудің қосалқы құралына айналды. Ол бап азаматтардың «тілді таңдау» құқына кедергі болды.

Енді, оның орнына қолданылатын «қатар» сөзінде ондай салмақ болмайды. Өйткені, «Қатар болу» – «тең болу» дегенді білдірмейді.  Ендеше, мұндай жағдайда «қажеттілік туса – қатар болады, қажеттілік тумаса – қатар тұру міндеттелмейді» деген ереже қолданысмқа түсуі тиіс.  Нәтижесінде, басты функция  мемлекеттік тілге жүктеледі... Ал, орыс тілі – талап етілсе – қатар қолданылады...

Бірақ, қоғамдағы сенімсіздік осы жерден туындауда. Өйткені, біздің бюрократия кез келген жағдайда «қатар» сөзін «тең» сөзімен алмастыра салуы мүмкін. Ал оған жол бермеудің тетіктері бізде қарастырылмаған, тіліміз қорғалмаған.

Ендеше, осы екіұдайылықтан арылу үшін, Конституцияда «Іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қажет жағдайда орыс тілінегі нұсқасы қатар қолданыста болады» деген талап енгізілуі тиіс еді. Сонда ғана, Қазақ тілі өзінің конституциялық статусын толықтай атқара бастайды. Бірақ ондай талап жаңа конституцияда көрсетілмеген.

Ендеше, осы талаптың болмауы себепті, Жаңа Констиуция болашақта «орыстілді» мен «қазақ тілді» ортадағы даудың жалғаса берер‑бермесіне кепіл бола алмайтынын байқаймыз. 

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір